Отбасы қоғамның ең маңызды ұйытқысы екені баршамызға мәлім. Әрбір отбасында сүйіспеншілік пен түсіністік мықты болса, қоғамның діңгегі де берік болады. Сондықтан Ислам діні өз кезегінде отбасына ерекше назар бөледі. Исламда неке – екі жүректің біріккен одағы, сенімділіктің бастауы деген сөз. Отбасыда әуелі сенім мен сезім, сүйіспеншілік пен сыйластық болса, жұбайлардың шырайы артып, қандай жағдайда болмасын өмірдің ащысы мен тұщысы, суығы мен ыстығы, қайғысы мен қуанышы қысқасы тауқыметтің тәлкегі еш ауыр келмейді. Алла Тағала осы жайлы «Рум» сүресінің 25-аятында:
«Алла бір-біріңмен өмір сүрулерің үшін өздеріңнің араларыңнан сендерге жұбай жаратқан және араларыңа махаббат пен рахымдылық сыйлап қойған» – дейді.
Халқымызда: «Отан – отбасынан басталады», – деген қанатты сөз бар. Отбасы – шағын мемлекет. Жанұяда жақсылық көбейсе, қоғамда ізгілік салтанат құрады. Қоғамның іргетасы отбасынан басталады. Сондықтан отбасы мықты болса, одан құралған қоғам да соншалықты мықты болады. Яғни, мықты қоғам, жақсы отбасыдан құралады. Отбасы мүшелерінің бақытқа қол жеткізуі, бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен бауырмашылдығына байланысты.
Отбасы ошағының негізгі тірегі әйел заты. Әйел баласының қоғамның қабырғасын қалаудағы рөлі ер кісінікі секілді емес. Жалпы алғанда одан да күштірек. Бұлай айтсақ артық айтқандық болмас. Неге десеңіз Ислам тарихында бұның алғашқы үлігісін Хз. Хадиша (р.а) анамыз салып кетті. Сондай ауыр, қиын-қыстау заманда Пайғамбарымыздың қасынан табылып, Ислам жолында Пайғамбарымыздың жанашыры әрі қамқоршысы болды. Тіпті материалды жағынан да өзінің көмегін аямады, рухани тірегі болды. Міне осындай жұптан Ислам әлемі дүниеге келді.
Исламда әйел сүйіспеншілігі ахыретке дейін жалғасатын бақыттың нышаны. Адам нәсілінің жалғасуында да өте маңызды болғандықтан ана – қашанда адамзаттың қайнар бұлағы. Дүниеге келмеген нәрестелердің өзі де анасының құрсағында заттық қоректерімен қатар рухани қажеттіліктерін де солардан алып отырады. Ананы ең жоғары мәртебеге қойған Хақ дініміз «8-Наурыз» сықылды жылдың тек бір күнін ғана емес, өмірдің әрбір күнін «аналар күні» деп әлемге паш етті.
Қандай да бір ұлттың не қоғамның діңгегі әрі маңызды құрылымы – отбасы. Өйткені қоғамның түзелуі мен бұзылуы осы отбасының жағдайымен тығыз байланысты. Ислам дінінің қайнарларынан нәр алған ата-бабаларымыз «Отан – отбасынан басталады» деп, ұлттарды ұйыстырып отырған мемлекеттің ірге тасын бекем ететін отбасы екендігін айтқан.
Исламда жанұя түсінігінің үлкен орынға ие екендігі «Неке (үйлену) – менің сүннетім. Кім менің сүннетімнен бас тартса, ол менен емес», – деген Мұхаммед (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбарымыздың хадисінен-ақ байқалады. Ал, енді ажырасу Исламда «талақ» деп аталады. Сөздікте бір нәрсені босату, жібере салу дегенді білдіретін «талақ» сөзі Ислам шариғаты терминологиясында күйеудің аузынан шыққан немесе әйелдің сұранысымен қазы айтқан, ажырасуды ашық немесе астарлы түрде бейнелейтін белгілі бір сөздермен ерлі-зайыптылар арасындағы тұрмыстық байланысты үзу дегенге саяды.
Ең өкініштісі, бүгінгі уақытта отбасы мәселесі проблемалық тұрғыдан бірінші орынға шықты. Неге? Себебі, еліміздегі шаңырақ көтерушілердің санына қарағанда, ажырасушылардың легі жыл санап кемімей отыр. Сөзіміз тұщымды болуы үшін статискалық мәліметтер келтіріп көрелік.
Ресми ақпараттарға сүйенетін болсақ, Қазақстанда ажырасу ең көп тіркелетін аймақтарға Павлодар облысы (53%), Қостанай облысы (51%), Солтүстік Қазақстан облысы (50%) жатады. Ал ажырасу аз тіркелген аймақ ОҚО екен.
Танымал американдық әлеуметтанушы мен психолог Констанция Аронс әлемде әрбір 13 секунд сайын бір отбасы ажырасатынын есептеп, дәлелдеген. Бір АҚШ-тың өзінде жыл сайын 1 миллион отбасы ажырасады.
Ажырасу- әлеуметтік проблемаға айналып, енді қоғамда қалыпты жағдай ретінде қабылдана бастады. Кез-келген проблеманың ушығуы, шиеленісуі-қоғамда оған деген қалыпты көзқарастың тууына әкелетіні сияқты ажырасу да осындай деңгейге жетті. Мәселен, 2015 жылы Қазақстанда заңды тіркелген неке 148 769-ды құраған. 2016 жылдың қаңтар-сәуір айында 39 682 неке заңдастырылған. Неке қию 4,6% төмендеген. Осы жылдың қаңтар-сәуір айында 16 338 ажырасу фактісі тіркелген.
UNSTAT мәліметтеріне қарағанда неке коэффиценті бойынша Қазақстан БҰҰ-ға кіретін 100 елдің ішінде 16-орнында тұр. Қазақстан Иран, Ресей, Албания, Тәжікстан мен Мысыр сияқты елдерден кейін тұрақтаған. Ал ажырасу коэффиценті бойынша Қазақстан осы елдер арасында 24-орында. Еуропа елдерінің ішінде ажырасу коэффиценті ең жоғары Бельгия, Португалия, Венгрия екен.
Ислам дінін ұстанатын елдердің арасында Қазақстанның ажырасу коэффиценті ең жоғары. Таяу Шығыс елдері, соның ішінде Мысыр, Сирия, Иордания, Индонезия, Сауд Арабиясы мен Ливияда барлық неке заң жүзінде дін өкілінің қатысуынсыз жүзеге асады. Ал Иран мен Израильде барлық неке дін өкілінің қатысуымен жүзеге асады. Осыған байланысты, егер жұбайлардың бірі ажырасуға қарсы болған жағдайда қиындықтар туындайды.
Жалпы ажырасу көрсеткішінің осыншалықты өсуі бірнеше факторларға тікелей байланысты. Ең бірінші, ол елдің экономикалық даму жағдайы мен қоғамның әл-ауқаты мәселелері. Қоғам арасында ажырасудың басты себебі ретінде есептелетін кең таралған пікір: «Жастардың үлкен өмірге дайындықсыз келетіндігі».
Ажырасудың себептері. Негізгі мәселе – осы ажырасу факторын болдыртпау. Қарым-қатынасты осы шарықтау шегіне дейін алып келмеу. Себебі, не дегенмен де, ажырасу – отбасының ойрандалуы, ал арада бала болса тағдырдың бұзылуы. Ажырасуды болдыртпау үшін ең бірінші, оның орын алу себептерін анықтау керек. Шын мәнінде -себеп өте көп. Әркімнің жеке тағдыры бар, проблемалары әр түрлі. Бірақ сауалнама нәтижелері көрсеткендей ажырасудың басты себептері мыналар:
Тұрмыстық зомбылық;
Ер не әйелдің ішімдікке салынуы;
Ер не әйелдің есірткіге салынуы;
Күйеуі не әйелі жұмыссыз;
Жұбайлардың өмірге деген көзқарастары сәйкес келмеуі;
Күйеуі не әйелі некеге дейін бірін-бірі ұнатпаған, некеден кейін де ұната алмаған;
Көзге шөп салу;
Материалдық қиындықтар;
Бедеулік.
Бұл ажырасудың негізгі себептері. Сонымен қатар, біздің елімізде ажырасудың себептерін ата-енемен тұру мен күйеу жақтың туған-туысқандары арасындағы қарым-қатынастар шиеленісімен т.б толықтыруға болады. Бүгінде қазақ отбасыларында келіннің ата-енесімен бірге тұруы қалыпты жағдайға айналғанын көреміз. Осы орайда баласын аялап өсірген ана яғни қыздың енесі ұлын қызғанады немесе басқа да себептермен келініне күн көрсетпейтіні сияқты шиеленісті жағдайлар орын алады. Жігіттің ата-анасымен тұрған соң міндетті түрде арада түсініспеушілік, ұрыс-керіс болады. Кейбір ата-енелер екі жастың арасына түсіп те жатады. Немесе керісінше әйел күйеуіне таңдау жаса деп тікесінен шарт қояды. Бұл – Қазақстандағы ажырасудың бірден-бір кеңінен таралған себебі екен.
Егер жоғарыда аталған ажырасудың себептерін ақыл көзімен саралайтын болсақ күллі проблеманың шешімі имандылық тақырыбында екенін байқарымыз ақиқат. Олай болса, біздердің бүгінгі қоғамдағы отбасын құрған жастар әрбір сәттерін Ислам діні негіздерінен және Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірімен сәйкестендіруге тырысса, салихалы ұрпақ өсіретін бақытты отбасыларға айналары сөзсіз еді.
Иә, Жалпы адамдар арасында келіспеушіліктердің туындап отыруы – заңды құбылыс. «Егер раббың қалағанда, адам баласын бір үммет етіп жаратқан болар еді», – деген Алла Тағала, адамзаттың әуел бастан-ақ бірдей түсінікте болмайтындығын тағдырына жазғанға ұқсайды. Міне, осындай түрлі түсінікке ие болушылық кей кездері Алланың құлдарының, тіпті соның ішінде ерлі-зайыптылардың да ара жігінің бұзылуына апарып соғатын негізгі себептердің бірі болса керек. Демек, ажырасу да – заңды құбылыс болғаны. Сондықтан болар, Ислам ерлі-зайыптыларға ажырасуға рұқсат берген. Дегенмен, «Талақ – Алла Тағала жек көретін халал іс» деген қағидатты да естен шығармағанымыз жөн. Алла Тағала Құранда талаққа үш рет қана жол берілетіндігін айтады. Бұдан біз мынадай нәтиже түйеміз: Ислам ажырасуға үзілді-кесілді тыйым салмаған және де бұл «есікті» айқара ашпаған да. Сөзіміз дәйексіз қалмауы үшін, бұған байланысты Құраннан бір-екі аят келтіре кетсек.
«Әйелдеріңмен жақсы қарым-қатынаста болыңдар. Егер оларды жек көретін болсаңдар, (ұмытпаңдар) Алла сендер ұнатпаған нәрсеге көп жақсылық жазған болуы да мүмкін» (Ниса сүресі 19-аят) – деп, Алла Тағала шаңырақ құрғандарды үстірттіктен тыйып, ойлануға шақырып отыр.
Ал мына бір аят екі жұптың тырнақ астынан кір іздемей, бір-бірлерінің жаманын жасырып, жақсысын асырып жүрулерін үгіттейді:
«Егер ол әйелдер сендерге мойынсұнып жатса, (ажырасуға) сылтау іздемеңдер. Күмәнсіз Алла Жоғары мәртебелі әрі Ұлы» (Ниса сүресі 34-аят).
Қазіргі таңда үйленетін жастар көбінесе әйелдің тән сұлулығы мен дүние-мүлкіне қарайды. Бұлардың уақытша екенін көпшілігі аңғара бермейді. Егер ерлі-зайыптылар өмірлерін мал-дүниеге, ойын-сауыққа негіздеп үйленетін болса, бір-біріне деген махаббаты сол қу дүниеге салынып, ақыры ажырасуға әкеп соқтырады. Сондықтан ер кісі өмірлік жан-жарын, дүниедегі сүйіктісі мен сырласын таңдауда, аяғын шалыс баспай дұрыс қадам жасағаны жөн. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):«Әйел заты – адамгершілік тұрғыдан зайыбың, дінде бауырың» – деп насихаттайды. Міне, енді осы отбасы мүшелерінің өмірдегі бір-біріне деген міндеті мен жауапкершіліктеріне аздап тоқтала кетсек.
Отағасының міндеті:
Әйелімен жақсы мәміледе болу, оның нәпәқасын (өмір сүру үшін қажетті заттық мұқтаждықтар) тауып беру, оған әділетті болу. Өйткені Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадис-шәрифте былай дейді: «Сіздердің қайырлыларыңыз, әйелдері үшін қайырлы болғандарыңыз». Басқа бір хадисте болса: «Әйелдерге тек жомарттар ғана жақсылық істейді, жамандар да жамандық істейді» – дейді.
Әйел кісілердің міндеті:
Күйеуінің дінге сәйкес келетін бұйрықтарын орындау, оның намысына кір келтірмеу, әлеуметтік жағдайына қанағат ету, ысырапшылдықтан аулақ болу, күйеуінің мал-мүлкін қорғау, үйдің берекесін келтіріп отыратындай жақсы жұбай болу.
Перзенттің әке-шешеге деген міндеті:
Оларға құрмет көрсетіп, айтқанын екі етпеу. Өздерінің өмірге келулеріне себеп болған ата-анаға рахмет айту. Өздерін кішкентайынан мейірімін аямай бағып-қаққан болса, оларды да солай бағып-қағу, тіпті оларға қарсы «уф» деп айтпау.
Сонымен қатар әке-шешенің тек көзі тірісінде ғана емес, олар дүниеден қайтқан соң да, және олардың туыстары мен достарына да құрмет көрсету. Өйткені мұндай құрмет ата-анаға деген құрмет есебінде жүреді.
Ата-ананың балаларына деген міндеті:
Ата-ананың міндеті балаларын шамасы жеткенше асырап бағу, жақсы тәрбие беру, оқытып бір маман иесі қылу. Әкесі де, анасы да балаларына көңіл бөлгенде бірдей көңіл бөлу керек. Балаларының арасын бөліп жармай бәріне бірдей сүйіспеншілікте болу.
Балаларының теріс жолға түспеулері үшін оларға жақсы тәлім-тәрбие беру, алдымен оған өздері үлгі болу. Тоғыз жасына жеткен балаларының төсек орындарын айырып, он үшке толғандарында намаз оқыту. Егер тыңдамаса жәйлап қана ұрып алуы керек. Ал ер жетіп, тізгін тартып ат мінген балаларын мүмкіншілік болса үйлендіргені абзал. Жақсы бала – Алланың берген үлкен нығметі.
Бауырлардың бір-біріне деген міндеті:
Бір-бірін жақсы көріп, құрмет көрсету. Әрқашан бір-біріне мейірімді болып, көмектесу. Өз араларындағы бауырмалдықты орнатқаннан кейін, оны мықтап ұстау. Әсіресе араларындағы үлкендеріне әке-шешенің орнындай көріп оларға үлкен құрметпен қарау.
Қоғамда әдептілік пен инабаттылық өлшемдерінің терең тамырланып, кең жайылуында отбасының маңызы өте зор. Әрбір жанұяның қос тіреуі – ерлі-зайыптылар өздеріне қатысты әдептілік пен адамгершілік талаптарын, құқықтары мен міндеттерін мүлтіксіз орындаса, кездеспей қоймайтын тіршіліктің ащысы мен тұщысын, суығы мен ыстығын, қайғысы мен қуанышын бірге бөліссе, бүкіл қоғамда, елде бейбіт те берекелі тұрмысқа негіз қаланбақ.
Ислам отбасының ең әуелі сенім мен сүйіспеншілік және түсіністік негізінде құрылғанын қалайды. Бақытты отбасы болашақта ұлы тұлғалардың дүниеге келуіне қабілетті болмақ. Ендеше, елдің, ұлттың болашағы әр отбасында шешіледі, негізі қаланады.
Керімбеков Анарғали Пірәліұлы
ҚМДБ Шымкен қаласы Жастар ісі секторы
Жауаптысы, орталық «Ақмешіт» найб имамы