Ислам діні отбасылық өмірге көп көңіл бөледі. Жалпы, дінімізде неке – екі жүректің қасиетті одағы, сенімділіктің бастауы. Жанұяда ең әуелі сенім мен сезім, сүйіспеншілік пен сыйластық болса, жұбайлардың шырайы артып, қандай жағдайда болмасын өмірдің ащысы мен тұщысын, суығы мен ыстығын, қайғысы мен қуанышын бірге бөліскендіктен, тауқыметтің тәлкегі еш ауыр келмейді. Алла Тағала осы жайлы Құранда былай дейді: «Алла бір-біріңмен өмір сүрулерің үшін өздеріңнің араларыңнан сендерге жұбай жаратқан және араларыңа махаббат пен рахымдылық сыйлап қойған»[1].
Дана халқымыз «Жақсы болса, алғаның – есіктегі басыңды төрге сүйрейді, жаман болса алғаның – төрдегі басыңды есікке сүйрейді» деп, ер-азаматтың еңсесі биік болуының бір себебін жұбайының жақсы болуымен байланыстырады. Демек, жанұя бақытына кенелгісі келген азамат үшін алғашқы қадам – жақсы жар іздеу. Бұл жайлы Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ер кісі әйел затына төрт ерекшелігі үшін некеленеді. Дүние-мүлкі, тектілігі, сұлулығы және діндарлығы үшін үйленеді. Сен бұлардан діндар болғанын таңда, үйің берекеттенсін» деп өсиет қалдырған.
Қазіргі таңда жанұя құрғысы келген жастар, көбінесе, әйелдің сұлулығы мен дүниесіне қарайды. Бұлардың уақытша екенін аңғара бермейді. Егер ерлі-зайыптылар өмірлерін дүниеге, ойын-сауыққа негіздеп үйленсе, бір-біріне деген махаббаты қу дүниеге ауып, ақырында ажырасып тынуы әбден мүмкін. Сондықтан да ер кісі өмірлік жан-жарын, дүниедегі сүйіктісі мен сырласын таңдауда, аяғын шалыс баспай табуы тиіс. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әрбірің шопандай жауапкерсіңдер. Баршаң да қарамағыңа жауаптысыңдар … Ер адам – отбасына жауапты. Әйел – отбасы, ошақ қасына, ерінің меншігіне жауапты…»[2], – деп насихаттайды.
Ислам діні ер кісіні, ең әуелі, отбасының намысын қорғау, әйелінің, бала-шағасының напақасын тауып беру, үйге қажетті нәрселерді және сыртқы ауыр немесе жеңіл істердің барлығын қамтамасыз етуді міндеттейді. Өйткені, Құранда: «Ананың тиісті қорегі мен киімі баланың әкесіне жүктеледі»[3], – делінген.
Бірде Муғауия бин Хайда (р.а) есімді сахаба Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Уа, Расулалла! Әйелдердің біздің мойнымыздағы ақысы не?» – деп сұрағанда, оған Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):«Ішіп-жегенің сияқты оны да ішіп-жегізесің, киінгенің сияқты оны да киіндіресің, сосын істегендеріңді еш міндетсінбейсің», – деген екен.
Ал, әйел заты әуелі күйеуіне бағынуы, яғни итағат етуі тиіс. Содан кейін өз намысын, бала-шағасы, үйі мен мал-мүлкін қорғап отыруға міндеттеледі. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әйел бес уақыт намазын оқыса, рамазан айында оразасын тұтса, ар-намысын қорғап және күйеуіне бойұсынатын болса жәннәт есіктерінен қалағанына кіреді», – деген хадисінде әйелдерді жәннатқа жетелейтін амалдардың бірі – күйеулеріне бой ұсыну екені анық айтқан. Ал, мына бір хадисте: «Егер адамның басқа бір адамға сәжде етуін қаласам, әйелінің күйеуіне сәжде етуін қалар едім», – деген. Бұл сөздердің барлығы да жұбайының үйде басшысы екенін қабылдағысы келмейтін, өз күйеуін менсінбейтін, айтқан сөзін құлаққа елең қылмайтын, тәкәппар әйелдерге айтылған ескерту болса керек.
Қасиетті Құран Кәрімде: «Ер кісілер – әйелдердің билеушісі»[4] деп баян етілгендей, Ислам діні жанұяның отағасы ретінде құқықты ер кісіге ұсынады. Алайда, бұл әйел затына төмен қарап, ер кісіні жоғары санау емес. Қайта Ислам діні әйел затының құқығын орны-орнымен тауып, бір жүйеге тізіп берген.
Ислам дінінде әйел затының құқығы мен намысын қорғау үшін Алла Тағала Құран сүрелернің біріне «Ниса», яғни «Әйелдер» деген атау берген. Ал, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде еркектерден әйел затының кейбір жағдайда жоғары тұратынын көре аламыз. Бір сахаба Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Ей, Алланың Елшісі! Дүниеде жасайтын жақсылығымды әуелі кімнен бастайын?» – деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қолыңнан келген жақсылықты анаңа және анаңа, тағы да анаңа жасап, содан кейін әкеңе жаса», – деп бұйырған. Демек, Ислам ер кісі мен әйел кісінің абыройын бірдей қорғалуын қамтамасыз етеді.
Дінімізде ерлі-зайыптылардың бір-біріне жақсы мәміледе болуы уәжіп саналады. Ислам отбасындағы мәселелерді ер мен әйел бірге ойласып, ақылдасып шешім қабылдауға шақырады.
Пайғамбарымыз өзінің хадисінде: «Әйелдердің ақыларын орындауда Алладан қорқыңдар! Сендер әйелдеріңді Алланың бір аманаты деп алдыңдар», – деп ескертеді. Сонымен қоса, ер-азамат жанұясын және жарын діни тұрғыда тәрбиелеп, жақсы мінез құлыққа үгіттеп, олардың құлшылықты орындап, орындамағандықтарын бақылап, кемшіліктерін түзетіп отыруы тиіс. Ақыретте отбасының ахуалына жауапты екенін білгені жөн.
Ибрагим Сматаев,
Республикалық «Әзірет Сұлтан»
мешітінің наиб имамы
[1] «Рум» сүресі, 25-аят.
[2] Бухари.
[3] «Бақара» сүресі, 233-аят.
[4] «Ниса» сүресі, 34-аят.