Қазір ойыншықтың да, қуыршақтың да неше атасы бар. Қалтаңа қара да, қалағаныңды ала бер. Ал бұрын ше? Біздің ата-әжелеріміз бала кезінде қандай ойыншықпен ойнады?
Әрине, ол заманда жарыған ойыншық болмағаны белгілі. Төңкеріс болды, аштық болды, соғыс болды, балалар ерте есейді. Алайда, соның өзінде бала мен ойыншық бір-бірінен ажырамағанын байқаймыз. Бәріміз бұрынғы балалардың ойыны дегенде асық, тоғызқұмалақ, дойбыны ғана білеміз. Ал қуыршақтардан ше?
Журналист Қарагөз Смәділ: «Бірде апамнан: «Сіздер де бала күндеріңізде қуыршақ жасап па едіңіздер, ұлдар қандай ойыншық ойнайтын, олардың мылтық ойыншықтары болды ма?» – деп сұрағаным бар еді. Сөйтсем, ол кісілер ойнаған қуыршақ мүлдем басқа екен. «Мал қырыққанда бір уыс жүнді жинай жүретінбіз. Әлгі жүнді жұмырлап, бас шығарып, денесін жасап, қолдан қуыршақ істедік. Оған аналарымыздың құрағынан қалған қиындыларды құрап, көйлек-көншек жасадық. Жазға салым киіз басқанда біздің құдайымыз беретін. Киізден жасалған кішкене қуыршақтарымыз көп еді. Ол аз болғандай, сабаннан ұзыншалап та қуыршақ істеп алатынбыз», – деген болатын», – дейді.
Шынында, бұрынғының балалары қуыршақты өздері жасап алатын. Ал қазір баласына ойыншық әпермейтін, «Балаға ойыншық әперуге болмайды», «Бұрынғы қазақтар ойыншықпен ойнамаған» деген түрлі алыпқашпа әңгіме тарататын қуыршаққа жанымен қас адамдар шықты. Асыл дініміздің өзінде қуыршаққа тыйым салмаған. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Айша анамыздың (р.а) қос қанатты пырақ ойыншығын көргенде, онымен ойнауға тыйым салмай, керісінше жаны жадырап қоя берген.
Бала ойыншықпен ойнамаса, тәрбиесі ақсамайды. Өйткені сәбиінде ойыншықпен ойнаған баланың зейіні артатыны дәлелденген. Себебі бала ойын арқылы өсіп-өнеді, жетіледі. Ресейдегі Кунсткамера музейінде біздің ата-әжелеріміз ойнаған сан түрлі ойыншықтар сақталған. Соның бірқатарымен таныстырып өтсек.
Мәселен, мына суреттегі қолдан жасалған қуыршақ қыз (үстіңгі екі сурет) музейге XX ғасырдың басында Ақмола облысының Петропавл уезінен жетзіліліпті. Қуыршақты музейге этнограф Клавдий Щенников өткізген екен. Жоғарыдағы Қарагөз Смәділдің айтып отырған «жүнді жұмырлап, бас шығарып, денесін жасап» дайындалатын қуыршақ осы.
Негізі ағаштан, киімдері матадан жасалған. Ең ғажабы, қуыршақтың бет-жүзі көрсетілмепті. Керісінше қуыршақтың басына орамал таққан. Ұзын етек, кең көйлек кигізген. Осыған қарап-ақ біздің ата-бабаларымыздың балаға нағыз мұсылманша тәрбие бергенін байқауға болады.
Суреттегі екінші қуыршақ қыз (астыңғы екі сурет) XIX ғасырдың соңында жасалыпты. Ақмола облысы Атбасар уезінен алынған. Мұны да музейге Клавдий Щенников өткізген. Мұндай қуыршақтармен бұрын 3-10 жас аралығындағы қыздар ойнаған. Байқағандарыңыздай, ойыншықтардың бәрі де қолдан жасалған.
Музейдегі қазақ балаларының арасында қуыршақ жігіт те жүр екен. Бұл қуыршақ XX ғасырдың басында Петропавл уезінен алыныпты. Бұрынғы қазақтың кішкентай қыздары «үйлену тойы» ойынын ойнаған екен. Сол кезде әлгі қыз бен жігітті лайықтап киіндіріп, «тойға» дайындаған көрінеді.
Ол кездің қуыршақтарының киімі де өзгеше екен. Сол заманның адамдары өздері қалай киінсе, қуыршақтарын да солай «киіндірген». Мәселен, төмендегі суреттегі (екеуі де) камзолды таза барқыттан тіккен екен. Қуыршақтардың киімдерін қыздардың өздері тіккен. Киімдерді зерлеп, кестелеп те дайындаған. Бұрынғылардың осылайша балаларын тігіншілікке, ісмерлікке баулығанын байқаймыз.
Ол кезде қуыршақтардың «жиһаздары» да болған екен. Оның дәлелі – мына суреттегі ойыншық кілемше мен жастықша (астыңғы екі сурет). Осы кереует пен жастықшаға балалар қуыршақтарын отырғызып-жатқызған екен. Кереует пен жастықшаның тысын да қолдан тігіп, жиі ауыстырып отырыпты.
Бұрынғы қазақ балалары сондай-ақ түрлі жиһазшалар, кілемшешелер, төсек орындары, ыдыс-аяқтар секілді ойыншықтармен ойнапты. Кейбірін өздері қолдан жасап, шеберлігін байқатқан. Кейде ойыншықтарды жасауға жасы үлкенірек аға-апалары да көмектескен. Кейбірін ата-әжелері жасап берген. Осылайша, үлкендер ойыншықтар арқылы баланы жастайынан дұрыс тәрбиеге, танымын кеңейтуге баулыған.
Сондай-ақ бұрынғы балалардың ойыншықтарын салып қоятын арнайы сөмкесі болған. Жиналмалы сөмкеге балалар ойыншықтарын ұқыптап салып, киіз үйдің қабырғасына іліп қойған. Осы арқылы бабаларымыз баланы ұқыптылыққа, тазалыққа баулып отырған. Міне, біздің бұрынғылар қандай. Олардан өнеге алу – бізге мұрат.