Коронавируспен күрескен қазақстандық дәрігерлер күн демей, түн демей кезекшілікте болып, отбасынан жырақта жүріп қызмет етті. Науқастарды қабылдаудан бастап, олардың көңіліне қаяу түсірмей, барынша қолдау білдіруге де тырысты. Вирустан сақтайтын арнайы қорғаныш киімін де тәулік бойы киіп жүруге мәжбүр болды. Ауа өткізбейтін формамен жүру, көздің астын қажайтын медициналық бетперде тағу әсте оңай емес. Карантин кезінде еңбек еткен ақ халаттылармен тілдескен едік.
Мира Тұрымқызы – Ақтөбе медициналық орталығының кеңес беру диагностикалық бөлімшесінің терапия бөлімінің аға медбикесі. Медицина саласында қызмет етіп жүргеніне сегіз жарым жылдан асты. Пандемия кезінде провизорлық орталықта қызмет еткен. Дәрігермен болған диалогты әрмен қарай монолог түрінде берсек.
«Жалпы әйелдер қауымы қазір жұмыс пен үй шаруасын ұштастырып-ақ жүр. Ал пандемия кезінде сәл өзгеше болғаны рас. Біз провизорлық орталықта болдық. Бұл жерге ауру симптомдары бар адамдарды арнайы жедел жәрдем көлігімен алып келеді. Яғни тамағы ауырып, қызуы көтерілгендерді қабылдап аламыз. Ол жерде вирус жұғу қаупі жоғары екені белгілі. Сондықтан арнайы штаб құрылып, басшымыз емханадан блок жасап берді. Сол жерден орталыққа дейін жедел жәрдем көлігі күн сайын апарып, алып келеді. Барлық жағдайымызды жасап берді. Дәрігердің міндеті – науқасты емдеу. Сондықтан вируспен күресуден гөрі бала-шағадан жырақта, көрместен жұмыс істеу қиынырақ болды. Карантин кезінде жолдасым мен 11 жасар ұлым үйде қалды. Көрмесек те, көріскендей ететін смартфонның болғаны қандай жақсы. Қолымыз қалт еткенде бейнеқоңырау шалып, аман-саулық сұрасып тұрдық.
Айтқандай, міндетімізді атқару әсте қиын болған жоқ. Ауыр тұсы – сол жердегі атмосфера. Келіп түскен науқас болсын, емдеп жатқан дәрігерлер болсын психологиялық тұрғыдан қиналды. Әсіресе бас кезінде. Өйткені COVID-19 туралы алғашқы жаңалықтарды естігеннен-ақ жұрт дүрлікті. Одан біздің елімізге де жетті. Қанша жерден медицина маманы болсақ та, жақындардың жағдайы үшін алаңдадық. Оның қаншалықты қауіпті әрі таралуы тез вирус екенін білетін бірден-бір жан біз едік. Әйтсе де қазақта «Үш күннен кейін көрге де үйренесің» деген сөз бар емес пе? Сол секілді бойымыз үйренді, әу бастағы үрейді де жеңгендей болдық. Сөйтіп міндетімізді белсене атқаруға кірісіп кеттік.
Провизорлық орталыққа келген беттегі науқастардың түрі көз алдымда. Ол кездегі сезімді айтып жеткізу мен үшін өте ауыр. Бір сәт сол кісілердің орнына өзіңді қойып көргеннің өзі оңай емес. Әрі бірінші келгенде көбінің бойын қорқыныш билейді. Кейін жанындағы науқастарға қарап, ішкі атмосфераға біртіндеп ене бастайды. Қажетті ем-домды алып, нұсқауларды бұлжытпай орындап жүрді. Сынама жасалып болып, ондағы нәтиже теріс болып шықса, қалай қуанғанын көрсеңіз. Сондай жайдары қалыппен үйіне қайтатын. Ондайда іштей біз де қуанып қаламыз.
Вирус жұқтырған науқастармен жұмыс істегендіктен, арнайы киім беріледі. Оны шешпей киіп жүру қиын болды. Ауа жетпей, тұншығасың. Өзіме сол жағынан ғана ауырлау болды. Ал басқасының бәрі – күнделікті жұмыс. Тәулік бойы қызмет етуден шаршадық деп мүлдем айтпас едім. Тек сол қажытқан тұсы – психологиялық ахуал мен киім.
Таңертеңгі сегізден ертеңгі сегізге дейін кезекпен жұмыс істедік. Одан кейін келесі адаммен алмасамыз. Әріптестен кезекті қабылдап алған соң бірінші кезекте науқастардың жағдайын қадағалаймыз. Науқастардың дене қызуын өлшеу, бөлмені әр үш сағат сайын тазартып, кварцтау, әр науқастың шағымын тыңдап, дәрігер тағайындаған ем-домды жасау, төрт мезгіл палаталарына тамақ апарып беру, қызуы көтерілген науқас болса, оны ерекше бақылауға алу міндетіміз еді. Одан қалса, жұбатып, көңілін аулау қажет. Барынша қолдауға тырыстық. Меніңше, осы кездер карантинде жұмыс істеген медицина қызметкерлерінің баршасының есінде ерекше қалады» дейді Мира Кужакулова.
Зәуре Жылқыбаева Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің көпсалалы медициналық орталығының инфекциялық блогында бас медбике болып қызмет атқарады. Төрт баласы бар. Медицина саласында жүргеніне биыл 35 жыл. COVID-19 вирусымен күрес жүргізу үшін аталған орталықта инфекциялық изолятор ашылған. Зәуре Жұманқызы – коронавируске қарсы шығуға бет алған дәрігерлердің бірі.
«Нұр-Сұлтан қалалық Денсаулық сақтау басқармасының ұйғарымымен изоляторға қызмет етуге қаламыздың барлық медициналық мекемесінен дәрігерлер, медбикелер мен тазалықшылар жіберілді. Жұмыс күні таңғы жиналыстан басталады. Яғни бір күндік жоспарды пысықтап аламыз. Қай маманның қай бөлімде, қандай іс-шаралар өткізетіні айтылады. Вируспен күрес болғандықтан, тазалық өте маңызды. Сондықтан алғашқы күндерден-ақ гигиеналық талапты қатаң сақтауға шарт қойылды. Тазалықшылардың жұмысы да жіті бақылауда болды. Инфекционист дәрігерлер науқастардың жағдайын барынша жасайтын. Медбикелерге нұсқауларды тәптіштеп жазып береді. Сол бойынша ем-дом жүргіземіз. Шыны керек, жұмыс кестеміз өте тығыз болды. Изолятор кәдімгі аурухана сияқты емес. Себебі коронавирус қауіпті инфекция қатарына жатады. Күні бойы қорғаныш киімін киіп жүреміз. Таза аймаққа кіргенде ғана ол киімді ауыстырамыз. Оның өзінде қажеттілік – тамақтану, кезекшіліктен кейін демалу үшін. Басқа кезде қызметте болдық. Отбасымызды мүлдем көрмедік. Ұялы байланыс арқылы есендігімізді сұрасып жүрдік. Есімде, бастапқы кезде отбасымызды қатты сағынатынбыз. Үйренісіп кету оңай болмады. Әйтсе де кәсіби міндет, азаматтық борыш пен мойнымыздағы жауапкершілік бар. Басыбайлы қинап ешкімді жұмыс істетпеді. Бәріміз дәрігерлік міндетімізді атқару үшін өз еркімізбен келістік. Осындай ауыр сәтте ақ халаттылардың көмегіне мұқтаж болғанда, қалай қол қусырып отырамыз? Бастысы міндетімізді барынша мінсіз атқаруға тырыстық» дейді елордалық дәрігер.
Ислам тарихына көз жүгіртсек, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) заманында да медбикелер болған. Көбіне бұл қызметті әйелдер атқарған екен. Адамзаттың ардақтысымен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сапарға бірге шығып, жорықтарға қатар аттанған. Мәселен, Хайбар шайқасына алты әйел өз еркімен сұранып, жарақат алғандарды емдеумен айналысқан. Бұдан бөлек мұсылман дәрігерлер мен жалпы адам өміріне төнген қауіпті сейілтуге барын салатын жандардың дініміздегі орны ерекше. Мәртебесі де биік. Сол құрметтің қазіргі заманда да жойылмағаны жөн. Білікті дәрігердің көбейгені – қашан да қуантарлық жайт. Сынаққа толы сәттерде науқасты емдеуге барын салуға серт берген жандардың абыройы асқақтай берсін.
Жадыра АҚҚАЙЫР
«Мұнара» газеті, №11, 2020 жыл