Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти

Біз – өткенге салауат айтып, Алланың арайлап атқан әрбір таңынан жақсылық күткен халықпыз. Рухымызды түсірмей, сын сағатында сағымызды сындырып алмауға тырысқан жоралы жұртпыз. Аллаға шүкір, осындай игі ниет пен бірліктің арқасында талай нәубетті кезеңнен аман шығып, қиындықты еңсеріп келеміз.

2020 жыл халқымыз үшін сындарлы кезең болды. Алайда біз бұл сынақтан көп сабақ алдық. Ауыр жыл болғанмен, ауқымды істер атқарылды. Ел басына күн туғанда халқымыз қайырымдылық ісінде бір үйдің баласындай бірігіп, елдігіміз бен ерлігімізді көрсеттік. Жақ­сы істерде жұдырықтай жұ­мы­лып, айналамызға мейірім-ша­па­ғатымызды төктік.

Біз – өткен күнге өкпе жоқ, келер күннен үміт көп деген тә­лім­ді сөзді өмірлік ұстаным еткен ұлтпыз. Расында, адам баласы үмітпен тыныстайды. Үмітпен алға жылжиды. Алла Тағалаға шынайы түрде иман келтіріп, келешекке сеніммен қарау – үміт етудің негізгі шарт­тарының бірі.

Жаратушы Жаббар Иеміз қасиетті Құранның «Зүмар» сүресінің 53-аятында: «Уа, шектен тыс күнә жасап, өздеріне зиян келтірген құлдарым! Алла­ның рақымынан үміттеріңді үз­бең­­дер. Алла күнәлардың бар­­лы­­ғын кешіреді. Өйткені Ол кү­мәнсіз жарылқаушы және өте ме­йірімді» деп баяндаған. Біз бұл аяттан Алла Тағаланың аса Рақымды, аса Мейірімді екенін ұғамыз.

Біз ең әуелі Алла туралы жақ­сы ойда болуымыз керек. Ар­дақты Пайғамбарымыз Мұхам­медтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла туралы жақсы ойламастан араларыңнан ешкім о дүниеге аттанбасын» деген хадисінде көп мағына жатыр.

Өзінің шынайы тақуа­лы­ғымен, діндарлығымен аты шық­қан ғалым Әбу Сәһілдің ерекше нығметке бөленгенін көрген адамдар мұның мәнісін сұраған екен. Сонда ғалым: «Раббым жайлы жақсы пікірде болғанның жемісі» деп жауап берген екен.

Ғалым ибн әл-Уазир: «Ал­ланың мейірімін тілеу – пенде үшін үміт есігін ашады. Оған тағаттана құлшылық етуге күш береді. Нәпіл амалдарды орындауға қуат беріп, ізгі амалдарды жарыса жасауға жігер сыйлайды» деген.

Мұсылман адам күнделікті тір­­шілігінде, құлшылығында, ­қо­ғам мен отбасы алдында жақ­­сылықтың жаршысы бо­ла білуі тиіс. Жақсы ісінен жақ­сылықты үміт етуі керек. Пенде күнделікті ісінен «түк шықпайды, жалықтым» деп болымсыз пиғылда болса, өмірден де жалығып кетеді екен. Алла одан сақтасын! Ал келешегінен жақсылық күтсе, шынында да жақсылыққа қол жеткізеді.

Әйгілі Имам Шафиғи: «Жү­регім қатайып, жолда­рым­ның астаң-кестеңі шық­қан кезде үмі­тімді Сенің кешіріміңе бас­пал­дақ етіп төседім. Күнә­ла­рым көз алдымда қанша ұлғай­ғанмен, Сенің кешіріміңнің қасында түкке тұрмайтынын білдім, Се­нің кешіріміңнің көз жетпес кең екенін көрдім» деп Алла Та­ға­ла­ның ерекше рақымына үміт артқанын айтқан.

Үміт – берекенің, тыныш­тықтың кілті. Алла Тағала адам баласына өмірден күдер үзбей ғұмыр кешуі үшін көптеген нығмет берген. Оның бізге берген нығметтерінің шегі жоқ. Бауыржан Момышұлының: «Үміт өрге тартады, үмітсіздік көр­ге тартады» деген сөзі ойға қа­нат бітіреді.

Бүгінгі таңда түрлі сынаққа душар болып, өмірдің түрлі тауқыметін кешіп отырған жан­дар­ға үміт сыйлау, өмірге деген құлшынысын арттыру, олардың жаны мен тәніне ем болар амал жасау – сауабы мол іс.

Имам Шафиғи: «Қоғамға екі түрлі санаттағы адамдар қажет: біріншісі – дінді сақ­тай­тын ғалымдар, екіншісі – денсаулықты сақтайтын дәрі­герлер» деген екен. Осы ретте сынақ сәтінде адам жаны мен тәніне шипа іздеген дін қыз­меткерлері мен дәрігерлерге айрық­ша алғыс айтамыз.

Алла Тағала елімізге аман­дық, жұртымызға тыныш­тық берсін. Жаңа жылға жоспарлаған мақсат-мұраттарымыз орындалсын. Жаратушы Жаббар Иеміз жер бетінен жұқпалы індетті жойып, жақсы күндерде жолығуды нәсіп еткей. Әмин!

egemen.kz

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38