Адам өмірінде есте қалатын сәулелі сәттер мен ғибратты оқиғалар жиі кездеседі. Әр пенде сол оқиғадан ой түйеді, өмірлік сабақ алады. Елордамызда бес мүфтидің басқосуы осы жылдың есте қалған басты оқиғасы болды деп атар едім. Бұл – мүфтият тарихында қалған сәулелі сәт.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдық мерейтойы аясында мүфтиятты әр жылдары басқарған Рәтбек қажы Нысанбайұлы, Әбсаттар қажы Дербісәлі, Ержан қажы Малғажыұлы, Серікбай қажы Ораз, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бір үстел басында сұхбаттасып, Діни басқарманың болашағы жайлы ой бөлісті. Осы тарихи сәт барша дін қызметкерінің жігерін оятып, тағылымдық тұрғыдан ерекше әсер етті.
Осы сәттің алдында бес мүфти «Бейбітшілік пен рухани келісімді сақтаудағы діни институттардың рөлі» атты халықаралық конференцияға қатысқан еді. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ҚМДБ-ның 30 жылдық меретойына байланысты елордада өткен конференцияға қатысып, мазмұнды баяндама жасаған мүфтилерге ізгі тілегін білдіріп, дін қайраткерлерін ортақ мерейтоймен құттықтап, «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына 30 жыл» мерекелік медальмен марапаттады.
Игі іс-шарада бірінші сөз алған ардагер ұстаз Рәтбек қажы Нысанбайұлы бес мүфтидің бір үстел басында пікір алмасуын тарихи сәтке балап, басқосуға себепкер болған Наурызбай қажы Тағанұлына айрықша алғысын жеткізді.
Сөз тізгінін алған Әбсаттар қажы Дербісәлі дін, ел қамында құрбан болған танымал тұлғалар туралы, дін қайраткерлері жайлы тарихи танымдық кітаптар шығаруды ұсынды. Сонымен қатар мүфтият тарихы туралы зерттеу жұмыстарын бастау қажеттігін жеткізді.
Ержан қажы Малғажыұлы өз сөзінде мәзһабы бір, тарихы ортақ Орталық Азия мүфтилері кеңесін құрып, діни саладағы жұмыс көкжиегін кеңейту туралы ойымен бөлісті.
Серікбай қажы Ораз Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында көтерген жамағат арасында «Ихсан ілімін», ал жалпы халқымызға Абайдың кемел адам концепциясын кеңінен насихаттау, елімізде Ислам академиясын құру, Ислам және теология кітапханасын салу, мешіттердің архитектурасын қазақы салт-санаға сай қалыптастыру туралы бастамаларын қолдайтынын және осы бағытта нақты шешімдер қабылдау қажеттігін айтты.
Басқосуда Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы 30 жыл мерзім ішінде елімізде 2714 мешіт ашылғанын, діни саладағы қызметкер саны 4 мыңнан асқанын, 9 медресе-колледж бен 6 қарилар даярлау орталығының ашылғанын, сонымен қатар «Нұр Мүбәрак» университеті мен Ислам институтының жемісті еңбегінің арқасында кадр тапшылығы толық шешілгенін ерекше атап өтті. Осынау тарихи істерде мүфтилердің сүбелі үлестері мен қолтаңбалары жатқанын жеткізіп, айрықша алғысын білдірді. Әлі де дін қызметінде еңбек етіп келе жатқан ардагер ұстаздарға ілтипатын жеткізді.
2020 жылы діни салада орын алған тағы бір тарихи сәттердің бірі – имамдардың IV республикалық онлайн-форумы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев форум делегаттарына бейнеүндеу жолдады. Қасым-Жомарт Кемелұлының құттықтау сөзі LED экранда бейне жазбада берілді. Мемлекет басшысы ең алдымен форум қатысушыларын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдық мерейтойымен құттықтап, IV республикалық имамдар форумы мүфтияттың ұйымдастырушылық қызметін жаңа бір белеске көтеріп, рухани бастамаларға тың серпін беретінін атап өтті.
Форумда Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ҚМДБ-ның 30 жылдық мерейтойына жолдаған құттықтау сөзін оқып берді. Елбасы форумның жыл сайын өткізілуі қоғамда жақсы дәстүрге айналып келе жатқанына мән беріп, мемлекет тарапынан әрқашан да дін саласына ерекше көңіл бөлінетінін жеткізді.
Мемлекет басшысы мен Елбасының игі тілекпен жолдаған құттықтау сөздері мен жылы лебіздері имамдар форумының мәні мен маңызын арттырып, Қазақстан мұсылмандарының қарашаңырағы – мүфтияттың мерейін үстем етті.
Имамдар форумында діни саладағы жұмысты одан әрі жандандыра түсіп, дін қызметкерінің тұлғалық мәртебесін арттыру мақсатында, сонымен қатар діни рәсімдердің тәртібін қалыптастыру үшін «Ас беру мәдениеті», «Зират және зиярат мәдениеті», «Зияткер имам» тұжырымдамасы құжаттары қабылданды. Аталған құжаттар халқымыздың рухани өміріне оң әсер етіп, нәтижесін береді деген үміттеміз. Ендігі мақсат – осы құжаттарды халыққа жеткізіп, жан-жақты насихаттау.
Басқосуда Мырзатай Жолдасбеков, Өмірзақ Озғанбаев, Әділ Ахметов сынды мемлекет және қоғам қайраткерлері баяндама жасап, қабылданған құжаттар жайлы ойларын ортаға салды. Мінберде сөз алған мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтың: «Мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұйымдастырған имамдар форумына бірнеше рет қатысып келе жатқан жанның бірімін. Бұл жолы да тарихи іс-шараның куәсі болып отырмын. Бұл – мен үшін үлкен мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Мәртебе дейтінім, имамдарға көрген-білгеніңді айтып, ақыл-кеңесіңмен бөлісіп, олардың батасын алу – кімге болсын бұйыра бермейтін бақыт. Ал жауапкершілік дейтінім, Діни басқарма көтерген мәселеге үн қатып, қолдау білдіріп, оны халыққа жеткізу – ел болашағын ойлаған барлық азаматқа аманатдеп айтар едім. Өйткені, имамдар форумында халыққа қажет болған құжаттар қабылданады. Жалған намыс жарға жығар дегенді ел түсінсе деймін. Оның үстіне мынау жаман індет кезінде жұртты жиып, аста-төк ас берудің өзі карантин талабына қайшы. Ал ысырапқа жол беру – шариғатқа қайшы. Сондықтан бұл құжатта жазылған дүниелер қай жағынан болсын қисынға келеді» деген сөздері көпшілікке ой салды.
Қорыта айтқанда, бес мүфти басқосуы мен имамдар форумы еліміздегі барша дін қызметкеріне жігер сыйлап, жаңа 2021 жылда атқаратын жұмыстарымызға серпін берді. Алла Тағала еліміз бен жерімізге жақсылығын нәсіп еткей. Әмин!
Бақдәулет НҰРМАТҰЛЫ,
Шымкент қаласының бас имамы