Абайды оқу, зерттеу, ол өмір сүрген ортаға үңілу – әдебиетші ғалымдардың ғана еншісіндегі дүние емес. Рас, Абай өмірден өткеннен кейінгі бір ғасырда қаншама құнды еңбектер жазылып, хәкімнің әдеби бағасы әлдеқашан берілді. Өлеңдері мен қара сөздеріне талдаулар жүргізіліп, том-том монографиялар ғылым көкжиегіне жол тартты. Алайда Абай айтқан ақылға құлақ асқандар, Абай көрсеткен түзу жолдан қиыс баспай, өмірлік ұстанымы еткендер туралы сөз қозғау – қиынның қиыны.
Абайдың айтқанын таразылап, зердемізге түйіп жүрсек, бәлкім біз бүгінгіден де биік парасат биігінде өмір сүретін едік. Өйткені Абай адамзатқа ортақ құндылықтарды ортаға салды. Қазақтың бойындағы кемшіліктерді сынау арқылы бүкіл әлемге ой саларлық дүние қалдырды. Енді сондай шексіз Абай мұхитынан бір тамшы татымды сөз, тағылымды талдау жасай алсақ, көңілдегі мақсаттың орындалғаны.
Абай армандаған қазақ қандай болуы тиіс еді? Абай адамзат бойынан не көргісі келді? Оның ата дініміз туралы пайымы қандай еді? Мұның бәрі – көпті толғандыратын сауалдар. Мұндайда, әрине, Абайдың өз туындыларына, замандастарының жазбаларына, ғалымдардың ақын жайлы жазған іргелі зерттеу еңбектеріне үңілетініміз анық.
Көкбай Жанатайұлының «Абай шын мағынасындағы мұсылман еді» деп басталатын естелігінен хәкімнің Исламға деген шынайы болмысын байқауға болады. Онда Абайдың сыртқы мұсылмандықты емес, діннің негізіне үңілу, сол арқылы ақиқатты табу қажеттігін назарда ұстағаны айтылады.
Ал Кәкітай Ысқақұлының бір естелігінде Абайдың намаз оқып, ораза ұстағаны жайлы деректер бар. «Ол оқыған кезінде, өзгелерді «асығыс отырып, сендер көңілді алаң қыласыңдар» деп, өзі жеке асықпай оқып, отырып алушы еді» деп жазады. Кәкітай Абайдың «Құдайға шын көңілмен ғибадат қылған кісі құпия қылады деп» сыртымен тақуасынған адамдарды аса жақтырмағанын айтқан.
Абайдың имани әлемін сөз етпес бұрын өлеңдерін, әсіресе қара сөздерін мұқият оқып шығуға тура келеді. Абайды оқыған сайын жаңа бір жұмбақтың шешуін тапқандай боласың. Абайға тоқталған сайын тағы бір сыры ашыла түседі.
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті.
Осы үш сүю болады имани гүл,
Иманның асылы үш деп сен тәхқиқ біл.
Ойлан-дағы, үшеуін таратып бақ,
Басты байла жолына, малың түгіл.
Абайдың осы өлеңін Құран Кәрімнің тәпсірі секілді қабылдауға болады. Қазіргі заманда адамдардың бір-біріне деген қамқорлығы, сүйіспеншілігі аумалы-төкпелі болып тұрғанда, адамзаттың бәрін теңдей сүю деген терең гуманистік ойды қабылдау қиын-ақ. Бүкіл адамның өмірі, ғұмырының мәні бір Алланы тануға, ақиқаттан ауытқымауға, адамдарға сыйласым танытуға құрылғанын ұғынуымыз тиіс.
Қасиетті Құранда: «Білмесеңдер ілім иелерінен, ғалымдардан сұраңдар» («Әнбия» сүресі, 7-аят), «Алла иман еткендерді көтереді. Ал ілім берілген мүміндерді (жәннатта) қат-қат дәрежелерге көтереді» («Мужадәлә» сүресі, 11-аят), «Оларға айт, білетіндер мен білмейтіндер бірдей бола ма? Білетін адам әлбетте қадірлі» («Зумәр» сүресі, 93-аят) делінген аяттар өте көп кездеседі.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадис шәріптерінде «Ілім алу – әрбір мұсылман ер мен әйел кісіге парыз», «Адам баласы өлсе оның үш нәрседен басқа амалы тоқтайды: жария садақа (ел игілігіне мешіт, жол, мектеп салу, құдық қазу т.б), көпке пайдасы тиетін білім, артынан дұға қылатын игі ұрпақ», «Алла Тағала кімге игілік тілесе, оны дін ғылымынан ғұлама етеді», «Садақаның ең абзалы – бір мұсылманның білім үйреніп, оны басқа мұсылман бауырына үйреткені» делінген. Абай дін ғылымына терең бойлап, кейінгі ұрпаққа мәңгі рухани азық болатын құнды кітап қалдырған хәкім.
«Абай дін насихатшысы емес, Алланы танытушы, хикметін зерттеуші хәкім. Бұл етте академик Ғарифолла Есімнің: «Қазақ топырағында Абайға дейін Алланы тану, яғни теология мәселесімен арнайы шұғылданған ойшыл болмаған. Өзін сопылармыз деп атаған тақуалар (әулиелер) де «Алла бір, пайғамбар хақ» дегеннен аспаған» деп мәлімдеуі орынды, – дей келе абайтанушы Асан Омаров, – Абайдың діні деген таусылмайтын терең тақырып. Біздің көзіміз жеткен екі анық бар: біріншісі – Абайдың діни көзқарастары бүгінгі жаһандану дәуірінде адастырмас бағдаршам есепті. Олар зайырлы қоғамға ауадай қажетті сенушілік пен жаңаша діндарлықтың іргетасы. Екіншісі – Мұхаң (Мұхтар Әуезов) паш еткен: «Абайдың діні – сыншыл ақылдың, адамгершіліктің діні» деген тұғырлы тұжырым ешқашанда ескірмек емес» деп ой қорытқан болатын. Ендеше барша оқырман Абай хәкімнің сөзін түсініп, көңілге тоқи білсе, жоғарыда атап өткеніміздей, парасат биігінен көрінеріміз айқын.
Абай армандаған адамзат – қандай жағдайда да шыншылдықты жоғары қоятын, жүрегі мейірім мен махаббатқа толы, еңбек пен кәсіпке адал, жауапкершілігі жоғары, білімі мен тәрбиесі сай кемел жанның жиынтығы. Барлығымыздың осы жолда жүруіміз кемелділігіміздің жарқын көрінісі болмақ. Алла Тағала Абай айтқан имани гүлімізді азғындықтың аязына үсіруден, қатігездіктің желіне тоңдырудан, сыңарезуліктің тоқпағына сындырудан сақтасын!
Алмас АЙТКӘРІМҰЛЫ,
Өскемен қалалық мешітінің бас имамы,
Шығыс Қазақстан облысы