Шымкент қаласының «Көрме» орталығында Республикалық «Біз біргеміз» қайырымдылық акциясына үлес қосқан ерікті топ мүшелерін марапаттау шарасы өтті. Акцияға белсене атсалысып, «Халық алғысы» мерекелік медалімен марапатталғандардың қатарында Шымкент қалалық мешітінің іс басқарушысы Азамат Әбдікерімұлы да бар.
Өздеріңізге белгілі, әлемге дүрбелең салған жұқпалы індетке байланысты төтенше жағдай кезінде «Біз біргеміз» акциясы ұйымдастырылып, көмекке мұқтаж азаматтарға түрлі бағыттар бойынша қайырымдылықтар жасалды. Әрине, осында қиын-қыстау кезінде ерікті топ мүшелерінің атқарған жұмыстарын ерлікке пара-пар деуге болады. Міне, осындай азаматардың еңбектерін ескеріп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы Жарлығымен еліміздегі әр аймағындағы бірқатар азаматтар марапатталды.
Қайырымдылық шараларда белсенді іс атқарған әрі еріктілер тобының мүшесі, Шымкент қалалық мешіттің іс басқарушысы Азамат Әбдікерімұлы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 14-қыркүйектегі Жарлығы бойынша «Халық алғысы» мерекелік медалімен марапатталса, Президент аманатын Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Жанар Бектаева табыс етті.
Айта кету керек, жуырда ерікті топ мүшелерінің еңбектерін ескеріп, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Шымкент қаласындағы бірқатар мешіт имамдары мен ерікті топ мүшелеріне ризашылығын білдіріп, алғыс хатын жолдаған болатын.