Бақдәулет қажы Абдрахманов,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы
Шымкент қаласының бас имамы
Күллі мұсылман үмбетінің ұлық мейрамы – Ораза айтпен шын жүректен құттықтаймын.
Дана халқымыз қасиетті Рамазан айын ежелден ерекше қастерлеп: «Он екі айдың сұлтаны», – деп қадірлеген. Ал мереке күндері ағайын-жұрт бір-біріне «айт қабыл болсын» айтып, жылы лебіздері мен ізгі тілектерін арнаған. Ағайын-туысқа, балалар мен қадірлі қонақтарға айттық беру – сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан игі дәстүр.
Ораза айт – қонақжайлық пен мейірбандықтың, достық пен татулықтың мерекесі. Ізеттілік пен ізгілікке, бірлік пен игілікке үндейтін бұл мейрам елімізде тұратын түрлі ұлттар мен ұлыстарды да ынтымаққа ұйыстыра түседі.
Құрметті қауым!
Жалпы, айт сөзі – «мерекелеу», «хал сұрасу», «бір-бірін қуанту», «қуанышқа топталу» деген мағыналарды білдіреді. Жаратушы Иеміз әрбір ізгі амал мен игілікті істің сауабын беріп, мейірім-шапағатын төгеді. Кеңпейіл, бауырмал, қонақжай, дархан мінезді мұсылман халқымыз Ораза айтты ерекше атап өткен.
Алайда, биылғы ораза айт мерекесі әлемде дүрбелең салған Сovid-2019 жұқпалы індетіне байланысты және карантин талаптарына сәйкес мешіттерде айт намазы оқылмайды. Тәртіпке бағынуды сұраймыз. Бұл – сіз бен біздің, өз отбасымыз бен ең жақын туыстарымыздың денсаулығы мен өмірінің игілігі үшін қабылданған шара болып саналады.
Биыл еліміздің мұсылмандары өз үйлерінде болып қасиетті Рамазанда ауыз бекітіп, шарапаты мол айда жасалған ізгі іс-шараларымызға атсалысты. Мешіттерімізде «Жүрек жылу» «Бізбіргеміз» қайырымдылық акциялар өтті. Тұрмыс жағдайы төмен отбасыларына көмек көрсетілді. Су тасқыны болған Мақтаарал және Төлеби аудандарына гуманитарлық көмек көрсетілді. Сауабы теңдессіз осынау жақсы істерге үлес қосқан отандастарыма «Алла разы болсын» айтамын.
Құрметті бауырлар!
Мұсылман қауымының осынау шуақты мейрамында әрбір шаңыраққа баянды бақыт, Алланың амандығы мен берекетін тілеймін.
Қасиетті Рамазан айында ұстаған оразамыз, жасаған әрбір қайырлы амалдарымыз, дұға-тілектеріміз қабыл болсын!
Тәуелсіз еліміз аман, жұртымыз тыныш һәм баянды болғай! Әмин!