Kenesti kimnen surauim kerek

Kenesti kimnen surauim kerek

Әлемдердің Раббы, Алла Тағала бүкіл жаратылысты белгілі тәртіппен жаратты. Әр нәрсенің өзіндік жүйесі, бағынуы тиіс басшысы бар. Ал, оның ішінде жер бетіне Өзінің орынбасары етіп жіберген адам баласының алар орны ерекше. Адамды Алла ақылмен ардақтаған. Ой, сана, сезім берген. Жер бетіндегі қалған күллі жаратылысты адамға бағынышты етіп зор мүмкіндікке ие қылған.
Ойланып көріңізші, біз ешкім, тіпті ештеңе емес едік қой. Алла бізге жарық дүниені нәсіп етті. Кешегі анамыздың құрсағында жатқан кезді бір еске алайықшы. Әуелі су, кейін ұйыған қан, одан соң бір кесек ет, артынша ол етке сүйек беріп оны қайтадан етпен қаптап жетілдірген кім? Жансыз жатқан шағыңда бойыңа жан бітіріп тәніңе қан жүгірткен кім еді? Кейін өмір сыйлап, өміріңе мән берген кім? Өсірген, бала-шаға берген, ризық-несібе, жұтарға ауа, күн мен түн, жеті қат аспанды төбемізге қорған қылған кім? Ол – аса Қамқор, ерекше Мейрімді, жалғыз Жаратушы Алла!
Алайда адам баласы пендешілік қылып өзін жоқтан бар еткен, асыраған, қамқорлық қылған Ұлы Жаратушысын естен шығарып, Одан бет бұрып, айтқандарын орындамастан өмір сүріп жатады. Тіпті, Жаратушы иемізді тануғада талпынбайды. Танымағандықтан қорқпайды, қорқпағандықтан ойына келгенді жасап, Оның үкімдерін тәрк етеді. Алланың бар екендігін, бір екендігін білетініміз рас, бірақ оны танымаймыз.
Расында Аса құдіретті Алла кім? Оны қалай тануға болады? Алла Тағала пендесін жаратып қана қойған жоқ, сонымен қатар оларды жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыятын елшілерін жіберді. Елшілердің келуі арқылы Раббыларын танымаған адамдар Оны таныды, ұмытқандар еске алды, қарсы келгендер өз пікірлерінен кері қайтып, тура жолға оралды. Әйтсе де, олардың кейбірі Аллаға қарсылығын еш тоқтатпай, Оның азабына ұшырады. Алла өз елшілерінің соңы – Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) болуын қалады. Бүкіл елшілер өз қауымдарына ғана жіберілген болса, Мұхаммед пайғамбар қиямет күніне дейін жасайтын барша қауымдарға жіберілді. Сол себептен, оның елшілігі – бүкіл кәміл сипаттарға ие әлемдік елшілік. Алла қиямет күніне дейін жарататын бүкіл құлдарына осы дінмен ғана разы болды. «..Бүгін сендерге діндеріңді толықтырдым әрі сендерге (Исламның кәмілдігімен) нығметімді кәміл еттім және сендерге Ислам дінімен разы болдым»[1]. Ислам діні бір Алланы тануға Оған ғана құлшылық қылуға шақырады. Бүкіл пайғамбарлар мен елшілер қауымдарын тек қана осы ақиқатқа шақырған еді. Құлшылықтың кең мағынадағы мәні – адам әлемі, мейлі жеке тұлға болсын, қоғам немесе мемлекет болсын, бүкілі Алланың ұнатқан тәртібімен ғана өмір сүру дегенді білдіреді. Көктер мен жер арасындағы бүкіл билік және бұйрық Алланың Өзіне ғана тән. Адам баласының қай ұлты болмасын осы тәртіптің аясында жүруі үшін ғана жаратылды. Жаратушы Иеміз өзінің елшісі Мұхаммедке (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) құран түсіру арқылы осы тәртіппен жүрудің үлгі-өнегесін үйретті. Ендеше құдіреті шексіз Алланы құран арқылы ғана таниды екенбіз. Ал кімде-кім құранды танымаса, ол ешқашан Алланы танымайды.
Кейде адамдар Алланы, құранды, исламды танымай жатып-ақ жалпақ сөйлейтін болды. Дегенмен бұлай жасау Жаратқанға жақпайтын іс. Адамдардың бұндай жағымсыз қылықтарын оларға тек исламның құндылықтарын үйрету арқылы ғана тоқтата аламыз.
Ал, ол құндылықтарды кім үйретеді? Бұл өте маңызды сұрақ. Жастарымыз бен жақындарымыздың жат пиғылды ағымдардың жетегінде кетпеуі үшін асыл дініміздің тағлымын кімнен үйренетіндігіміз өте маңызды. Бұл күндері елшілер мен пайғамбарлар жоқ. Алайда олардың мирасқоры, сүннетін жеткізуші имамдар бар. Имам – Алла елшісінің міндетін жалғастырушы бірінші адам. Сол себепті де, дін тұрғысынан қандай да бір сұрақ туындаған болса ҚМДБ (муфтият) арнайы бұйрығымен қызмет атқарап отырған мешіт имамдары және ұстаздарынан ғана сұраған жөн. Егер сауалыңызды электронды түрде сұрағыңыз келсе, онда fatua.kz сайтына жолдасаңыз болады. Себебі мешітке келушілер қатарында сенімі басқа, дәстүріміз бен мәдениетімізге жат идеологияны жайып, ел арасына алауыздық салып жүргендер де бар екенін ұмытпағаныңыз жөн. Сол секілді неке, талақ, жаназа сынды шариғи мәселелер төңірегіндегі кез-келген сұрақтарыңыз болса арнайы имам-молдалардан сұрауға кеңес береміз.
Имам дегеніміз ол – өнеге тұтылатын адам. Аллаға шүкір елімізде талмай қызмет жасап келе жатқан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бар (ҚМДБ). Құрметті мүфти, Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің бастамасымен бүгінде ғұламалар кеңесі құрылды. Өзекті шешімі қиын не қилы мәселелер ортаға салынып оң жауабы халыққа ұсынылып келеді. Қазіргі таңда муфтият (ҚМДБ) «Насихат жетпеген жер қалмасын» ұранымен уағыз-насихат тобын (РАНТ) құрып халықтың көкей-кесті сұрақтарына жауап беріп исламның тағлымдарын танытып келеді.
Егер ұрпағым адаспасын десеңіз, әуелі оған ата дініміз исламды танытыңыз, себебі ислам ол – Құран, ал Құран – аса Құдретті Алланы танытар бірден-бір ақиқат кітап. Ал, кім Алланы дұрыс таныса, ол ешқашан адаспайды.

 

Ардақ Нүсіпханұлы,
Талдықорған орталық«Иман» мешітінің наиб имамы

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38