Kurban ait el intimaginin uitkisi

Kurban ait el intimaginin uitkisi

Құрбан айт келеді жақындап…

Исламның ұлы мерекелерінің бірі саналатын һәм адам баласын мейірімділікке бөлеп, бауырмалдыққа шақыратын құрбан айт мейрамына да міне санаулы күндер қалды. Дәлірек айтқанда, қыркүйек айының 12-жұлдызы – құрбан айт мейрамы. Иә, «құрбан» сөзінің мәні тым терең, мазмұны өте жоғары. Сонау ықылым заманнан бері құрбан айт өзінің қадір-қасиетін ешбір жоғалтпастан, әрбір дәуірде адамзат мәдениетіне өзіндік ізін қалдыру үстінде. Олай деуімізге негіз де жоқ емес. Өйткені, құрбандықтың тамыры тым тереңнен бой алады. Сәл кейінірек тоқталып көрелік…
Жақсы, алдымен сіз бен бізге етене таныс «құрбан» және «айт» сөзінің мағынасы қандай? Осыған кідіріс етейік. «Құрбан» төл сөзімізде «жақындау», «жақын болу», «Аллаға жақындауға себеп болған нәрсе» дегенді білдірсе, «айт» сөзі «мереке», «мейрам», «қуаныш» мағынасын береді. Ал, құрбанның шариғаттағы терминдік мағынасы – шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды. Демек, құрбан айт – жер бетіндегі жұмырбасты әрбір мұсылманның ерекше атап өтер ұлық мейрамы.
Бүгінгі күні Аллаға тәуба деріміз бар. Талайғы тар жол, тайғақ кешуден аман өтіп, ата-бабамыз аңсаған тәуелсіздікке бүгінгі ұрпақ қол жеткізді. Егеменді еліміз әлеуметтік-экономикалық, мәдени һәм рухани жетістіктерге қадам басып, өзге мемлекеттермен терезесін теңей түсті. Әсіресе, Елбасымыз Н.Назарбаевтың асыл дініміз исламға көрсеткен қамқорлығы елдегі ағайынға айдай анық. Соның бір айғағы Елбасының ұлттық мерекелердің мәртебесін көтеру бастамасы аясында 2005 жылғы 28 желтоқсанда Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы» Қазақстан Республикасының Заңына толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қабылдап, соған сәйкес Құрбан айт мерекесінің бірінші күнін елімізде демалыс деп жариялаған-ды. Міне сол күннен бері халықтың талап-тілегіне сай құрбан айт мерекесі мемлекеттік деңгейде аталып өтілуде…

 

Тарихы тым әріде

Құрбан шалу – сонау Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар заманынан бастау алып, кейінгі жұртқа сүннет болып қалыптасқаны жалпақ жұртқа мәлім жайт. Қысқаша тарихы мынадай… Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар қартайған шағында Алладан сұрап алған жалғыз ұлы Исмайылды өзінің берген уәдесіне сай түсінде құрбандыққа шалу әмір етіледі. Бұл көрген түс бірнеше күн қайталанып, оның азғырушы шайтаннан емес, жаратушы Алладан екені анық байқалады. Ибраһим (ғ.с.) неде болса бір бекемге келіп, көрген түсін баласы Исмайылға егжей-тегжейлі түсіндіріп, баласын құрбандыққа жетелейді. Дегенмен, бұл бір Алланың пайғамбарына деген сынағы болғандықтан, жаратушы Алла уәдесіне берік, тәуекелге бел буған құлы Ибраһим пайғамбарға баласы Исмайылды аман қалдырып, жәннаттағы басқа бір құрбан малымен оны сүйіншілейді. Осылайша Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар жанұясымен Алла берген ауыр сынақтан сүрінбей өтеді.
Бұл оқиға Құранда былай баяндайды: «Ұлы (Исмайыл) өзімен бірге жүруге жеткен кезде: «Балақайым! Сені түсімде бауыздағанымды көремін; назар аудар, көзқарасың не?», – деді. Ол: «Әй, әкетайым! Өзіңе не әмір етілсе, оны орында. Алла қаласа, мені сабырлылардан табасың» – деді. Сөйтіп, әкесі оны маңдайының үстіне жатқызады. Біз, оған: «Әй, Ибраһим!», – деп, дыбыстадық. «Рас түсіңді шынға шығардың. Күдіксіз ізгі іс істегендерді осылайша сынаймыз» (дедік). Шын мәнінде Бұл бір ашық сынау еді. Оны ірі бір құрбандыққа ауыстырдық» («Саффат» сүресі, 102-107-аяттар).
Енді осы ғибрат оқиғадан не түйдік ағайын? Әрине, біз онан бірнеше сабақ аламыз. Біріншіден, Аллаға деген сүйіспеншілікті және Оған деген итағатты қалыптастырып, Оның жолында жаныңдай жақсы көрер дүниеңді құрбан ете білуді үйретеді. Хазірет Ибраһим пайғамбар (ғ.с.) бұл сынақтың орындалуы соншалықты қиын болғанына қарамастан, Раббысына шынайы итағатпен бас иді.
Алла Тағала құлына жасалуы тиіс бір істі әмір етсе, ол қаншалықты қиын болса да, Жаратқанмен саудаға түспей, әмірді орындаумен сүйіспеншілігін білдіру – бұл нағыз итағатшыл жанның қолынан келер іс. Бұны Ибраһим пайғамбар ісімен дәлелдеп, «Алланың досы» деген мағынадағы «Халилуллаһ» есімін иемденді. Шынында, Ибраһим (ғ.с.) баласын құрбандыққа шалу жөнінде бұйрық алғанда: «Не үшін Раббым?» немесе «Мұның басқа да жолы жоқ па еді?» деген секілді сауалдармен саудаға салып, қарсылық жасамады. Иә, баласы Исмайыл да жас болғанына қарамастан қиын сынақ сәтінде: «Әй, әкетайым! Өзіңе не әмір етілсе, оны орында. Алла қаласа, мені сабырлылардан табарсың», – деп («Саффат» сүресі, 102-аят) алдымен Жаратқанға, қала берді әкесіне деген бойұсынушылығын көрсетті.
Екіншіден, Алла бұл сынақтың соңы итағатпен аяқталарын анық біледі. Мейірімділердің ең мейірімдісі болған Алла баланы әке қолымен ешқашан құрбан еткізбесі тағы сөзсіз. Жазықсыз бір адамның өлтірілуі – бүкіл адамзатты өлтіргенмен тең екенін немесе бір адамды қиыншылықтан құтқару – күллі адамзатты құтқарғанмен тең екенін әділдік жүйесімен қойып берген Жаратушымыз өзінің пайғамбарына өз баласын құрбан еткізбек те емес. Ал, біле-білгенге әкелі-балалы хазірет Ибраһим мен ұлы Исмайыл пайғамбардың арасындағы мына тарихи оқиға барша адамзат үшін қияметке дейін ұмытылмайтын ғибратты оқиға болып қала бермек.

 

Айт намазы татулықтың көрінісі

Құран Кәрімде Алла былай бұйырады: «Раббың үшін намаз оқы, құрбан шал» («Кәусар» сүресі, 2-аят). Байқасаңыз, аталған аятта айт намазын оқу құрбан шалудан бірінші айтылуда. Ардақты сахаба Әнас (р.а.) былай риуаят етеді: «Расулулла Мәдинаға келген кезінде, мәдиналықтардың тойлайтын екі күндері бар болатын. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бұл екі күнді не үшін атап өтетіндіктерін сұрады. Олар: «Жәһилдік (Исламнан бұрынғы) дәуірде біз бұл екі күнді көңіл көтеріп, атап өтетін едік», – деп жауап берді. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) оларға қарап былай деді: «Алла ол екі күннің орнына сендер үшін әлдеқайда қайырлысын берді. Біріншісі – Құрбан айт, екіншісі – Рамазан айты».
Жалпы алғанда айт мейрамы қуаныш пен ынтымаққа толы күннің көрінісі. Сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Біздің бұл күнде алғашқы жасайтын ісіміз – намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбанымызды шалу. Кім осылай істесе біздің сүннетімізге ергені…», – деген. Айт намазы исламның бет-бейнесі. Әрбір жұма намазына жиылғандай, жылына бір келер ұлы мереке Құрбан айтта бас қосу – мұсылмандардың бір-бірімен татулықтарын арттырып, ұлық мейрамның негізгі сәнін көрсетеді. Айт күні таңмен таласып, күллі мұсылмандардың, яғни еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін мешітке қарай асыға түсуінің өзі осының айғағы. Бірін-бірі танымас жандардың бір сапта қатар тұрып құлшылық жасап, айт намазынан кейін құшақ жая мерекемен құттықтасуы қандай тамаша?!
Шынында, ислам – күллі адамзатты ынтымаққа, татулыққа, бірлікке үндейтін хақиқи дін. Осыны мұрат еткен қазақ халқы ғасырлар бойы саусақ бірікпей, ине ілікпейтінін өзара ынтымақ-татулығымен білдіріп келеді. Тіпті, дана халқымыз: «Бірлік еткен озар, бірлеспеген тозар» немесе «Байлық байлық емес, бірлік – байлық», – деп әу баста-ақ ынтымақтың маңыздылығын тайға таңба басқандай қылып айтып өткен. Данышпан Абай атамыздың: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп», – деген даналық ойы да тап осыны меңзейді.
Дүние жалған… Өмір әркімді әрнәрсемен сынап бағады. Адам баласы қателік жасаушы пенде болғандықтан дүниенің болмашы істері үшін кейде ағайынымен, қасындағы дос-жаранымен араздасып, бет қаратпастай қалатын жағдайлар ұшырасып жатады. Құрбан айт мейрамы сондай араздасқан ағайындардың берік татуласып, құшақ жайып, досдасуына, бауырласуына таптырмас үлкен мүмкіншілік. Дәлірек айтқанда, өз кемшілігін түзеп, қасындағы жанның қателігін кешіруіне һәм рухани табыстарға жетуіне айтарлықтай жол ашады. Қасиетті Құранда: «Шын мәнінде, мүміндер бір-біріне бауыр. Сондықтан туыстарыңның арасын жарастырыңдар», («Хужурат» сүресі, 10-аят), – дейді. Алланың Елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Бір-біріңмен ара-қатынасты үзбеңдер! Бір-біріңнен бет бұрып кетпеңдер! Бір-біріңмен өштеспеңдер, жауласпаңдар! Бір-біріңе көре алмаушылық етпеңдер! Ей, Алланың құлдары бір-біріңмен бауыр болыңдар!» – десе және бір хадисінде: «Бір-бірімен араздасқан екі адамнан қайсысы бірінші болып сәлем берсе, күнәлары кешіріледі», – деп айтқан. Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Бір-біріңе сыйлық беріп, татуласыңдар… Бір-біріңе берген сыйлықтарың – араларыңдағы өшпенділікті жояды», – деп өсиет еткен.
Айтпақшы, бұл мереке күндері өскелең ұрпағымызды да естен шығармауымыз керек. Оларға құрбанның қасиетін сездіріп, санасында өшпестей әсер қалдыру ниетімен айт намазына ерте келіп, қуанышты сездірген жөн. Кішкентай балақайларымызға дәл осы күндері ең бағалы ойыншықтар алып, «Балам! Бүгін Құрбан айт мерекесі. Сені осы мерекемен құттықтау үшін арнайы сыйлық алдым» деп жылы сөзімізбен, әсерлі сыйлығымызбен қуантсақ, бала ешқашан жақсылықты ұмытпай, тәрбиелік мәнін сезінеді. Сонымен қатар, қоғамдағы ең қауқарсыз топтар қарттар үйін, қамқорсыз жетім балалар үйін, жоқ-жітік жандарды, аз қамтылған отбасыларды да есімізден шығармай, оларға да зиярат жасап, шын көңілімізбен жылы сөзімізді айтып, аз да болса сыйлық жасасақ, нұр үстіне нұр болмақ. Өйтені, Құрбан айт – қоғамды бірлікке үндейтін, бөлініп-жарылудан сақтайтын ұлық мейрам. Осынысымен де ерекше…

 

Сауабы мол құлшылық

Бірде сахабалар Мұхаммед пайғамбарымызға (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың Елшісі! Құрбандық деген не?» – деп сұрақ қойды. «Құрбандық – сендердің Ибраһим (ғ.с.) бабаларыңның сүннеті», – деді. Сахабалар: «Одан бізге қандай сауап бар?», – деп сұрады. Сонда Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Әрбір тал қылшығы үшін сауап аласыңдар», – деді. «Қойдың жүнінен ше?», – дегенде: «Қойдың жүнінің әрбір тал қылшығына да сауап жазылады», – деп жауап қайырды.
Иә, құрбан айт мейрамының ең ерекшелігі және ел жадында қаларлық ісі – айт намазынан кейін әрбір шамасы жеткен жанның құрбан шалып, мұқтаж жандарға жәрдем көрсетуі болып табылады. Өйткені, құрбан шалу – Алланың тікелей әмірі. Бұл жөнінде Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Адам баласы құрбан айт күні (құрбан шалып) қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Алла Тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Алла Тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар», – деп айтқан.
Алланың әмірін шынайы ықыласпен орындап, Жаратушысын разы етіп, ақырет күні сый-сыяпатқа кенелу – әрбір иманды жанның дүниедегі арманы. Сондай-ақ, өзгелерді құрбан етімен қуанту арқылы жүрегі жұмсарып, жүзі қуанып, мол сауапқа иеленеді. Әйтпесе, Алла Тағала құлының шалған құрбандығына мұқтаж емес, яғни ағызылған қанын немесе етін мүлдем қажет етпейді. Қасиетті Құранда: «Олардың (құрбан малдарының) еттері де, қандары да Алла Тағалаға жетпейді. Бірақ Оған сендердің тақуалықтарың жетеді», – делінген («Хаж» сүресі, 37-аят).
Адам баласы құрбан шалу арқылы Алланың өзіне берген сансыз нығметтеріне шүкір етеді. Бүгін бар дүниенің ертең жоқ екенін біледі. Бұл мереке сондай-ақ Алланың әркімге өлшеп берген ризық-несібесі барын, оған қанағат жасап, қайырын Алладан сұрау керектігін де жадымызға салады. Алла Тағала былай дейді: « … Егер (берген нығметім үшін маған) шүкір етсеңдер, сендерге (нығметімді) арттырып беремін. Ал (оны) жоққа шығарсаңдар, расында менің азабым қатты» («Ибраһим» сүресі, 7-аят). Тағы да тәуба һәм шүкір, дәл қазіргі сәтімізде жыртық киім киіп, бір үзім нанға жете алмай жүрген жандардан еліміз ада. Көйлегі көк, көңілі тоқ елдердің қатарынан табылып, бүкіл ғаламға бейбітшілігімізбен, тұрақтылығымызбен үлгі көрсетудеміз.
Құрбан айт – қанағат, шүкірді жадымызға салып қана қоймай, өзімшілдіктің, дүниеқоңыздықтың, сараңдықтың әсерінен жан-дүниемізді сақтайды. Жаны жомарттыққа жақын болып, қоғамдағы мұқтаждарға көмек көрсетуге бейім келеді. Өйткені, құрбандық – сауабы мол құлшылық, жақсылыққа жетелейтін амал.

 

Құрбан малыңыз дайын ба?

«Құрбан» сөзінің діни тұрғыдан алғандағы мағынасы «Құшылық мақсатымен белгілі бір уақытта, белгілі бір шарттарға сай келетін малды өз тәртібімен бауыздау немесе осылайша бауыздалған мал» дегенді білдіреді. Ал сіздің құрбандыққа арнап қойған малыңыз болса, оның жарамды болуына қатысты шариғат шеңберлеген мына шарттарды білген жөн. Құрбандыққа тек қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын ғана шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Алты-жеті айлық тоқты бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалған абзал. Тауық, қораз, қаз, үйрек сияқты құстар құрбан ретінде сойылмайды.
Қой немесе ешкіні тек қана бір адам құрбан ретінде шала алады. Ал сиыр немесе түйені, яғни ірі қараны бір кісінің жалғыз өзі үшін немесе жеті кісі бірігіп, ортақ шалуларына да болады. Құрбанды ортақтасып шалған уақытта әрбір адам құрбан шалу ниетімен іске асыруы керек. Бір кісі құрбан үшін, ал екінші бір кісі тек қана етін алу ниетімен ортақтасса, шалынған мал барлық ортақтар үшін құрбан болып есептелмейді.
Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) құрбандыққа жарамайтын мал жайында былай дейді: «Соқырлығы анық белгілі соқыр, ауруы белгілі аурушаң, (жүре алмайтындай дәрежеде) ақсақтығы белгілі болған ақсақ және жілігі көрінетіндей өте арық малдар құрбандыққа жарамайды». Демек, құрбанға шалынатын малдың бір көзі соқыр; сойылатын жерге жете алмайтын дәрежеде әлсіз; құлағы немесе құйрығы тумысынан жоқ не басым бөлігі кесілген; тістерінің көбі түсіп қалған; бір мүйізі немесе екеуі де түбінен сынған болмауы керек.
Құрбан ретінде шалынатын малды қинамау үшін, өткір пышақ қолдану керек. Малды сою үшін жерге жатқызғаннан кейін пышақты көз алдында жалақтатып, қайрау – әдепсіздік. Қинамай сою – сүннет. Пайғамбарымыз бір хадисінде былай дейді: «Малды бауыздаған уақытта жақсылап бауыздаңдар. Кімде-кім мал сойса, пышағын жақсылап қайрасын және тезірек бауыздап малды рахатына қауыштырсын».
Құрбан шалар кезде «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар лә илаһа иллаллаһу, Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лиллаһил-хамд» деп тәкбір айтып, «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» деп бауыздау керек. Ең абзалы, құрбанды иесінің өзі бауыздағаны дұрыс. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – сауап. Бір бөлігі туған туыс, көршілеріне, екінші бөлігі кедей мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі өзінің бала-шағасына, отбасына беріледі. Ең басты, құрбандық ғибадатын шын ниет-ықыласпен орындау керек. Бір ескере кететін жайт, еліміздің кейбір аймақтарында құрбандық малын арапа күндері шалып жатады. Бұл шариғат тұрғысынан алғанда дұрыс емес. Құрбандық айт намазы оқылып біткеннен кейін ғана шалынуы керек.

 

Тақырып түйіні

Құрбан айт мейрамымен қатар, исламдағы бес парыздың бірі – қажылық амалы да орындалады. Тәуба, қажылық міндетімді өтесем деген жандардың саны елімізде жыл санап арту үстінде. Биылғы жылы да парыз амалын орындау үшін қасиетті Қағбаға отандастарымыз жол тартты. Олар ең алдымен міндетті құлшылықтарын орындап, еліміз бен жерімізге, тәуелсіздік туын тіккен Отанымызға дұға-тілектерін жасары ақиқат. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Кімде-кім Алла Тағала ризашылығы үшін қажылық жасаса, жаман сөзден, жаман қылықтардан, күнәлардан сақтанса анасынан туылғандай пәк болып қайтады». Әрине, отанымызда қажылардың қатары артса, елдің де берекесі таси бермек.
Қуанарлығы, егеменді елімізде құрбан айт күндері тек қана айт намазын оқып, құрбан шалумен шектеліп жатқан жоқ. Қайта жыл өткен сайын бұқаралық сипатта тойлау үрдісі қарқынды дамуда. Дәлірек айтсақ, елордамыздан бастап, өзге қала, аудан, тіпті елдімекендердегі мешіт аулаларына дейін ақшаңқай киізүйлер тігіліп, мұсылман мерекесі сән-салтанатымен өткізу үрдіске айналды. Бұл күндері мерекелік дастархандар жайылып, салт-дәстүрлеріміз бен ұлттық ойындарымыз жаңғыра түседі. Аллаға шүкір, мұнайлы аймақ Атырау өңірінде Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің тапсырмасына сай мұсылман мерекелерін бұқарамен бірге өткізу мақсатында әрі ел жадында қаларлықтай өткізу үшін қайырымдылық шаралар ұйымдастырылып, құрбан жайында ақпараттық парақшалар таратылып, ұлық мерекеге арналған мазмұнды бағдарламалар жыл сайын жаңғырып келеді. Бүлдіршіндерге де ерекше назар аударылуда. Мейрам күндері ойын алаңдары құрылып, балаларға сый-сияпат жасау жыл сайынғы дәстүрлі үрдісімізге айналып үлгерді. Мұның барлығын баянды тәуелсіздігіміздің, тұрақты еліміздің жемісі дер едім.
Тақырыпты түйіндей келе айтарым, құрбан айт – қашан да ел ынтымағының ұйытқысы. Яғни, елдегі ұлттар мен ұлыстарды біріктіруде, өзара бауырмалдықтарын арттыруда орны тіпті айрықша. Олай болса, еліміз аман, жұртымыз тыныш, еңселі еліміздің жетістігі мол болсын. Келе жатқан құрбан айт мерекесі құтты болғай, ағайын!

Батыржан Мансұров,
ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі,
«Иманғали» орталық мешітінің бас имамы

muftyat.kz

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38