Шымкент. 1 наурыз. SHARIGAT.KZ – Жуырда Елордамыз Астанада ҚМДБ жанындағы «Әйел-қыздар секторының» аймақтағы жетекшілерінің жиналысы болып өтті. Аталмыш жиналысқа еліміздің Бас мүфтиі Серікбай қажы Ораз қатысып, сектор жұмысы, отбасы және бала тәрбиесінің мұсылмандық бастаулары, деструктивті діни ағымның арбауына ілескен жастарға түсіндіру шараларын жүргізу, жамағатқа бөлінбеу, достық, адамгершілік, өзара келісім сынды құндылықтарды насихаттау жайлы сөз қозғады.
Осы келелі жиынға ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша
өкілдігіне қарасты «Әйел-қыздар секторының» жетекшісі және «Halifa al-Nahayan Aqmeshiti» мешітінің ұстазы Балжан Досжанова қатысты. Жиналыс барысында Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазірет тарапынан «Асыл дініміміздің өркендеуі жолында, елімізде ұлтаралық және дінаралық татулықтың, отбасылық бақыттың әрі ұрпақ тәрбиесінің жалғасуына, қоғамдағы діни сауаттылықтың қалыптасуына сүбелі үлес қосқаны үшін» атты алғыс хатымен Балжан Досжанова марапатталды!