Кейде адам баласы «Мен» деген сөзді қаншалықты көп айтатынын өзіде байқамай қалады. Бір кісінің жүрегіне үнемі өзін көрсету, мойындату, өзгеден жоғары екендігін білдіру сезімі ұяласа, онда ол жүректі білдірмей келіп шағатын улы жылан маңайлап жүр деп болжасақ қателесе қоймаспыз. Ол сезімді ислам шариғатында «тәкәппарлық» деп атайды. Алла тағала қасиетті құранда «Исра» сүресінің 37 аятында:

«Жер бетінде тәкәппарланып жүрме, өйткені, сен ешқашан жерді тесіп кете алмайсың және таулардан биік бола алмайсың. Бұлардың барлығы Раббыңның құзырында жеккөрінішті жаман қылықтар саналады» деген. Тәкәппарлық араб тіліндегі «Кибр» және «Тәкәббур» сөздерінен шығады. Ол «үлкен» және «Ұлы болу» деген мағынаны білдіреді. Қазақ тілінде ол «менмендік», «өркөкірек» деп айтылады.

Көкіректік – адамды өзгелерден жоғары ұстауға итермелейтін ішкі сезім мінез. Бұл әрине Алла тағала аятта айтқандай сүймейтін, адамдыққа жат сыйпат. Пайғамбарымыз (с.ғ.у) бір хадисінде былай деген. «Жүрегінде тозаңның салмағындай тәкәппарлық болған кісі жаннатқа кірмейді» (Имам Муслим)

Хадистің үкіміне сүйенген Орынбай ақын:

Қалай-қалай сөйлейсің, Нұркей батыр,

Менменсіген адамға тамұқ жатыр,

тағы бір хадисте сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.у) көкіректенгендер тозақ түбінен орын алатынын хабарлаған. Сендерге отта болатындардан хабар берейін ба? – Олар – барлық дөрекі, сараң және өркөкірек тәкәппарлар» (Ал-Бұхари, Муслим) деген. Осы хаистің мағынасына сабақтастырып Ыбырай Алтынсарин оқырмандарына:

Бұзбаңыз әділдікті бұл мал үшін,

Жиясыз оны дағы бір жан үшін.

Әз әзіл періштенің бастығы екен,

Не болды тәкәппарлық қалғаны үшін? – деп ескертеді.

Сондықтан кім тәкәппар болса, ібілістің кебінін киетіні сөзсіз. Ондай жанның ізгі амалдары да еш пайдаға аспайды. Адамзат тарихында жасалған ең бірінші күнә тәкәппарлықтан туындаған. Бұны жасаушы лағнет атқыр ібіліс еді. Сол күнәсінің кесірінен Алланың рахымынан мәңгілікке қуылды. Бұл туралы қасиетті құранда Бақара сүресінің 34 аятында: «Біз періштелерге Адамға (ғ.с) сәжде етуді әмір еткенімізде, олар сәжде етті. Тек «ібіліс қана бас тартты, тәкәппарланды және бас тартты» деп лағнетке ұшыраған тәкәппар шайтанның жағдайын баяндайды. Алла тағала бұл аятты бізге сабақ ету үшін түсірген. Олай болса, кез-келген адам тәкәппарланса, осындай дәрежеге түсуі ғажап емес. Өйткені шайтан менмендіктің арқасында бақытсыздыққа ұшырады. Оның бұл жағдайға ұшырауына білімсіздік емес, сол білімді көтере алмаушылық болды.

Жалпы тәкәппарлық – адамға жаратқан иесіне жалбаруына кедергі болып, оған құлшылық жасауына тосқауылда болады. Бұл туралы қасиетті құранның Ғафир сүресінің 60 аятында: «Раббыларың маған жалбарыныңдар! Тілектеріңді қабылдаймын. Расында маған құлшылық қылудан паңсығандар олар қор болып тозаққа кіреді» – дейді. Бабалар даналығында «Ұлық болсаң кішік бол» деген сөз бар. Себебі Исламда адамдар арасында бір-бірінен алшақтап тұратын айырма жоқ. Алланың алдында басшыда, қосшыда дәрежесі бірдей. Мұны айтып отырғанымыз қазіргі қоғамда адамды шенімен шекпеніне қарап құрмет жасаушылық көрініс табатынын байқаймыз. Біздің қоғамымыз шариғаттан тағлым алса құба-құп болар еді. Біз көбінесе бірісті жасай салып шүкір етудің, сол арқылы тірліктің берекесіне қауышудың орнына «Мен олай еттім, мен бұлай еттім, мен, мен» депте білместікпен күнәғада барып жатамыз. Ал негізінде әрбір адам «Меніде, амал тірліктерімдіде жаратушы Алла» деген түсініктің аясынан шықпауы тиіс. Сол сияқты ешбір әрекеттің мыңнан бірінде адам жасай алмайды. Сол себепті, анағанда, мынағанда, «Мен жасадым» «мен қол жеткіздім», «мен бітірдім» деп «мен» сөзін қолдана беру орынсыз. Оның орынан «Алла қалады», «Алланың көмегімен», «Аллаға шүкір» деген сөздерді жиі айтып, үнемі шүкіршілікті ұмытпауымыз қажет. Бұл біріншіден Алланың нығметінің еселеп молайуына себеп болса, екіншіден тәкәппарлық сияқты үлкен күнәларға жол бермейді. Мысалы: Пайғамбарымыз (с.ғ.у) бір хадисінде «Алла тағала ахиретте мына үш топ адаммен сөйлеспейді, оларды тазартпайды, назар аудармайды, олар зинақор қарт, өтірікші басшы және менменшіл кедей» (Имам Муслим) – деп айтқанын жеткізеді. Ойланып көріңізші, көмек тек Алладан ғана күтілетін сол бір қиын қиямет күнінде жаратушы иеміздің сөйлеспеуі, назар аудармауы, күнәларымызды кешіріп арылтпауынан асқан қасірет барма? Аллахтан басқа сенетін кіміміз бар.

 Айтылғандардан шығар қорытынды, адам өзін тәрбиелегісі келсе, ең алдымен мінез құлқын осы менмендіктен арылту керек. Ол адам бойындағы ең қауіпті сезім. Өйткені көкіректікке бір бой алдырған адамдардың ақиқатты танып білуіде, тура жолдан ажырамай, мақсатына жетуіде қиын. Жоғарыда айтылғандай жаннатты жат ететін тәкәппарлық мінезді бойымыздан алыс етуді Раббымыз біздерге нәсіп етсін. Әмин.

         Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. «Жұма мінбері» кітабы 2012 жыл Алматы қаласы
  2. «Хадистер жинағы» кітабы (Риядис-солихин) 2011 жыл

  3. «Дін мен дәстүр» кітабы 1 том 2013 жыл

  4. «Хадис ғұрпымыз, сүннет салтымыз» кітабы 2011 жыл

 

Отырар аудандық «Арыстанбаб» мешітінің бас имамы Серік Биімбетов

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38