С: Намаз оқушы намазында қателессе не істеуі керек?

Ж: Намазда төмендегі қателіктер орын алса, соңғы тәшәһһудтен соң екі рет сәһу сәждесін жасап сәлем береді, сосын тағы да тәшәһһуд оқып, соңғы сәлем береді:

– бір істі екі рет қайталаса, мысалы, екі рет рукуғ жасаса;

– бір істі, мысалы, Фатиханы не қосымша сүрені, бірінші отырысты не тәшәһһудті, Құныт дұғасын не айттағы тәкбірлерді тастап кетсе;

 – имам жасырын оқитынды дауыстап, дауыстап оқитынды жасырын оқыса.

С: Имам сәһу сәждесін жасаса жамағат та жасауы керек пе?

Ж: Имам қателессе өзіне де, жамағатқа да сәһу сәждесін жасау уәжіп.

С: Имам қателесіп, бірақ сәһу сәждесін жасамаса, ұюшының не істеуі керек?

Ж: Имам сәһу сәждесін жасамаса ұюшы да жасамайды.

С: Ұюшы кісі қателессе сәһу сәждесін жасай ма?

Ж: Жоқ. Имам да, ұюшы да сәһу сәждесін жасамайды.

С: Бір кісі үш немесе төрт рәкәғатты намазда бірінші отырысты қалдырып кетіп кейін есіне түссе не істеуі керек?

Ж: Мұндай кезде өзінің халіне қарайды. Егер отырысқа жақын халде болса отырып, намазын аяқтайды, сәһу сәждесін жасамайды. Ал, егер қиямға тұрып кеткен соң есіне түссе, қайтып отырмайды. Намазының соңында сәһу сәждесін жасайды.

С: Егер соңғы отырыста қателессе не істейді?

Ж: Төрт рәкәғаттық намазда соңғы отырысты ұмытып, бесіншіге тұрып кетсе, сәжде жасамаған жағдайда қайта отырып, намазын аяқтайды. Соңында сәһу сәждесін жасайды.

С: Ал, егер бесінші рәкәғаттың сәжделерін жасап қойған болса ше?

Ж: Намаздың негізгі парыздарының бірі – соңғы отырысты тастап кеткендіктен парыз болса бұзылады. Бұл намазын алты рәкәғат етіп оқып, нәпіл ретінде аяқтайды.

Ескерту:Екі немесе үш рәкәғат намаздарда соңғы отырыста қателесудің үкімі де осылай.

С: Төртінші рәкәғаттың отырысына отырып, тәшәһһудті оқып болған соң екінші рәкәғат деп орнынан тұрып кетсе не істейді?

Ж: Бесіншінің сәжделерін жасап қойған болмаса орнына қайта отырып, намазын сәһу сәждесімен аяқтайды.

С: Ал, егер бесінші рәкәғаттың сәжделерін жасап қойған болса ше?

Ж: Онда тағы бір рәкәғат қосып алты рәкәғат етіп аяқтайды. Сәһу сәждесін жасайды. Сонда төрт рәкәғаты парыз, екі рәкәғаты нәпіл болып есептеледі.

С: Намаз үстінде үш рәкәғат оқыдым ба, әлде төрт рәкәғат оқыдым ба деп күмәнданса не істейді.

Ж: Мұндай жағдайда бұрын басынан өтпеген болса намазын қайтадан оқиды. Ал, егер көбіне осылай күмәнданатын болса, өзінің күмәні басым жағына қарап, әрбір рәкәғаттан соң отырыс жасап, соңында сәһу сәждесімен аяқтайды. Егер қайсысы дұрыс екендігін мүлде ажырата алмаса, ең азын негізге алып аяқтап, сәһу сәждесін жасайды.

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38