Ислам ғалымы, шейх  Әдәб Әлидің баласына айтқан  насихатына 700 жылдан астам уақыт өтсе де күні бүгінгі дейін құндылығын жоймаған.  Енді, соны оқып көрелік:

«Балам, таң  ағарып ата бастағанда  дүние есігін ашып,  кешкі азан айтылғанда  өмірден өтіп кететін жандар жеткілікті.  Сондықтан  әр күннің қадірін біл!

  Ақылыңды, бойыңдағы күшті, аузыңдағы сөзді қашан, қай жерде, айту  керектігін білгейсің. Әйтпесе, бір күні жел ұшырған қауқарсыз жапырақ кейпіне түсерің анық. Ашуың мен нәпсің бір жақ боп ақылыңды жеңіп кетпесін. Ылғи да сабырлы, тұрақты бол, жігерлі болуға ұмтыл!

Ата-анаңды құрметте! Береке үлкендермен бірге жүретінін есіңнен шығармағайсың! Бұл жалғанда  наным-сеніміңнен қол үзіп қалар болсаң, жап-жасыл күйіңде қурап, шөлге айналасың. Ақжарқын бол, ашық айт. Әр сөзді көңіліңе ала берме. Көп білемдікке салынба, әр көргеніңді айта берме.

Өзіңді жақсы көретін жерге көп барма,  сый-құрметтен айырыласың. Үш кісіге жаның ашысын:

1. Надандар арасындағы ғалымға;

2. Байлығынан қол үзген кедейге;

3. Құрметке ие болып жүріп абыройынан айырылған адамға.

Жоғары орынға жайғасқандар төмендегілер сияқты алаңсыз отыра алмайтындығын ұмытпа! Ақ екенің рас болса, күресуден қорықпа!».

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38