С: Құран оқушылардың тиләует кезінде сәжде жасап жатқандарын көреміз. Бұл сәжде қалай аталады?
Ж: Бұл тиләует сәждесі деп аталады. Тиләует сәждесі бар аятты оқыған, естіген адамға жасауа уәжіп сәжде.
С: Мұндай сәжде аяттары Құран Кәрімнің қай сүрелерінде бар?
Ж: Құран Кәрімнің он төрт жерінде сәжде аяттары бар. Олар:
1. Ағраф сүресі, 206-аят.
2. Рағыд сүресі, 15-аят.
3. Нәхл сүресі, 49-аят.
4. Исра сүресі, 107-аят.
5. Мәриям сүресі, 58-аят.
6. Хаж сүресі, 18-аят.
7. Фурқан сүресі, 60-аят.
8. Нәміл сүресі, 25-аят.
9. Сәжде сүресі, 15-аят.
10 Сад сүресі, 24-аят.
11. Фуссилат сүресі, 38-аят.
12. Нәжім сүресі, 62-аят.
13. Иншиқақ сүресі, 21-аят.
14. Ғалақ сүресі, 19-аят.
Сәжде аяттарын қарилар жақсы біледі және Құран Кәрімде арнайы белгілермен белгіленген.
С: Егер имам сәжде аятын оқыса ұйып тұрғанға сәжде ету уәжіп бола ма?
Ж: Егер имам сәжде аятын дауыстап не жасырын оқыса өзі де, артында ұйып тұрғандар да тиләует сәждесін жасаулары қажет.
С: Ұюшы сәжде аятын оқыса өзі де, имам да тиләует сәждесін жасаулары керек пе?
Ж: Жоқ. Ұюшы оқыса екеуіне де сәжде жасау керек емес.
С: Намаз оқып тұрғанда намаздан тыс бір кісі сәжде аятын оқыса сәжде жасау керек пе?
Ж: Намаздан кейін сәжде жасау уәжіп болады.
С: Намазда жасаса болмай ма?
Ж: Намазда жасауына болмайды.
С: Осылай жасаса намаздары бұзыла ма?
Ж: Жоқ. Намаздары бұзылмайды.
С: Бір кісі намаздан тыс тиләует сәждесін оқып, бірақ сәжде жасамай намазға тұрып, намазында сол аятты оқып тиләует сәждесін жасаса, осы сәжде екі оқуына да жарай ма?
Ж: Егер бір уақытта болса жарайды.
С: Ал, керісінше, бір кісі сәжде аятын намаздан тыс оқып, тиләует сәждесін жасап, кейін намазға тұрып сол аятты оқып, бірақ тиләует сәждесін жасамаса алғашқы жасаған сәждесі жеткілікті бола ма?
Ж: Жоқ. Бірінші жасаған сәждесі жетуілікті емес. Екінші сәждесін жасау керек.
С: Егер бір сәжде аятын бірнеше рет оқыса бір рет жасаған сәждесі жеткілікті ме?
Ж: Бір мәжілісте оқыса бір сәжде жетеді. Бірнеше уақытта оқыса бірнеше рет жасау ләзім. Сол сияқты бір уақытта бірнеше сәжде аяттарын оқыса әрқайсысына сәжде жасауы керек.
С: Тиләует сәждесі қалай жасалынады?
Ж: Қолын көтермей тәкбір айтып, бір рет сәжде жасайды. Сосын тәкбір айтып басын көтереді. Басқа қимыл жасамайды.