АДАМ МЕН АРА

Алла Тағала Араның Аллаға адалдығы жайлы Құранда былай дейді: «Мұхаммед! Раббың араға: «Тауларға, ағаштарға және адамдар жасаған күркелер мен омарталарға ұя жасап ал!» – деп нұсқады (Жаратылыс қабілет берді). «Содан кейін түрлі жемістермен қоректеніп (жиған қоректерімен) Раббыңның сен үшін қолайластырған (яғни жеңілдетіп қойған ұяңа жеткізетін) жолына түс!». Араның қарынынан түрлі-түсті бал шығады. Онда адам баласы үшін шипа бар. Шынында мұнда да терең әрі жүйелі түрде ойланатын қауым үшін анық белгі ғибрат бар». («Нахл» сүресі, 68-69 аяттар).

Құран сананы сілкіп, үнемі зерделеуді талап етеді. Құран адамзатқа адалдықтың нұсқасы ретінде қарапайым араны нұсқап отыр. Араның Аллаға деген адалдығын зерделей білсек, таңдай қақтырады. Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылман (яғни Аллаға адалдық танытып жүрген жан) араға ұқсайды, ол тек таза нәрсемен қоректенеді, тек соңынан таза нәресені қалдырады» деуі (Ибн Хиббаннан келген риуаят) бекер болмаса керек.

Аятта айтылғандай, ара уахимен ғана өмір сүреді. Оның тыныс-тіршілігі Алланың разылығын іздеумен тығыз байланысты. Алланы таныған мұсылман баласының өмірі де осы ұстынға негізделгендіктен, біз де ара тәрізді Аллаға адалдық танытуымыз керек. «Ұғынғанға жапырақ та ұстаз» дегендей адалдықтың таразысы ретінде қарапайым араны өзімізге ұстаз тұтып көрейік.

Ара – табиғаты жұмбақ жаратылыс. Адамзат тарихындағы Алла елшісі мен оның соңынан ілескен әулиелердің іс-әрекеттерін көп адам тірі кезінде түсіне алмағаны сияқты араның ісін де барша адамзат ұғына бермейді.

Ара таза ризықпен ғана қоректенеді. Ол лас, улы, пайдасыз өсімдіктерге жоламайды. Өйткені ол Аллаға құлшылығын кемел атқарады. Құранда уахи етілгендей, Алла адамға да адал әрі таза нәрселерді жеуді бұйырады. Сол секілді жер бетіндегі барлық улы, зиянды заттарды харам етті. Харамның аз ғана санын түстеп санап беріп, қалғанын ақылымызға салып, зияны болса ішпе, жеме деп тыйым салды. Ал адам керісінше, ара құрлы адалдық қыла алмайды. Өміріне зиянды арақ, темекі, есірткі т.б адамды есінен айыратын заттарға әуес болды.

Ара өсімдік тозаңын ішеді, жейді, бірақ шашып төкпейді. Ал адам алдындағы адал асын шашып жейді. Араға берілген уахи адамға да берілген. Алланың Құранда «Ішіңдер, жеңдер, бірақ ысырап етпеңдер» деген бұйрығы бар. Ол бұйрықты қалтқысыз орындаған адам сирек. Абай тілімен айтқанда, иттікпен мал тауып, онысын иттікпен жұмсайды. Бос мақтан, арсыз атақ үшін мал шашады. Бірақ жоқ-жітік, жетім-жесірдің жағдайына қараспайды. Әлбетте Алла Құранда осындай кісілерге сөгіс берген.

Ара гүл тозаңымен қоректенеді. Гүлдің шырынын сорып алса да, оған зиянын тигізбейді. Тіпті ара гүлге толық салмағын салмайды екен. Ол қанатын қағып ұшып тұрған күйі гүлдің шырынын сорады. Әйтпесе оның салмағы гүлдің жапырағынан ауыр болғандықтан, сабағын сындырып жарамсыз етіп тастар еді. Ал адам Алланың қадірлі жаратылысы болса да, аманатқа көпе-көрнеу қиянат жасайды. Жер жүзін түрлі лас нәрселермен былғап, табиғаттың түбіне жетеді.

Ара ешуақытта біреудің несібесін жемейді. Яғни басқа ара қонғысы келген гүлге қонбайды. Бұл іс те адамзатқа уахи етілген. Ардақты Пайғамбарымыздың бұл жайлы көптеген хадисі бар. Мысалы, сауда үстіне сауда жасамау, біреу айттырып жүрген қызға құда түспеу, т.б. Адамзат керісінше ара құрлы бірін-бірі қадірлей алмайды. Дау-дамай, талас-тартыс бәсекеге түсу, бірінің асын бірі тартып жеу әдеті өршіп барады.

Ара өзіне қалаған жақсылықты өзгеге қалайды. Араның билейтін өз биі болады. Ол сол биі арқылы шырынды жемістердің кординаты мен бағытын белгілейді. Яғни өзімшіл тіршілік етпейді, өзіме болған игілік өзгеге де болса екен дейді. Қалған аралар осы кординаттар арқылы бал жиып, еңбегі өніп жатады. Ал адамзат керісінше, Алланың ардақтаған пендесі бола тұрса да ара секілді ауызбіршілік таныта алмай жатады.

Арадан тек жақсылық жасағысы келеді. Адамдар араның балы ғана пайдалы деп ойлайды. Арадан шыққан нәрсенің барлығында адам үшін шипа бар. Балдың өзі шипа. Тіпті араның уы да шипа. Бірі вирусты жойса, екіншісі иммунитетті қуаттайды. Тағы бірі көзге, теріге және тіске пайдалы. Адам да ара секілді пайдалы болуы тиіс. Сол үшін де асыл Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылманды өсімдіктен құрмаға, ал жәндіктен араға теңейді. Аралар өте тәртіпті, ұйымшыл. Араларда жікшілдік, тәртіпсіздік деген болмайды.

Әр ара өз орнын біледі. Аталық, аналық аралар ұрпақ өсірсе, жұмысшы аралар бал тасиды. Араларында міндетсіну, тапқа бөліну, алауыздық болмайды. Егер адамзат араның осы ұйымшылдығын өзіне ғибрат етсе, жер жүзінде бұзақылық, соғыс атаулы болмай, Алла сүйген жаратылысқа айналар ма едік…

Аралар керемет ұжым бола тұрса Алла үкімінен бір сәт ажырамайды. Өмір бойы Аллаға адал болудың жолын іздейді. Сол үшін де Құранда араларға пәрмен беріп, адалдықтың жолын нұсқағанын білдіреді.

Біріншіден, аятта ұя салуды тапсырады, тауды, ағашты меңзейді. Осы жерде қосымша «күркелер мен омарталарды» нұсқайды. Егер Алла мұны айтпаса, аралар адамдардың қолына көндікпес еді. Ара балы қолжетімді болмас еді. Ара балы алтынмен тең дүние болар еді, не адамдар араларға зиян ғылып, балын алар еді.

Екіншіден, Алла Тағала аятта араға гүл тозаңын қоректенудегі мақсатын білдірген. «Мен ардақтаған адам сен жинаған балды жеп кеселіне шипа тапсын» деп бұйырған. Ара сол үшін күндіз-түні дегбір таппай шипалы өсімдіктер іздеп әлек болады. Адам топырақтан жаралып, жер жынысынан өсіп-өнгендіктен ауруы да, шипасы да жерден болуы заңдылық. Ал адам ауруының шипасын табуға қабілеті жетпейді. Сол үшін де өсімдіктен дәрі жасап, оны тәттіге айналдырып беруді Алла араға міндеттесе керек. Бұл да түсіне білген кісі үшін Алланың қамқорлығы.

Үшіншіден, Алла араға қарапайым болуды нұсқайды. Шынында аралар Алланың алдында өзін қор сезінеді. Бейне бір ешқандай іс атқарып жүрмеген секілді.

Алберт Энштейн бір сөзінде: «Егер жер бетінде аралар болмаса, тіршілік төрт жылдан артық өмір сүрмес еді» дейді. Сөзінің жаны бар. Ара тек гүл тозаңын жинаумен ғана айналыспайды. Ол бүкіл өмірдің үйлесімін реттейді. Өйткені оның бұл өмірге алғаннан гөрі берері көп екен. Алда-жалда жер бетінде аралар жойылып кетсе, азық-түліктің 90 пайызы құнарын жоғалтады. Олардың өсуі шегеріліп, аштық орнайды. Өйткені ара өсімдіктердің тозаңдауына тікелей дәнекер. Тіпті адам қолдан жылыжай соқса да, оның ішіне ара кіргізбесе, өнім бермейді. Мақтаның өсіп-өнуіне де ара себепкер. Ал мақтасыз адамзат киім тіге алмайды. Демек ара болмаса біздің жартылай жалаңаш қалу қаупіміз басым. Аралардан бөлінетін түрлі дәрумендер жеміс-жидек пен азық-түлік арқылы адам ағзасына түседі. Адам сол дәрумендер арқылы ұрпақ жалғастырып, ауруға төтеп бере алады. Ал аралар жойылып кетсе, адамзаттың имунитеті әлсіреп, өсуі тоқтап, өлім көбейеді. Тіпті алдын алмаған жағдайда адамның өмір сүруі тоқтайды десе де болады.

Осынша ұлан-ғайыр қайырымдылық істерді тыңдырып жатса да, ара өз қарапайымдылығын сақтайды. Аллаға құлшылығын айтып міндет етпейді. Аз ғана өмірін тек Алла разы болса екен деген мақсатпен өткізеді. Алла Құранда осыны меңзейді. Тіпті Құранның бір сүресі «ара» деп аталады. Ол – Меккелік сүрелердің бірі «Нахл» сүресі. Мекке дәуірі Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өте көп жәбір көрген кездері еді. «Нахл» сүресін басынан-аяқ оқып отырсақ, Алла көп аятында өзінің адамзатқа қамқорлығын, адалдығын айтумен болады. Осынша толассыз жасаған жақсылыққа адамзаттың берер жауабы адалдық қана еді. Ал адалдықты адам өз ойымен емес, Алла ұнататын жолмен атқаруы міндетті еді. Ол бір қиын іс емес, жіберген елшісіне ілесіп, қарапайым уахимен өмір сүру еді. Бірақ мүшріктер Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) зәбір беріп, оны мазаққа айналдырды. Осы сәтте Алла Тағала «Нахл» сүресін түсіріп, оларға қарапайым араны мысал етті. Бәлки, ұялып елшісін ардақтар, кішкене жәндік құрлы Аллаға адал бола алмадық деп қымсынар деді. Бірақ көкірегі соқыр адамдар: «Сен неге бізге шыбын-шіркей, ұсақ-түйек жәндіктерді мысал ете бересің?» – деп көлгірсіді. Ал асылында адам осы кішкене араның ісін істей алмайды…

Қазіргі уақытта да адамдар араның тыныс-тіршілігін зерттеп әлек. Зерделеген сайын оның ісіне таңғалып, тәнті болып жатады. Балын жеп, қызығын көреді. Бірақ ешкім араның не үшін бұлай аласұрып жүргеніне бас қатырмайды. Ара аятта айтылғандай, Аллаға қалай адал болудың жолын нұсқап жүр. Сондықтан да араның өмірінен ғибрат іздеуіміз қажет. Ара секілді Алла алдында өзімізді қарапайым сезініп, істеген әр ісімізбен тек Алла разылығын көздеуіміз керек.

Алмаз КЕНЖЕМОЛДАЕВ,

«Тектұрмас» мешітінің имамы.

Тараз қаласы

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38