Барша қазақ халқына Аппақ Байжановтың есімі таңсық емес. Әсіресе Қарағанды жұртшылығы үшін Байжановтың сіңірген ерен еңбегі зор.
Қазіргі таңда қазақтың қара домалақ қойшы баласының тапқан қара алтынының арқасында Орталық Қазақстан даласына үлкен қала мен кеніштер салынды. Арада жүздеген жылдар өтіп, қазір еліміздің үлкен шаһарларының біріне айналған Қарағанды қаласы бой түзеп тұр. Қара алтынның астанасына айналған бұл шаһарда әр жылдың шілде айында кеншілер күнін жоғары деңгейде атап өтеді. Бұл – адал еңбектерімен халыққа қызмет етіп жүрген жандарға көрсетілген мемлекетіміздің құрметі.
Қазіргі таңда қара алтын мен кеншілік саласы еліміздің басты байлығына айналды. Еліміздің басты экспортының көзі де – осы жер астынан шығатын байлығымыз. Осы көмір өндіру саласында қызмет атқарып жатқан кеншілердің ерен еңбегі ұшан-теңіз. Өзге кәсіп пен шаруашылықтан ерекшеленген бұл кеншілік қызметі үлкен қажырлық пен қайраттылықты, адал еңбекті талап етеді. Жер бетінен бірнеше шақырымдап жер астына түсіп, өз денсаулықтары мен өмірлерін бәйгеге тіккен кеншілер көптеген қиындықтарды артқа қалдыра отырып, қара алтынды шынайы маңдай терімен игереді. Иә, адал еңбектің зейнеті де берекелі болмақ.
Шынайы адал еңбек пен қайырлы кәсіпке байланысты Алла елшісінің (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірнеше хадистері бар. Абдулла ибн Масғұдтан (Алла оған разы болсын) жеткен риуаятта Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Адал кәсіп табуға талпыну – парыздан кейінгі парыз» деген.
Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен риуаятта Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кәсіптің ең қайырлысы – ықыласпен еңбек еткен жұмысшының қол еңбегі», – деген.
Тағы бір өсиетінде: «Еңбек етуден қолдары күстенген, шаршап-шалдығып ұйқыға кететін адам кешірімге бөленіп, күнәларынан арылады» деп, еңбекқорларды сүйіншілейді. Сонымен қатар, ешбір пенде адал маңдай терімен тапқан табыстан артық рызық-несібеге кенелуі мүмкін еместігі жайында:
«Дәуіт пайғамбар (а.с.) да өзі еңбектеніп, тапқан табыспен күнелтетін» деп, адамның өз еңбегімен табыс тауып, отбасының күнкөрісін қамтамасыз ететіндерге ілтипат жасайды. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларын да еңбек етіп, адал жолмен табыс табуға, күнкөрісін адал жолмен қамтамасыз етуге үндеп отыратын. Бірде Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Сағыд ибн Муазбен қол алысып амандасып тұрып, қолдарының күстеніп кеткенін байқайды. Себебін сұрағанда, сахаба отбасын адал еңбегімен асырау үшін еңбектеніп жүргенін айтады.
Бұл жауапқа Мұхаммед пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Міне, Алла Тағала осындай қолды жақсы көреді» деп, досының күстенген қолына ілтипат көрсетеді.
Жүрегінде иманы бар адам істеген ісінің қиындығына немесе жеңілдігіне, беделділігіне емес, ең алдымен тапқан табысының адалдығына баса мән береді. Мүмін қандай қиындық немесе кедергі болмасын, адал жолмен табыс табуға міндетті. Қажет болса, қолына күрегін алып, жұмыссыздар тұратын мекенге барып, жұмыс беретін бір кісі шықса, соның бақшасының топырағын тазалап, жолын жөндеп беріп, өз еңбегімен адал табыс табуға күш салуы керек. Қандай адам болмасын, Хақ тағала рұқсат еткен шеңберде адал жолмен күнкөрісін қамтамасыз етуі өте маңызды.
Абайдың тілімен айтқанда: «Қарыны тоқтық, қайғысы жоқтық, аздырар адам баласын» дегендей, еңбекке сүйенбей, біреудің үстінен күн көрудің зардабы зор екендігін ескертеді.
Аллаға шүкір, қазақ халқы да – ежелден еңбекқор халық. Адал еңбектің арқасында ұрпаққа өлшеусіз байлық қалдырды. Ел үшін қажырлы еңбек етіп, шынайы бейнетпен келген нанның дәмін татып жүрген бүгінгі кеншілердің қызметі – нағыз адал жұмыс. Олардың таудай талапты еңбектерінің нәтижесінде қара маржанмен еліміз тек ел іргесін қамтамасыз етумен шектемей, кешегі күндері сонау КСРО аумағын да қамтамасыз етіп отырған болатын.
Бұның барлығы Отанымыз бел ел игілігі үшін аянбай ңебек еткен қажырлы жандардың еңбегінің арқасы. Қазіргі таңда кеншілік ісі Мемлекетіміздің дәстүрлі еңбегіне айналды десек те болады. Сондықтан, осы тұрғыда кеншілердің атаулы мерекесі – барша қазақстандық үшін айтулы мейрам.
Өмірзақ БЕКҚОЖА,
Қарағанды облысының бас имамы