С: Намаз оқуға болмайтын уақыттар бар ма?
Ж: Иә. Үш уақытта намаз оқуға болмайды.
1. Күн шығып келе жатқанда.
2. Күн батып бара жатқанда.
3. Күн тас төбеде тұрғанда
Осы үш уақытта парыз да, сүннет те, нәпіл намаздар да оқылмайды. Сондай-ақ, бұл уақыттары жаназа намазын оқуға да, тиләует сәждесін жасауға да болмайды.
С: Бұл уақыттары ешқандай намаз оқуға болмай ма?
Ж: Осы уақыттардың алдындағы намаздар оқылмаған жағдайда мәкруһ болса да осы уақыттарда оқуға болады. Мәселен, екінті намазын оқымаған адам күн батып бара жатқанда оқып алса болады. Мәкруһ болуына қарамастан қаза етпеу үшін соңғы уақытында оқып, кешіктіргені үшін истиғфар айтады. Бұл уақыттарды аталған намаздардан басқа намаздарды оқуға болмайды.
С: Аталған үш уақыттан басқа намаз оқу мәкруһ болған уақыттар бар ма?
Ж: Иә. Бұлардан басқа екі уақыт бар:
1. Таң намазын оқыған соң күн найза бойы көтерілгенге дейін.
2. Екінті намазын оқыған соң күн батып кеткенше намаз оқу мәкруһ.
С: Таң немесе екінті намаздарынан кейін Қағбаны тауап етіп, екі рәкәғат тауап намазын оқуға бола ма?
Ж: Жоқ. Күн көтерілгенше не күн батқанша күтуі керек.
С: Таң немесе екінті намаздарынан соң қаза намазды оқуға бола ма?
Ж: Иә, оқуға болады. Бірақ мәкруһ уақытқа кешіктірілмеуі тиіс.
С: Осы екі уақытта жаназа намазын оқуға, тиләует сәждесін жасауға бола ма?
Ж: Иә, болады.
С: Таң атқан соң таң намазынан бұрын нәпіл намаз оқуға бола ма?
Ж: Таң атқан соң парызға дейін екі рәкәғат сүннеттен басқа қосымша намаз оқу мәкруһ.
С: Күн батқан соң ақшамның парызына дейін нәпіл оқыса бола ма?
Ж: Күн батқан соң ақшамға дейін нәпіл оқылмайды.