Бүгін елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Көкшетау қаласынан келген делегациямен кездесті.
Кездесуге белгілі қаламгер, қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев, ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев, Ақмола облысының бас имамы Қуаныш Сәбит, Ақмола облысы Дін істері бөлімінің басшысы Болат Нығметжанұлы қатысты.
Басқосуда Жабал Ерғалиев Ақмола облысының әкімі Ермек Боранбайұлының Наурызбай қажы Тағанұлына оның Бас мүфти лауазымына сайлануына байланысты жолдаған құттықтау хатын табыстады.
Жабал Ерғалиев Бас мүфтиге: «Сізді діни саланың дамуына үлес қосып келе жатқан белгілі азамат ретінде бұрыннан жақсы танимыз. Жаңа қызметіңізге Алла жар болсын! Елге есті сөз айту, ұрпақ тәрбиесін түзеу, өз діні мен дәстүрін, тілі мен ділін құрметтейтін жастарға жөн сілтеу – баршамызға ортақ борыш. Біз осынау ұлы мақсат жолында Сізге, барлық дін қызметкеріне қолғабыс етуге дайынбыз», – деген ақжарма тілегін жеткізді.
Наурызбай қажы Тағанұлы жастардың діни танымын байытуда Хәкім Абайдың тағылымын насихаттаудың маңызын айрықша атап өтті.
«Қазір біз медресе шәкірттері мен жалпы жамағатқа Абай атамыз меңзеген «толық адамды» кеңінен түсіндіріп жатырмыз. Расында, Абайдан алар тағылым мол. Біз, дін қызметкерлері, сіздер, яғни қоғам қайраткерлері, Абай тағылымын, оның діни тұжырымдарын жастарға көбірек насихаттасақ, олар деструктивті ағымдардың арбауында кетпейді деп сенемін» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Басқосу барысында Ақмола облысының бас имамы Қуаныш Сәбит Бас мүфтиге өңірдегі діни ахуал жайлы баяндап, бірқатар бастамаларын бөлісті.