Бүгін, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Шымкент қаласы бойынша өкілдігі исі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті Рамазан айының келуіне орай баспасөз мәслихатын өткізді.
Баспасөз жиынына ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша өкіл имамы Бақтыбай қажы Бейсенбаев, наб имамдар Мұхамеджан Естеміров, Әділхан Сертай, Жансейіт Қалменов және қала имамдары, ұстаздар, жастар секторы мен зекет қорының өкілдері қатысты.
Баспасөз мәслихатын Шымкент қаласы бойынша өкіл имамы Бақтыбай қажы Қыдырбайұлы ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы хазреттің қасиетті Рамазан байланысты құттықтау сөзін жеткізуден бастады.
Мұнымен қатар, оразаның шарттары, қайырымдылық шараларын өткізу, рухани іс шаралар өткізу, мешіттерде ауызашар рәсімдерінің жәйі, пітір садақасы мен айт намазының оқу уақыттары сынды т.б. мәселелер айтылды.
Жуырда ғана құрылған қаланың бас мешіті жанындағы Ақылдастар алқасының өңір халқына арналған үндеуі жария етілді.
Айта кету керек, Шымкент қаласы бойынша Ораза айт намазы 7:00-де оқылатын болып бекітілді.
Баспасөз мәслихаты барысында «Оңтүстік», «Айғақ», «Нар ТВ», «Отырар» телеарналар мен «Шымкент келбеті», «Оңтүстік рабат» т.б. газеттер тілшілерінің сұрақтарға жауап берілді.
ҚМДБ-ның Шымкент қаласы
бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі