РАМАЗАН АЙЫ МҮБӘРАК БОЛСЫН!

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Құрметті мұсылман қауым!
Қадірлі жерлестер!
Сағына күткен қасиетті Рамазан айына аман-есендікте жеткізген жаратушы иеміз Аллаға шүкір, бұл айда ораза ұстауды үйреткен пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың салауаты мен салемі болсын.
Сіздерді мүбәрак Рамазан айының келуімен құттықтаймын! Сындарлы сынақ сәтінде Сіздерге зор денсаулық пен сабырлылық тілеймін. Ниеттеріңіз қабыл, мұраттарыңыз асыл болсын!
Келіп жеткен, Рамазан – он екі айдың сұлтаны, Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, тозақ есіктері тарс жабылатын, шайтандар кісенделетін, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген берекеті мол, кешірімі көп ай. Бұл айда ораза ұстаған жанның жүрегіне иман нұры құйылады. Өйткені, ораза мұсылманды тақуалық сезімге бөлейтін, адам мен Алланың қарым-қатынасын нығайтып, рұхани дүниесін байыта түсетін, нәпсісін тәрбиелейтін ғибадат. Сондай-ақ, ораза сабырлылық, қайырымдылық, мейірімділік, жанашырлық, бауырмалдық, шүкіршілік секілді адамдық асыл қасиеттерге бейімдейтін құлшылық.
Рамазан айы – Жаратушы Иеміздің ұлы сыйы әрі нығметі. Сүйікті пайғамбарамыз Мұхаммед саллаллаһу әләйхи уәссәлам: «Кімде-кім ораза тұтса және Алла разылығы үшін шын ықыласымен тарауих намазын оқыса, Алла Тағала оның тіршіліктегі күнәларын кешіреді және не тілеген болса тілектері қайтарылмайды»,-дейді. Және «Ораза – сабырлықтың жартысы», «Сабырлық – иманның жартысы», – деген.
Қадірлі қауым!
Рақым айы – Рамазан құтты болсын! Қасиетті айда ұстаған оразамыз, жасаған дұға-тілектеріміз, құлшылық-ғибадаттарымыз, әрбір қайырлы амалдарымызды Алла тағала қабылдыққа жазсын! Жұртты алаңдатып отырған жаман індеттен Алланың Өзі сақтасын! Дертке шалдыққан бауырларымыз ауыруларынан айығып, отбасына аман-есен оралсын! Алла Тағала елге аман-саулық, береке-бірлік берсін!

Шымкент қаласының Бас Имамы

Бақтыбай қажы Қыдырбайұлы

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38