Ахметжан қажы Керімбек,
ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамы, дінтанушы
ДІНИ РӘСІМДЕРДЕГІ (жаназа, құдайы ас) ЫСЫРАПШЫЛДЫҚ МӘСЕЛЕСІ
Бисмилләһир рахманир рахим!
Аса Қамқор, Ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!
إن الحمد لله نحمده، ونستعينه، ونستغفره، ونعوذ بالله من شرور أنفسنا، وسيئات اعمالنا، من يهده الله فلا مضل له، ومن يضلل فلا هادي له، وأشهد أن لاإله إلا الله وحده لاشريك له ، وأشهدأن محمدا عبده ورسوله.
Барлық мақтау бүкіл әлемнің иесі Аллаға тән. Бүкіл әлемге қамқорлық әрі ескертуші ретінде жіберілген әлемнің ең соңғы Пайғамбары Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) сәлем әрі салауат болсын!
Халқымыздың тарихында қазіргі замандағыдай жетістіктерге, тоқшылыққа жетпеген болармыз, сірә… Соның кері салдары болар, бәлкім, кей кездері ысырапшылдыққа жол беріп жататындығымыз өкінішті-ақ.
Заманауи өмір әкеп тіреген тығырықтың бірі – шексіз тұтыну мен тұтынушылыққа ес кете ұмтылу, ысыраптың шарықтау шегіне барып, орташа тұрмыс, қоңыр тірлік жайлы түсініктің толық жойылуына себеп болып отыр десек артық айтқандық болмас. Солардың ішінде, босқа өткен уақыттарданкеректі-керексіз жанған жарыққа, бекерге қосылған аспап-жабдықтардан қоқысқа тасталған нанға, аста-төк жасалған құдай астарға жайылған дастарханға, артық алынған заттардан бос шимаймен тасталған қағаздарға, бей-берекетсіз тұтынылған суға, т.б. дейін санасаң бітпейтін іс-әрекеттеріміз ысырап пен тұтынушылықтың шектен шыққанының бір көрінісі.
Ысырап туралы
Араб тілінде «шектен шығу, қате, надандық, ұқыпсыздық, әуестік және құмарпаздық» секілді мағыналар білдіретін «сереф түбірінен туындаған исраф (ысырап) сөзі жалпы алғанда, «сенімде, сөзде және амалда дін мен әдет-ғұрыптың белгілеген шегінен шығу, шектен шығу», жекеше мағынасында «қолдағы затын немесе мүмкіндігін дұрыс емес, заңсыз мақсаттар жолында жұмсау, шамадан шығу, шамаға қарамау, төгіп-шашу» деген сөз. Ысырап «шамаға қарау, мөлшерден аспау» мағынасындағы үнемдеуге қарама-қарсы болады. Анықтаңқырап айтқанда, «орынсыз, пайдасыз бекерге жұмсалған барлық нәрсені» ысырап ретінде бағалауға болады.
Жан қайғысы болған үйде мал қайғысы болмасын
Кейінгі уақыттарда түрлі деңгейдегі жиындар мен құдайы астарда жаназа кезінде аста-төк дүниелерге орын беріліп жатады. Қазақ мақаланда «Жан қайғысы болған үйде мал қайғысы болмасын» немесе «Өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деген қопалдау болсада айту керек. Сондықтан да әр нәрсені өзіндік нормаларымен атқарған дұрыс болады.
Осы күні құдай ас беремін деп қарызға қаржы алып жасайтындар табылып қалады. Кейін оның қаржысын өтеу үшін қанша мехнат шегеді. Бұл әрине,үлкен қателік.
Құран Кәрімде:
وَكُلُوا وَاشْرَبُوا وَلَا تُسْرِفُوا ۚ إِنَّهُ لَا يُحِبُّ الْمُسْرِفِينَ
«Ішіңдер, жеңдер, бірақ ысырап қылмаңдар. Шындығында, Алла Тағала ысырап қылушыларды сүймейді», – делінген [Ағраф сүресі 31 аят].
Құран Кәрімде ысырап сөзі әртүрлі мағына білдіретін ауқымды семантикалық құрылымда жұмсалғанын байқауға болады. Мұны негізге алған жағдайда, ысырап сөзі қолданылған орнына қарай, адам табиғатына жат іс қылу, құлдық (адами, пенделік) тепе-теңдікті жоғалту, сезімге беріліп іс қылып, жөнсіздікке ұрыну секілді мағыналар білдіреді.
Оның жанында, Құран Кәрімде ысырап пен рәсуаға жол ашар мінез-құлықтың шайтани сипат екені айтылады:
وَآتِ ذَا الْقُرْبَىٰ حَقَّهُ وَالْمِسْكِينَ وَابْنَ السَّبِيلِ وَلَا تُبَذِّرْ تَبْذِيرًا26) إِنَّ الْمُبَذِّرِينَ كَانُوا إِخْوَانَ الشَّيَاطِينِ ۖ وَكَانَ الشَّيْطَانُ لِرَبِّهِ كَفُورً
«Жақын туысқа, пақыр-міскінге һәм жолда қалған жолаушыға тиісті жақсылығыңды жаса! Мал-дүниеңді орынсыз шашып-төгіп, ысырап қылма. Шүбәсіз, ысырапқорлар шайтандарға бауыр. Ал шайтан болса, Раббысына рақметі жоқ, малғұн!».
Пайғамбарамыз (с.а.с) хадис-шәрифте былай деген: «Үнемдеген адам қиыншылық көрмейді» (Табарани).
«Құтқаратын үш нәрсенің бірі – бар кезде де, жоқ кезде де, байлықта да, кедейлікте де үнемдеушілік» (Бәйһақи).
Сондықтан, адам баласы бүкіл дүние-мүлкін Алла жолында жұмсап бітірсе де, төгіп-шашқан саналмайды, алайда, қажетсіз, орынсыз бір іске бар болғаны бірнеше тиын жұмсаса да, төгіп-шашқан, рәсуа еткен болады.
«Қияметте барлық адамдар мына төрт сұраққа жауап бермейінше есептен құтыла алмайды:
1) Өмірін қалай өткізді?
2) Ілімімен қалай амал етті?
3) Мал-мүлкін қайдан қалай тапты және қайда жұмсады?
4) Денесін қайда шаршатты, қайдан тоздырды?» (Тирмизи).
Пайғамбарымыз (с.а.с.) ысырапқа ұшырайтын екі маңызды нығметті былайша ескерткен:
نِعْمَتَانِ مَغْبُونٌ فِيهِمَا كَثِيرٌ مِنَ النَّاسِ: الصِّحَّةُ وَالْفَرَاغُ
«Екі нығмет бар, адамдардың көбі осы мәселеде алданады. Бұлар – денсаулық пен уақыт» (Бұхари, Риқақ, 1). Мұның жанында Алла Расулы (с.а.с.) құлшылық үшін болса да, дәрет және ғұсыл алғанда суды ысырап қылмаудан, орынсыз жерде су төгуден сақтандырған және бұған теріс әрекет еткендерді ескерткен.
Расында сахаба Саад бин Әби Уаққасқа «(Әй, Саад! Өзен жағасында дәрет алып жатсаң да, ысырап етпе!» деп ескерткен (Ибн Ханбал, Мүснәд, II/221; Ибн Мәжа, Тахарат, 48).
Ысыраптың түрі, көлемі ысырап ұғымын тек ішіп-жеу, дүние-мүлік және материалдық мүмкіндіктермен ғана шектеулі ойлау бұл сөздің мағыналық өрісін тарылту болып табылады.
Ұлы Абай хакім: “Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рахым ойлап қой – бес асыл іс көнсеңіз” деп ғақлия айтады. Осынау өсиеттерден ғибрат алсам деген әрбір жан адамдықтың ең асыл қасиеттерінің бірі – барға қанағат, жоққа шүкіршілік ету екендігін терең ден қоюы керек.
Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) Әнәс ибн Маликтен келген хадисте айтылған:
عَنْ أَنَسِ بْنِ مَالِكٍ قَالَ قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ
إِنَّ اللَّهَ لَيَرْضَى عَنْ الْعَبْدِ أَنْ يَأْكُلَ الْأَكْلَةَ فَيَحْمَدَهُ عَلَيْهَا أَوْ يَشْرَبَ الشَّرْبَةَ فَيَحْمَدَهُ عَلَيْهَا.
رواه مسلم
Мағынасы: «Шынында Алла Тағала бір үзім нан жеп шүкіршілік еткен және бір жұтым су ішіп шүкіршілік еткен пендеден разы болады» (Муслим 2734).
Шындығында пенде, адам баласы айналасындағыларға алғысын айтып, Жаратушыға шүкіршілігін жеткізе алады.
Ысыраптың шеңберін бұдан гөрі кеңірек алып, материалдық-рухани кез келген нығметтің жаратылыс мақсатына қайшы қолданылуы, керексіз жерге жұмсалуы, төгіп-шашу деп түсінген жөн. Сол себепті де, тұлға ретінде киім-кешекте, тұратын үйде, үйдің жабдықталуында көрінеді, уақыт пен денсаулық тәрізді нығметтердің қадірін білмеуде ысырап болып есептеледі. Керексіз жерде шүмектен аққан су, орынсыз жағылған электр қуаты қандай ысырап болса, уақытты босқа өткізіп, денсаулыққа зиян іс-әрекет ету де сондай бір ысырап түрі. Адам жарты литр сумен дәрет алуға мүмкін болып тұрғанда, қол жуғышта суды сарылдатып ағызып екі литр су жұмсау қандай ысырап болса, алты сағаттық ұйқымен тынығуға бола тұра, сегіз сағат ұйықтау да тап сондай ысырап.
Ислам түсінігі бойынша, ысыраптың шеңберін анықтау үшін бір нәрсені жұмсау, шығын шығару мәселесінде көрсетілген өлшемді назарға алған дұрыс.
Жеке тұлғалар мен қоғамдық ұйымдар қандай себеппен болса да пайдасыз, зиянды, заңсыз, орынсыз жерге, бір нәрсеге қаржы шығын қылса, бұл кім үшін болмасын ысырап. Сондықтан да, қағидадан асып кеуде кермеген жөн. Қажеттілік үшін немесе әдемілік үшін болсын жасалған әрбір қадамда айналадағы жұрттың жай-күйі назарда ұсталып әрекет еткен жөн.
Жалпы, шектен шығу туралы мына Құрандағы Таха сүресі, 81 аятында нақ айтылған:
وَلَا تَطْغَوْا فِيهِ فَيَحِلَّ عَلَيْكُمْ غَضَبِي ۖ وَمَنْ يَحْلِلْ عَلَيْهِ غَضَبِي فَقَدْ هَوَىٰ
«Бірақ шектен аспаңдар, әйтпесе сендерге қаһар да төгемін. Ал менің қаһарым кімге келсе, ол сөз жоқ, күйрейді» деген қағиданы тағы бір рет ескерейік дегіміз келеді. Әділдіктің төресі Алла тағала еңбектің еш болғанын қаламайды.
Құран Кәрімнің мақсатын жете түсінген Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілі мен сәлемі болсын) ізбасарларын дәрет алғанда ағын судың өзін артық қолданбауға шақырды. Осы өлшемді өміріне енгізе білген халқымыз «Судың да сұрауы бар» деп тегін айтпады. Сондықтан әрбір дүниемізді есеппен жұмсауды білсек, ақыреттегі есебіміздің жеңілдей түсері сөзсіз.
Ысыраптың сонымен қатар, тәкәппарлыққа жол ашатындығы анық. Хазірет Пайғамбар (с.а.с.): «Тәкаппарланбай және ысырап қылмай жеңдер, ішіңдер, киініңдер және садақа беріңдер» (Бұхари, Либас, 1) деп бұйырғанда, ішіп-жеумен қатар садақа беруге шақыра отырып, мәселенің қауіпті жағын сөз етеді, сонымен бірге бұл жерде материалдық, әрі рухани қауіпті, яғни ысырап пен тәкаппарлануды, менменсуді тыйып отыр. Сондықтан да, дүние нығметтерін пайдаланғанда шектен шықпау керек.
Ысырап бүгінгі күні жер бетіндегі халықтарды үлкен қиыншылыққа ұрындырар апатты жағдайға айналды. Соның ішінде, адамдардың өзара қарым-қатынастарына да елеулі тұрғыда әсер ететін мәселе болып отыр. Мұсылман ретінде: «Көршісі аш кезде тоқ жатқан бізден емес» деген Пайғамбар қағидасын біле тұра, түк білмейтін жандай ысырап қылып, тұтынушылыққа ес кете берілу өте-мөте қауіпті, қиын жағдай. Шын мәнінде, адамның ешқашан таусылмайтын тұтынушылық және қаржылық қажеттілігін пендеге бұйырған ешбір байлықтың өтей алмайтындығы анық.
Ысырапшылдықтың зардабын жас балаларға жастайынан үйретуіміз керек. Ысырапқа қатысты қоғамдағы келеңсіздікті балаға кеңінен түсіндіру – ата-ананың басты міндеттері болып табылады. Ата-ана баласына үнемдеу әдетін үйрету арқылы оған өмір бойы қажет ең маңызды нәрсенің бірін тарту еткен болады. Соның нәтижесінде балалар отбасында үнемдеуді, кез келген нәрсені орны-орнымен жұмсауды үйреніп, соған қарай бейімделіп, дұрыс бағытта қалыптасады.
Ысырап пен үнемшілдіктің жоқтығы қанағатсыздыққа, тұрмыс тауқыметіне, құмарлыққа, екіжүзділікке және ықылассыздыққа себеп болады. Сонымен қатар, ысырап, бір жағынан адамның адамгершілік сезімін жойып, екінші жағынан басқаға жалтақтап, тіленуге және жоқшылықта өмір сүруге мәжбүр етеді. Қазіргі кездегі адамдар есепсіз, ретсіз шығын шығарып, өзіне берілген нығметтерді ойсыздықпен сарп етіп, өмірінің есебін бермейтіндей бекерге өткізгенше, үнемшілдік пен қанағатшылдықты өмірлерінің негізі етіп, ішіп-жем, киім-кешек, үй-жай, көлік пен тұтыну бұйымдары секілді барлық қажеттіліктерін мұқтаждық шеңберіне сай қолға алып, әр мәселеде кішіпейілділік ұстанымына сай әрекет етуге тырысуға көңіл бөлуі тиіс. Сонда, баршамыздың да адаспайтындығымыз анық.
Қолданған әдебиеттер тізімі:
[1] «Құран-Кәрім», 2002 ж. «Дәуір» баспасы, Алматы.
[2] «Термизи», 1-том, 1999 ж. «Адолат», Ташкент.
[3] «Дурратун-насихин», 2004 ж., Ташкент.
[5] Риядус- солихин (Ізгілдердің бақшасы), Сауд Арабия. Жидда қаласы.
[6] «Ислам ғылымхалы», 2003 ж. «Дәуір» баспасы, Алматы.
[7] www. muftyat.kz