Қадір түні араб тілінен аударғанда (ليلةُ القدر – ләйләтул-қадір) – қасиетті түн деген мағынаны білдіреді.  Бұл түн Рамазан айының соңғы он күнінің бірінде болады. Осынау түн жайлы Құран Кәрімнің «Қадір сүресінде» баяндалған. Жасалған ғибадаттың мың айға, яғни сексен үш жылға тең болуына байланысты мұсылмандар Рамазан айының соңғы он түнін түгелдей құлшылықпен өткізуге тырысады.«Қадір» сөзінің мағынасы


Құран Кәрімге түсініктеме жазған мәшһүр ғалым Ибн Кәсир «Қадір» сөзінің төмендегідей үш мағынасы бар екенін айтып өтеді:

«Қадір» сөзі «үкім түні» мағынасын береді. Осыған байланысты қадір түні дегенде Алланың тағдырды үкім ететін түні екендігін білуге болады. Бұл жердегі тағдыр ұғымы, әуелгі тағдырдың паш етілуі болатын. Өйткені Құран Кәрімде:

فِيهَا يُفْرَقُ كُلُّ أَمْرٍ حَكِيمٍ«Ол кеште барлық хикметті істер айырылады»,[ «Дұхан» сүресі, 4-аят.]– деп бұйырылған.

Қатада: «Бұл түнде келесі жыл істерінің тағдыры жазылады», – деді («Тафсир әт-Табари» 25/65).

«Қадір» сөзі «абырой, бедел» мағынасын береді. Яғни, қадір түні – ұлық және аса қадірлі түн дегенді білдіреді. Мұндай жоғары дәрежеге лайық болуының себебі, бұл түннің салмағы мың айдан да қайырлы. Бұл хақында Құранда:

لَيْلَةُ الْقَدْرِ خَيْرٌ مِّنْ أَلْفِ شَهْرٍ «Қадір түні мың айдан да қайырлы»,[ «Қәдір» сүресі, 3-аят.] деп баяндалады.

«Қадір» сөзі «сығылысу» мағынасын береді. Осыған байланысты зерттеуші ғалымдар қадір сөзі тарылу мағынасын да білдіреді деген жорамалдар жасаған. Өйткені бұл түні бүкіл періштелер жер бетіне түскеннен соң, жердің тарлығынан сығылысады. Бұл жайлы Құранда:

تَنَزَّلُ الْمَلَائِكَةُ وَالرُّوحُ فِيهَا بِإِذْنِ رَبِّهِم مِّن كُلِّ أَمْرٍ«Періштелер және Жәбірәйіл (ғ.с.) осы түні Раббыларыңның рұқсатымен барлық іс үшін түседі»,[ «Қәдір» сүресі, 4-аят.] – деп баяндалады.    «Қадір» сүресініңтәпсірі

Жылына бір рет Рамазан айында келетін қасиетті қадір түнінің рухани салмағы орасан зор екені көпшілікке аян. Әйтседе, қалың бұқара қасиетті кешті ерекше ілтипат көрсетіп, ұлықтағанымен, Қадір түнінің тарихы мен мән-мағынасына терең үңіле бермейді. Алла Тағаланың кәләмі Құран Кәрімде қасиетті кеш хақында «Қадір» сүресінің бар екені белгілі. Ендеше, таным-түйсігімізді арттыру мақсатында осы сүренің түсіндірмесіне бір шолу жасайық.

إِنَّا أَنزَلْنَاهُ فِي لَيْلَةِ الْقَدْرِ«Расында, Біз Құранды Қадір түні түсірдік».

Біз осы мұғжиза Құранды қадірі мен беделі үстем бір түнде түсірдік. Құранда осы қасиетті кітаптың рамазан айында түскендігі жайлы былай делінген:

شَهْرُ رَمَضَانَ الَّذِيَ أُنزِلَ فِيهِ الْقُرْآنُ هُدًى لِّلنَّاسِ وَبَيِّنَاتٍ مِّنَ الْهُدَى وَالْفُرْقَانِ«Рамазан – адамдарға тура жол нұс­қаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретінде Құран түсіріле бастаған ай».

Ал Құранның Рамазан айының ішіндегі Қадір түнінде түскендігі жайында «Қадір» сүресінің бірінші аятында былай делінген:

إِنَّا أَنزَلْنَاهُ فِي لَيْلَةِ الْقَدْرِ «Шынымен де Біз Құранды Қадір түні түсірдік».

Ибн `Аббас (р.а.) былай деген: «Алла Тағала Қадір түні Құранды толығымен және бірден «сақтаулы тақтадан» (ләухул-махфуз) «бәйтул-иззаға» (Ұлылық үйі) деп аталатын көктің астыңғы қабатындағы орынға түсірді. Ол жұлдыздар бататын жерде орналасқан еді. Ал бұдан кейін Алла Құранды Өзінің Пайғамбарына ﷺ Жәбірәйіл (ғ.с.) періште арқылы бөлек-бөлек (түрлі жағдайларға байланысты)  жиырма үш жыл бойы түсірді» («Тафсир әт-Табари» 2/144, «әл-Мустадрак» әл-Хаким 2/530 және «Тафсир Ибн Касир» 4/685. Хабардың сенімділігін имам әл-Хаким, хафиз Ибн Хаджар растаған). Сонымен қатар Құранның Қадір түнінде түсірілуі, дәл сол түнде түсіріле бастады деген мағынаны да береді. Өйткені, уахи алғаш рет Қадір түнінде түскен.

Басқа бір аятта Алла Тағала бұл жөнінде былай деді:

وَالْكِتَابِ الْمُبِينِ ﴿٢﴾ إِنَّا أَنزَلْنَاهُ فِي لَيْلَةٍ مُّبَارَكَةٍ ۚ إِنَّا كُنَّا مُنذِرِينَ ﴿٣﴾ فِيهَا يُفْرَقُ كُلُّ أَمْرٍ حَكِيمٍ ﴿٤﴾ أَمْرًا مِّنْ عِندِنَا ۚ إِنَّا كُنَّا مُرْسِلِينَ ﴿٥﴾«Айқын Кітаппен ант! Шын мәнінде оны құтты бір кеште түсірдік. Расында, Біз ескертушіміз. Ол кеште барлық хикметті істер айрылады. Бұл өз қасымыздан бір бұйрық. Расында елшілерді жіберушіміз»[ Духан сүресі, 2-5 аяттар.].

وَمَا أَدْرَاكَ مَا لَيْلَةُ الْقَدْرِ«Қадір түнінің не екенін білесің бе?».

Қадір түні деген не? Қадір түнінен сен нені ұқтың? Бұл жерде сол түннің маңыздылығын көрсету мақсатымен айтылған. Яғни, қандай түн екендігін білдірмесек, оның қадірін біле алмас едің. Бірақ, оның қадірін де Біз білдірдік.

لَيْلَةُ الْقَدْرِ خَيْرٌ مِّنْ أَلْفِ شَهْرٍ«Қадір түні мың айдан да қайырлы».

Сол түні жасалған амалдар мен құлшылықтар және Хақ Тағаланың ризалығын алу жолындағы өзге де амалдар, Қадір түні болмаған мың айда жасалынған амал, сауапты істер мен жақсылықтардан әлдеқайда көп болмақ.

Қадір түні – сөзсіз ең қадірлі түн! Алла Тағала оны берекелі етіп, басқа түндерден ерекшеледі. Сондай-ақ осы түнді мың айдан да маңыздырақ (қайырлы) етті. Ал мың ай сексен үш жылға тең келеді екен. Есептесек, мың ай дегеніміз 83 жыл 4 айлық уақыт екен. Демек, Қадір түніндегі құлшылығымыз 83 жылдық ғибадаттың сауабына тең болмақ. 95 жылдық адам өмірін алсақ, оның 15 жылы балиғат жасы болып саналады, сонда толық 80 жыл өмір сүргені. Ендеше, адам өмірінде бір қадір түніне дөп келу, бүкіл өмірін құлшылықпен өткізгендей сауапқа кенелтеді.

تَنَزَّلُ الْمَلَائِكَةُ وَالرُّوحُ فِيهَا بِإِذْنِ رَبِّهِم مِّن كُلِّ أَمْرٍ«Сол түні Раббысының рұқсатымен Рух пен періштелер әртүрлі іс үшін түседі».

Сол түні жер бетіне Рух пен бірге періштелер түседі. Тәпсіршілердің басым көзқарасына қарай бұл аяттағы Рух – Жәбірәйіл (ғ.с.). Ал кейбір ғалымдар  Рухты – өте алып періште деп жорамалдаған. Егер ол көктер мен жерді жұтса, оған бір шайнам ғана болар еді деп түсіндірген.

Бұл түні періштелер түсіп, жер бетінде береке орнайды, Алланың кешірімі нәсіп болады. Періштелер мұсылман үмметін аралап, қандай ғибадат жасағандарын, таң намазына дейінгі дұға-тілектерін тыңдап, амал дәптерлеріне мол сауап жазып тұрады. Жамандық азаятын, құлшылық пен игі істер көбейетін түн.

بِإِذْنِ رَبِّهِم«Раббыларының рұқсатымен».

Періштелер Хақ Тағаланың рұқсатынсыз, жарлығынсыз қанаттарын да қимылдата алмайды. Бірақ, бұл жерде осы істің аса маңыздылығына назар аударту мақсатымен айтылған.

مِّن كُلِّ أَمْرٍ«Әр әмірден».

Яғни, сол түні әмір берілген әрбір іс үшін деген сөз. Періштелер тек жақсылық жасап, жамандық атаулыға мүлде жоламайды. Олар жақсылық өлшемінде өмір сүреді. Соны білдіру мақсатымен былай дейді:

سَلَامٌ هِيَ حَتَّى مَطْلَعِ الْفَجْرِ«Таң рауандап атқанға дейін сол түн бейбітшілікке оранады».

سَلَامٌ «Сәләм», яғни, бейбітшілік, есендік, амандық деген сөз. Ол – Хақ Тағаланың жіберген сәлемі. Періштелер мұсылмандарға сол түні сәлем беріп тұрады. Өйткені, періштелер түннен бастап, таң қылаң бергенге дейін, топ-топ болып жер бетіне түседі. Әр түскен топ сәлем бергендіктен таң ағарғанға дейін сол түні сәлем берулері толастамайды. Не болмаса, аяттағы «сәләм» амандық, саламат мағынасында берілген. Сол түні жер бетіне зиянды нәрселер түспейді. Түні бойы адамдарға пайдалы нәрселер түспек. Ол түн – амандық түні. Періштелер сол түні ешқандай жамандық пен азап түсірмейді.

هِيَ حَتَّى مَطْلَعِ الْفَجْرِ«Сол түні таң бозарып атқанға дейін».

Мұнда мұсылманға сол түнді Құранның түсе бастағанын, адамзатты қараңғылықтан нұрға бөлегенін ойлап, шынайы ынтамен Құран оқып, нәпіл және қаза намаздарын оқып, дұғамен өткізуі насихатталған. Алла Елшісі ﷺ: 

مَنْ قَامَ لَيْلَةَ الْقَدْرِ إِيمَانًا وَاحْتِسَابًا غُفِرَ لَهُ مَا تَقَدَّمَ مِنْ ذَنْبِه«Кім Қадір түнін иманмен және сауап тілеп, (намазда) тұрумен өткізсе, өткен күнәлары кешіріледі»,– дейді.

Ең кереметі осы түнді мың айдан артық еткен Құранның сол түні түсе бастауында жатыр. Мұсылманның міндеті – алдымен Құран оқуды үйреніп, одан кейін мағынасы мен тәпсірін меңгеріп сол білгендерімен амал ету. Одан кейін осы ақиқаттарды өзгелерге жеткізіп, олардың да тура жолға түсулеріне күш-қайратын жұмсауы қажет. Қадір түнін ғана қадірлеп, сол түнді ұйықтамай өткізіп, басқа түндерде Құраннан тыс ғұмыр кешу қате ұғым болып есептеледі.Қадір түнінің ұлықтығы мен артықшылығы жайында


Құлшылық етіп сауапқа кенелуге ең ұтымды кезең – қадір түні. Ал адамның ең қорқынышты кезеңі қабірге орналастырылған кезі. Қадір түнін құлшылықпен өткізу, қабірдің жарқырап, нұрлануына жол ашады. Әнас ибн Мәлік (р.а.) былай деп айтқан:«Рамазан келгенде, Алланың Елшісі : «Расында, сендерге бұл ай келді! Онда мың айдан да қайырлы бір түн бар. Сонда кім ол түні бейқамдық танытса, оның барлық игілігінен құр қалады. Ал оның барлық игілігінен тек нағыз мақрұм адам ғана айырылып қалады!», – деп айтты»[ Ибн Мәжаһ 1/289.].

Қадір түні өзінің осындай атауын Ұлы Алланың алдындағы алатын ұлы дәрежесі мен басқа күндер мен түндердің алдындағы артықшылығы үшін және бұл түні адамдардың өмір мерзімі мен несібелері, жыл бойы орын алатын нәрселер тағдырға жазылатындығы себепті алған[«Тайсируль-Карими-р-Рахман» 1017].  

Алланың Елшісі ﷺ былай деген:«Шын мәнінде, Қадір түні жер бетінде періштелер ұсақ тастардан да көп болады»[ Әт-Таялиси 2545, Ибн Хузайма 2/223].

Хафиз Ибн Ражаб:«Ей, өз өмірін ешбір игілікке қол жеткізбей өткізген адам! Қадір түнін жіберіп алғандарымды қайта толықтыру үшін қолданамын, өйткені бұл түн тұтас өмірге тең келеді ғой!»[ «Ләтаифул-мә’ариф» 191], – деп айтқан.Қадір түні бар ынтамен құлшылық ету жайында


Алла Тағала адам баласын Өзіне құлшылық етсін деп жаратқан. Олай болса, Ислам ғұламалары қасиетті Қадір түнінде Аллаға жақындататын төмендегідей амалдарды жасаған абзал деген.

  1. Бұл түнде Алланың рызашылығы үшін ғибадат жасап, намаз оқып, құлдық сезімдерімізді арттыруымыз керек.
  2. Құран Кәрім оқылып, тыңдалып, түсінуге ынта қойылып, Құран Кәрімге сүйіспеншілік пен байланыстар орнатылуы тиіс.
  3. Пайғамбарымыз ﷺ салауат айтып, оның шапағат етуінен үміттеніп, оның үмметінен болғанымызды саналы түрде сезініп, оның жолын берік ұстануымыз шарт.
  4. Уағыз-насихат тыңдап, сұхбаттар құрып, күнделікті күйбең  тіршілік барысында жүрекке түскен кірбіңді жуып-шайып, көңілге ұялаған кір мен күмәннан арылуыға тиістіміз.
  5. Қадір кешінің маңызына байланысты және Қадір түніне қатысты жеткілікті мағлұмат беретін дін адамдарымен сұхбат құру  керек. Әсіресе, адам өз-өзімен сұхбаттасып, қателіктерін танып, кемшіліктерін жоюға күш салуға, адамдармен достық қарым-қатынасын күшейтуге, бірлік пен біртұтастықты арттыруға мән беруі тиіс.
  6. Тәубе мен истиғфар жасап, өз нәпсісін есептен өткізіп, қателік жасаудан сақтанып, қайырлы істерді жасауға құштар болуы шарт.
  7. Алланы зікір етіп, Ұлы Жаратушының шексіз құдіретімен жоқтан бар болған жаратылыстың сырларына ой жүгіртіп, Алланы еске алумен жүрекке тыныштық ұялатуға барынша әрекет жасап, иманымызды күшейтуіміз қажет.
  8. Жиі-жиі дұға жасауымыз керек. Өйткені, дұға адамды Ұлы Жартушыға жақындататын дәнекер десек болады.
  9. Қадір түнінің күндізін де бейне кеш секілді өткізу ләзім. Осылай болған болса, мүбәрак түннің рухтарға төккен шұғыласы сіңімді болып, жүректің қақ төрінен орын алары сөзсіз.
  10. Бұл Қадір түнінің құрметіне Раббымыздан бүкіл мұсылмандардың күнәларының кешірілуін тілеуіміз керек. Қадір түнінің жақсылыққа мұрындық болуын, достық пен бауырмашылдықты арттырып, Ислам әлемінің біртұтастығын және күллі адамзатты апаттардан сақта деп тілеуіміз шарт.

Алланың Елшісі ﷺ былай деді:«Кім Қадір түнін Алланың сауабына иман келтірген және үміт еткен күйде намаз оқып өткізсе, оның алдыңғы күнәлары кешіріледі»[Бұхари хадистер жинағы].

Айша (р.а.) Пайғамбарымыздан ﷺ былай деп сұрағаны баяндалады: «Уа, Алланың елшісі, егер мен Қадір түнінің басталғаны туралы білсем, не айтуым керек?» Ол: 

اللَّهُمَّ إِنَّكَ عَفُوٌّ كَرِيمٌ، تُحِبُّ الْعَفْوَ، فَاعْفُ عَنيِّ«Уа, Алла, расында, Сен –Кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің. Мені кешіре гөр!», – деп айт» [ Әт-Тирмизи, Ибн Мәжаһ], – деді.

Бұл Рамазан айының соңғы он түнінде және басқа түндері жасалатын ең жақсы әрі ең кемел іс болып табылады[«Ләтаифул-мә’ариф» 204].Қадір түнінің қай түнге сәйкес келетіндігі турасында


Қадір түнінің нақты күні жөнінде ғалымдар арасында көптеген пікірлер айтылған. Алайда олардың барлығы Қадір түнінің Рамазан айының соңғы он түндерінің бірінде екендігіне бірауыздан келіскен.

Ол туралы Әбу Саъид Әл-Худри (р.а.), Алла Елшісінің ﷺ былай дегенін айтты:

الْتَمِسُوهَا فِي الْعَشْرِ الْأَوَاخِرِ مِنْ رَمَضَانَ لَيْلَةَ الْقَدْرِ فِي تَاسِعَةٍ تَبْقَى ، فِي سَابِعَةٍ تَبْقَى ، فِي خَامِسَةٍ تَبْقَى «Оны Рамазан айының соңғы он түндерінің әр тақ түнінен іздеңдер!»[ Имам Бұхари].

Айша анамыз (р.а.), Алла Тағала оған разы болсын, былай деді: «Рамазанның соңғы он түні кіргенде пайғамбар  түндерді (намазда тұруымен) тірілтетін. Отбасын да (құлшылыққа) оятатын. Білегін сыбанып кірісетін еді» [ Имам Бұхари]..

Ғұламалардың негізге алынатын сөзі бойынша, Қадір түні Рамазанның жиырма жетінші түні саналады. Убай ибн Кағб, былай деді:

وَاللَّهِ لَقَدْ عَلِمَ ابْنُ مَسْعُودٍ أَنَّهَا فِي رَمَضَانَ وَأَنَّهَا  فِي لَيْلَة سَبْعٍ وَعِشْرِينَ وَلَكِنْ كَرِهَ أَنْ يُخْبِرَكُمْ فَتَتَّكِلُوا«Аллаға серт! Ибн Масғуд (р.а.) оның Рамазанның жиырма жетінші түнінде екенін біліп қойды. Бірақ босап кетулеріңнен қорқып, оны сендерге білдіруді жек көрген болатын»[ Имам Бұхари].

Имам Әбу Иса әт-Тирмизи: «Пайғамбардан (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) Қадір түні рамазан айының жиырма бірінші, жиырма үшінші, жиырма бесінші, жиырма жетінші және соңғы түніне сай келгені жеткен» [«Сунан әт-Тирмизи» 1/372].

Қадір түнінің нақты қай түн екенін тек Пайғамбарымыз ﷺ ғана білген. Алайда әр істі белгілі бір хикметпен жаратқан Алла Тағала Елшісіне ﷺ оны ұмыттырған.

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ : أُرِيتُ لَيْلَةَ الْقَدْرِ ثُمَّ أَيْقَظَنِي بَعْضُ أَهْلِي فَنُسِّيتُهَا فَالْتَمِسُوهَا فِي الْعَشْرِ الْغَوَابِر

Әбу һұрайрадан (р.а.) жеткен хадисте Алла Елшісі ﷺ: «Түсімде Қадір түні маған білдірілді. Бірақ жақындарымның біреуі мені оятқанда, әлгі уақытты сол мезет ұмытып қалдым. Оны Рамазан айының соңғы он күнінен іздеңдер»,-деген.

Ибн Аузағи (р.а.) және Суфян ибн Ғуяйнаның (р.а.) риуаятында: «Ант етемін, мен Қадір түні Рамазан айының жиырма жетісі екенін білемін, өйткені Расулуллаһ ﷺ бізге сол түні ұйықтамауды бұйырған»,-делінген.

Жалпы алғанда бұл хадистер рамазан айының соңғы он күнінде, оның ішінде тақ санды күндерде, тіпті айдың жиырма жетісінде делінген. Бұл да пенденің Алланың разылығына жеткізетін істерді істеуге, түндерді іздеуге қызықтырады. Алайда мұсылманның тек осы күні ғана сауапты істерді істеп басқа күндерді босқа өткізуге болады деген сөз емес. Ғалымдардың айтуынша, Қадір түнінің нақты күні белгісіз болуының даналығы, мұсылмандар тек осы күнгі құлшылықтарына ғана сенім артып қоймай, Рамазан айының соңғы он түндерінің барлығын құлшылықта өткізулері үшін бұл түнді жасырып қойған. Сондықтан мұсылман баласы барлық күндерін осы қадір түні секілді маңызды санап, дұға-тілекпен, құлшылықпен өткізсе, қадір түнін дәл табуы мүмкін.

Иә, шынында да, Қадір түні атына заты сай, адамзат баласының келешегі үшін аса Қадірлы һәм маңызды. Хақ Тағала адам баласына шайтанның арбауына тез көнетін нәпсіні берік сынап, өзінің аса мейірімділігімен бұл тығырықтан сытылып шығатын даңғыл жолды да меңзеген.  Ол даңғыл жол – қасиетті Қадір түні тәубеге келіп, ықыласты түрде кешірім сұрап, жан-тәнімен Хаққа жалбарынып, болашағына зор үміт артып, Тәңірінің жасыл бақтары бар жұмағына жетелейтін рақым жолы. Лайым, осы жол – барша адамзатқа нәсіп болғай!

Қадір түні араб тілінен аударғанда (ليلةُ القدر – ләйләтул-қадір) – қасиетті

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38