Күллі мадақ пен мақтау жеті қабат әлемді жоқтан жаратқан әуелі мен ақыры болмаған Ұлы Жаратушы Жаппар Ие Алла Тағалаға тән!
Алланың елшісі (с.а.с.): «Кім азанды есітіп «Иә Алла, осы айтылған кәміл азанның және осы орындалатын намаздың Раббысы, Мухаммедты «аль-уасильге» және жоғары дәрежеге алып кел, әрі оны Өзің уәде еткен мақтаулы орынға бағытта!» десе, ол үшін Қиямет күні Менің шапағатым міндетті болады» деген. Құран Кәрімде «Және қашан намазға (азан) шақырсаңдар, олар оны ойын қылып келекеге алды. Осы, олардың шынайы түрде түсінбейтін халық болғандықтарынан» деп ескертеді Жаратушымыз. (Мәйда 5/58). Сонымен қатар Жұма сүресінде «Әй мүміндер! Жұма күні намаз үшін азан айтылған кезде, дереу Алланы еске алуға (намазға) ұмтылыңдар; және сауданы қойыңдар, егер білген болсаңдар, сендер үшін жақсы. Намаз өтелген кезде, жер жүзіне таралыңдар да Алланың мәрхаметінен несібе іздеңдер. Сондай-ақ Алланы көбірек зікір етіңдер. Әрине құтыласыңдар» деп азанға ерекше мән беріледі. (Жұма 62/9-10).
Исламдағы негізгі рәміздердің біріне саналатын азан – Исламның тұтастығын қамти отырып, Алланы ұлықтайды. Ал азаншы иманға куәлік етіп, адамдарды құлшылық қылуға, Алланың разылығын іздеуге шақырады. Құран-Кәрімде былай айтылған: «Шын! Мен Мұсылмандарданмын», – деп, Аллаға шақыра отырып ізгі іс істеген кісіден сөз тұрғысынан жақсы кім бола алады?».
Азан айтушы да, азан тыңдаушы да сауап алады. Қазақта «Құдайға жағам десең азанды бол, елге жағам десең, қазанды бол» деген нақыл бекер айтылмаса керек. Хз. Омардың «Халифа болмағанымда, азаншы болар едім» дегені бар. Пайғамбарымыздың хадисінде (ғ.с.): «Қиямет күні азаншылар пыраққа мініп жүреді, оны көрген ел: ой бұл қайсы пайғамбар, не қайсы шаһиттер,- деп бір-бірінен сұрайды. Сонда Алла Тағала сол елге хабар береді: «Олар пайғамбарлар емес, шаһиттер де емес, жалған дүниеде азан айтқан пенделер» делінген.
Азан жаннатқа жетейтін ұлы жолдардың бірі. Пайғамбарымыз (с.а.с): «Кімде-кім азаншының дауысын естіген кезде Раббы ретінде Аллаға, дін ретінде Исламға және пайғамбар ретінде Мұхаммедке (с.а.с.) разы болдым деген дұғаны оқыса күнәлары кешіріледі» деген.
Азаншы болу зор мәртебе. Алланың Елшісі (с.а.с). айтады: «Азаншының дауысы жеткен жерге дейінгі күнәсі кешіріледі. Оған берілетін сауап онымен бірге намаз оқығандардың сауабымен теңеседі». Пайғамбарымыз (с.а.с). азан шақырушылар үшін «Алла Тағала , имамдарды тура жолға сал, тура жолдан айырма, азаншыларға кешірім ет!» деп арнайы дұға жасаған. Демек азаншы болу ұлы бақыт.
Мұсылмандарды намазға шақыру ұлы міндет, зор жауапкершілік. Исламдағы ұлық міндетті атқару екінің біріне тапсырыла бермейді. Иманды пендені күллі әлемнің Иесінің алдына жинау үшін де аса жоғар талап, парыз жүктеледі. Ол сенімнің мүддесінен шығу оңай емес. Өзіне жүктелген мәні мен сұрауы терең тапсырманы атқару сауапқа кенелтумен қатар, ықтияттылықты қажет етеді. Азаншының ақыл-есі дұрыс, ер мұсылман болуы керек. Кәпірге, жындыға және мас кісіге азан шақырту дұрыс емес. Пасық пен жүніп күйдегі адамның азан шақыруы мәкруҺ тахриман. Бір адамның шақыруы жартысын біреу, келесі жартысын басқа біреу шақырған азанның дұрыстығы жойылады.Ибн Аббас (р.а). Аллаһ елшісінің ,- дегенін жеткізген.
Азан шақырушының бойында бірқатар қасиеттердің болуы міндетті. Атап айтқанда уақытты білу; азан шақыруға ерінбеу; міндетсінбеу; халыққа шариғат айту; өзінен басқа азаншыны жек көрмеу; мешітті таза ұстау; азанды қысқа айтпай созып айту секілді міндеттемелері бар.
Сонымен қатар азан шақырушыға сүннет болатын бірнеше қасиеттер болуы тиіс. Нақтылап айтсақ: Қыбыланың қай жақта екенін біліп, намаз уақытының келгенін анықтай алуы, күнә жасаудан аулақ жүретін, сүннетті білетін, тәрбиелі болуы қажет.
Бүгінгі қоғамда Аллаға шүкір Ислам кең қанат жайып, еліміздің барлық елдімекенінде мешіттер бой көтерді. Тіпті ең шалғай ауылдарымызда Алланың үйі менмұндалап тұрғаны қуантады. Күнделікті бес уақыт намаздың алдында азан дауысы әуеде қалқып, халықты иманға, сәждеге шақырып, мәңгілік мұраттың есігіне тартады. Бұл бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманының жемісі, бүгінгі көрінісі. Әр намаздың алдында Алланың атымен шақырып тұрған азаншы бауырларымыз, мешіт табалдырығын аттаған мұсылманның қатары көбейген сайын шаттана түсері сөзсіз. Себебі ақыретте Жаратушымыздың мейіріміне бөленер жандардың ортасында жүзі бал бұл жанып, рақатқа бөленіп тұрғанға не жетсін. Алла осы ниетімізге жеткізсін деп тілейік.
Пайдаланған әдебиеттер:
Ihsan.kz
(Фуссилат сүресі, 33).
Имам Бухари
www.elana.kz
asyldin.kz
mazhab.kz
Мәида 5/58.
Жұма 62/9-10.
Taglym.kz. Қасымбеков НұржанҚМДБ, Шымкент қаласы орталық мешітінің азаншысы.