С: Орнынан тұра алмайтын ауру намазды қалай оқиды?
Ж: Отырып, рукуғ, сәжде жасап оқиды.
С: Егер рукуғ, сәжде жасай алмаса ше?
Ж: Рукуғ пен сәждеге ишаратпен оқиды. Сәждеге еңкейгенде рукуғтан гөрі көбірек еңкейеді. Сәжде жасау үшін маңдайына бір нәрсені көтеріп апаруына болмайды.
С: Егер отыра алмайтын болса не істейді?
Ж: Шалқасынан жатып, аяқтарын құбылаға беріп, басының астына жастық секілді нәрсе қояды. Осылайша шалқасынан жатып, жүзін құбылаға қаратып, рукуғ пен сәждені ишаратпен оқиды.
С: Бір жамбастап жатқан ауру қалай оқиды?
Ж: Бір жамбастап жатқан ауру кісі жүзін құбылаға қаратып, ишаратпен оқуына болады.
С: Егер басымен ишарат жасай алмаса көзімен, қасымен, жүрегімен ишарат етіп оқи ала ма?
Ж: Ишаратты тек басымен ғана жасайды. Егер басымен ишарат етуге жарамаса намазын кейінге қалдырады.
С: Орнынан тұруға, яғни, қиямға әлі жетіп, рукуғ пен сәжде жасай алмайтын науқас қалай намаз оқиды?
Ж: Мұндай уақытта орнынан тұру шарт емес. Дұрысы – отырып ишаратпен оқу. Тік тұрып, ишаратпен оқыса да болады.
С: Намазды сау болып бастап, намаз үстінде ауырса әрі қарай қалай жалғастырады?
Ж: Рукуғ, сәжде жасап, отырып оқиды. Рукуғ пен сәждеге күші жетпесе ишаратпен оқиды. Оған шамасы жетпесе шалқасынан жатып ишаратпен оқиды.
С: Намазды отырып оқып жатқан науқас жазылып кетсе басынан қайта бастай ма?
Ж: басынан бастамайды. Қалғанын тұрып оқиды.
С: Намазын ишаратпен бастап, кейін рукуғ, сәжде жасауға шамасы жеткен науқас та намазын жалғастыра бере ме?
Ж: Намазын жалғастырмайды. Басынан бастап қайта оқиды.
С: Есінен танған кезінде өтіп кеткен намаздарын қалай оқиды?
Ж: Қаза болған намаздар бес не одан да аз болса сауыққан соң қазасын өтейді. Ал, егер одан көп болса қазаларын өтемейді.