Mейірім – адам бойындағы шынайылық пен сүйіспеншіліктен туындайтын жүрек мейірбандығы. Ол рақым шуағынан тарайтын этика нормасы. Мемлекет басшысының отандастарына, имамның жамағатқа, әке-шешенің балаларына, байдың кедейге, денсаулығы дәрменділердің науқастарға жанашырлығы мейірімділіктен туындаса керек. Сондай-ақ Алла Тағаланың құлдарына, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмбетіне, мұсылмандардың бір-біріне деген мейірімі оның басқадай қырын көрсетуде.
Рақым мен мейірім – бір ұғым. Негізінде рақым деп жүрек нәзіктігін, жұмсақтығын айтамыз. Алайда ол мейірім, сүйіспеншілік деген мағыналарды да білдіреді. Ал қатыгез, тасжүрек кісілерге мейірім пен сүйіспеншіліктен жұрдай адам деп жататындығымыз содан. Мұны этикалық тұрғыдан төмен деп бағамдауға болады.
Назар аударатын болсақ, мейірім пен рақымның ортақ нүктесін «сүйіспеншілік» қалыптастыруда. Егер жүректен сүйіспеншілік алынып тасталса, мейірім мен рақымның ұшқыны қалмайды. Олай болса, мейірім мен рақымның өзегі – сүйіспеншілікте. Сондықтан екеуі бір арнада тұрса, ол жерде міндетті түрде сүйіспеншілік бар деген сөз.
Құран Кәрімде Алла Тағаланың құлдарына (пендесіне) деген мейірімі мен рақымы туралы аяттардың көптеп келуі, Алланың адамзатқа деген сүйіспеншілігіне ишарат етуде. Яғни Алла Тағала көптеген аяттарында: «Алла – құлдарына ерекше мейірімді» («Бақара» сүресі, 207-аят), «Күмәнсіз Алла адамдарға ерекше мейірімді және өте рақымды» («Хаж» сүресі, 65-аят) деп, құлдарын өте жақсы көретінін және оларды қолдап, қорғайтынын айқын білдірген. Мейірім мен рақым – иләһи сезім және рахмани сипат. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде Алла Тағала өзінің рақымын жүзге бөлгенін, тоқсан тоғыз бөлігін өзіне қалдырып, қалған бір бөлігін әлемге (жер бетіне) түсіріп, оны адам, жын және хайуанат сияқты жанды мақлұқаттарға бөліп бергенін білдіреді. Тіпті бір биенің құлынын басып кетпейін деп аяғын абайлап басуының өзі осы рақымнан туындауда (Бұхари, Әдеп 19).
Ұлы Жаратушымыз мұндай мейірімді бізден де күтуде. Адамзат баласына сүйіспеншілік танытуды, мейірім мен рақым көрсетуді талап етуде. «Бір-бірлеріңді жақсы көрмейінше жәннатқа кіре алмайсыңдар» (Тирмизи, Сифатул-Қияма, 57), «Рақым көрсетпегенге, рақым көрсетілмейді» (Бұхари, Әдеп, 18), «Алла Тағала адамдарға рақым етпегендерге рақым етпейді» (Бұхари, Таухид 2) деген хадистер бізді мейірім мен рақымға баулуда. Құран Кәрімде сахабалардың мейірімі мен рақымы тұрғысында «Мұхаммед – Алланың пайғамбары. Оның жанындағылар болса, кәпірлерге өте қатал, ал өз араларында өте мейірімді» («Фатх» сүресі, 29-аят) деп дәріптелген.
Ислам руханиятының төрінен орын алатын мейірім мен рақым тек адам баласымен ғана шектеліп қалмай, хайуанатқа да мейіріммен мәміле жасауға көңіл бөледі. Расулулла (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде былай дейді: «Бір адам сапар шегіп бара жатқанда қатты шөлдеді. Тіпті шөлге шыдай алмайтын дәрежеге жетті. Сол уақытта бір құдыққа кез болды. Құдықтың ішіне түсіп, шөлін қандырды. Құдықтан шыққанда шөлдегеннен топырақ жалап жатқан бір итті көреді. Әлгі адам өз-өзіне: «Мына ит те мен сияқты қатты шөлдеген екен ғой» деп қайтадан құдыққа түсіп, аяқ киіміне су толтырып алып шығып итке береді. Алла тағала оның бұл әрекетіне риза болып күнәларын кешіреді». Сонда сахабалардың кейбірі: «Уа, Алланың елшісі! Бізге хайуанаттарға жасаған жақсылықтарымыз үшін де сауап бар ма?» – деп сұрады. Расулалла (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Иә, әрбір мақлұқатқа жасаған жақсылық үшін сыйлық бар», – деді (Бұхари, Ширб 9). Бір күні Пайғамбарымыз ансар сахабаның бірінің бағына кірді. Ол жерде бір түйе байлаулы тұрған болатын. Түйе Пайғамбарымызды көргенде боздап, көзінен жас аға бастады. Расулалла (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түйенің жанына барып, көз жасын сүртті. Түйе тынышталды. Расулалла (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бұл түйенің иесі кім?» – деп сұрады. Ансарлық жас жігіт: «Ол түйенің иесі менмін» деп ортаға шығып еді Пайғамбарымыз: «Алланың саған мүлік ретінде берген мына түйеге не істегенсің? Алладан қорықпайсың ба? Маған қара, түйең маған шағым айтуда. Сен оны аш қалдырып, көп шаруа жасатып, шаршатады екенсің», – деді (Әбу Дәуіт, Жиһад, 47).
Дініміз бойынша барша жаратылғанға мейірім мен рақым жасау, олардың мұқтажына ортақтасу – әрбіріміздің басты міндетіміз. Сондықтан шынайы қызмет көрсету – мейірім мен рақым есігі. Мақлұқатқа қызмет көрсете білген адам, өз бойындағы мейірімі мен рақымын толықтай айғақтады деген сөз. Осы себепті бір мұсылманның мұң-мұқтажына көмектесу, басына түскен түрлі қиындықтардан құтқару, Алла ризалығына жетелейтін амалдардың бірі болмақ. «Ізгілік пен тақуалықта (бір-бірлеріңе) жәрдемдесіңдер. Күнә істерде жә-не дұшпандық жасауда жәрдемдеспеңдер» («Мәида» сүресі, 2-аят) деген аят жәрдемдесудің түрінен хабар берсе, «Расында иман келтіріп, хижрет еткендер Алла жолында мал-жандарымен жиһад еткендер, ал мұхажирлерді қамқорлығына алып, жәрдем еткендер, міне осылар – бір-бірінің достары» («Әнфал» сүресі, 72-аят) деген аят мұхажирлердің мал-жанымен дінге жасаған қызметін көрсетсе, ансарлықтардың да оларды құшақ жайып қарсы алуы айрықша мадақталған.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көптеген хадисінде адамдарға жәрдем етуді және мұсылмандарға қызмет көрсетуді ынталандырумен қатар, оған берілетін сауаптарға тоқтала кеткен: «Адамдардың ең жақсысы (өзге) адамдарға пайдалы болғаны. Сен де оларға пайдалы бол» (Мұттақи, Кәнз, XVI, 128) деген хадисі хазірет Әбу Бәкірге қаратыла айтылса керек. Өйткені ол Пайғамбарымыздан кейінгі өте қайырымды, адамгершілігі мол жан болатын. Ол бүкіл ғұмырын Ислам жолына қызмет етуге арнады, керек десеңіз малын, тіпті жанын беруге дайын тұрды. Ол туралы Расулалла (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сұқбаттарымен, мал-мүлкімен маған ең көп жәрдем еткен Әбу Бәкір. Егер мен Раббымнан басқасын халил (дос) ететін болсам, онда міндетті түрде Әбу Бәкірді халил етер едім» (Бұхари, Фадаилул-Асхаб 3) деген. Сондықтан Ислам дініне қызмет ету жағынан хазірет Әбу Бәкірдің алатын орны ерекше. Оның қызмет етудегі сүйіспеншілігі һәм Ислам дініне және мұсылмандарға көмектесуіндегі күш-қайраты тек Алла разылығы үшін жасалғандықтан, «Сыддық» (шыншыл) деген лақап атқа ие болды. Күллі жаратылыс атаулыға мейірім мен рақым көрсете білді. Хазірет Әбу Бәкірдің адамдарға мейірім мен рақым көрсетуін және өзгелер үшін үлгі-өнеге болғанын Хазірет Омардың мына сөзінен байқауға болады. «Мәдина қаласының шетінде ешкімі жоқ, көмекке мұқтаж бір қарт әже өмір сүретін. Ол әжеге жәрдем етейін деп қасына барсам, әр уақыт хазірет Әбу Бәкір оның барлық мұқтажын қамтамасыз етіп қойғанын көретін едім».
Алла Тағала құлының өзге құлына қалай қарым-қатынас жасағанына назар аударады. Ол қалай қарым-қатынас жасаған болса, Алла Тағала оған солай қарым-қатынас жасайды. Әділетсіздікпен өкпелейтін болса, оған өкпелейді. Мейірім мен рақым көрсететін болса, оған да мейірім мен рақым көрсетіледі. Біреудің көңілін аулайтын болса, көкейіне тыныштық ұялатады. Әлдебіреудің жүрегіне жара салған болса, оның да жүрегіне уайым-қайғы салады. «Рақым жасамағанға рақым көрсетілмейді» (Бұхари, Әдеп, 18) деген хадиске орай «Рақым жасағандарға Алла Тағала да рақым жасайды» (Тирмизи, Бирр, 16) деген хадис бұның ең биік дәлелі болмақ. Яғни жасағанына сай сый-құрмет көреді.
Мұсылмандарға жәрдем ету мақсатымен қызмет жасағандарға ұлы Раббымыз да жәрдем етеді. «Мүмін құл дін бауырының жәрдемінде болған уақытта Алла Тағала да ол құлға жәрдем етеді» (Мүслим, Зікір 38) деген хадис бұл ақиқатқа назар аударуға үндейді. Сол себепті не істейтін болсақ, оның қайтарымын Жаратушымыздан аламыз. Сондай-ақ жоғарыдағы хадистер еңбек еткендерге, қайырымдылық жолында атсалысқандарға зор сүйінші береді: «Кімде-кім бір мүмінннің дүниедегі қиындықтарының бірін шешетін болса, Алла Тағала да Қиямет күнінде ол мүміннің қиындықтарының бірін шешеді (жеңілдетеді). Кімде-кім қиналғанға жеңілдік көрсететін болса, Алла Тағала да оған дүниеде және ақыретте жеңілдік көрсетеді. Кімде-кім бір мұсылманның айып-кемшілігін жасыратын болса, Алла Тағала да оның дүниедегі және ақыреттегі айып-кемшілігін жасырады».
Өміріміз күн өткен сайын кеміп барады. Бәріміз кіші Қиямет қайымға қарай жақындаудамыз. Істеген ісімізден есепке тартылатын күні Алла Тағаланың жаратқандарына мейірім мен рақым танытқанымыз үшін нығметке бөленіп жатсақ, не деген бақыт! Ол уақытта жәрдемшіміз, қамқоршымыз тек қана жаратушымыз Ұлы Алла тағала болады. Ол не деген жақсы дос, неткен жәрдемші!
Сансызбай ҚҰРБАНҰЛЫ,
Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі