Жуырда, Шымкент қаласы, Абай ауданы, Құрсай тұрғын үй алабында орналасқан «Құрсай» мешіті қайырымдылық акциясын ұйымдастырды.
Өздеріңізге белгілі, әлемді жайлаған жұқпалы дертке байланысты, көпшілік болып іс-шаралар өткізуге және құдайы ас жиын өткізуге уақытша шектеулер қойылған.
Осы жағдайды ескеріп, Құрсай тұрғын үй алабының тұрғыны болған марқұм Дарханбек Амалбекұлының туысқандары жылдық құдайы асына кететін қаржыға 38 отбасыға құны 10 мың теңгені құрайтын азық-түлік себетін таратылды. Атап айтқанда, әр өсімдік майы, шәй, күріш, қант, ұн, макорон, түрлі тәттілер, т.б. заттар.
Шара барысында «Құрсай» мешітінің имамы Бауыржан қажы Байжанов уағыз-насихат айтып, діни басқарманың жұмыстары туралы баян етті. Ал ауылдың абыз ақсақалы Бөріұлы Ордабек ата бата беріп, елдің амандығын тіледі.
Айта кету керек, жуырда ғана «Құрсай» мешітінің ұйымдастыруымен елді мекен тұрғындарына әлемге дүрбелең салған жұқпалы індеттен қорғаныш ретінде бетперде (маска) үлестірді.
ҚМДБ-ның Шымкент қаласы
бойынша баспасөз қызметі