Әділдік – ізгіліктің өзегі. Әділдік жоқ жерде береке болмайды. Алла Тағала әрбір жаратылысты өз өлшемімен әділ жаратқан. Қоғамдағы қиянат пен жемқорлықтың жолын бөгейтін күш – әділдік. Әділдіктің салтанат құруымен ғана қоғам өркендейді.
Қасиетті Құранда: «Әділ болыңдар. Шын мәнінде Алла Тағала әділ болғандарды жақсы көреді» («Хужурат» сүресі, 9-аят) деп бұйырады.
Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында әділ болғандар қиямет күні нұрдан жаратылған мінберлерде болады…» (Имам Муслим) деп, әділдікті ұстанғандарға айрықша мәртебе берілетінін айтқан. Сондай-ақ Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірінің соңына дейін әділдікті, адалдықты насихаттап, басқаларға іс жүзінде үлгі бола білді. Одан тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге алған сахабалардың өмірі де әділдік пен адалдыққа негізделді.
Хакім Абай «Кімде-кімнің әділдігі жоқ болса, оның ұяты да жоқ» деп әділдікті адами құндылықтардың өзегі ретінде көрсеткен.
Мұсылманның ішкі жан дүниесі мен сырт келбеті, барлық іс-әрекеті әділдікке негізделуі тиіс. Төле би бабамыз «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп, туралыққа, әділ болуға шақырған.
Әділдік – адам баласының жеке өмірінен бастап, отбасылық, қоғамдық және мемлекеттік қатынастар секілді барлық салаларда орын алуы тиіс. Ал әділдік мына сипаттарда көрініс табады:
Адал
Шыншыл
Турашыл
Уәдеге берік
Аманатқа берік
Ақылды
Сенімді