Пайғамбарымыз (с.а.у.) дұғасында: «Уа, Жаратқан! Жүрегімді, аппақ киімді кірден тазалағаныңдай қателіктен (күнәдан) тазалай гөр!» (Ахмед бин Ханбал) деген.
Жүрек – материалдық һәм рухани органдарымыздың бірі. Материалдық жағынан денеміздің моторы, динамикасы және барлық органдарымыздың қан айналу жүйесін қалыптастырып тұрған мүше. Сондықтан, ол мазасыздана бастағанда, бүткіл денеміз ауыра бастайды, ол қызметін тоқтатқанда өлімге қауышамыз да мына жалғандағы тіршіліктің соңғы аялдамасына табан тірейміз.
Ал рухани жүрек – көңіл деп аталғандықтан, адам рухының жақсы яки жаман сезімдерінің орталығы болып саналады. Мағрифатуллаһ (Алла Тағаланы тану), тақуалық, сүйіспеншілік, нәзіктік және дұшпандық, кекшілдік, қызғаншақтық, ашушаңдық сияқты сезімдер рухани жүректе яғни көңілде орын алған. Сонымен бірге иман да күпірлік те жүректе болады. Сондықтан, Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде: «Уа, Алла Тағала! Жүрегімді күпірліктен тазалай гөр!» (Ибн Әби Шәйба, Мусаннаф) деп дұға жасаған.
Рухани жүрек, пәк, таза болса адам кәміл мұсылман болып табылады, ал егер бұзылған болса руханияттан айрылып бейне бір тірі өлік болып саналады. Бұл жағдайды меңзеген Расулуллаһ (с.а.у.): «Адам денесінде бір ет бөлшегі бар, ол пәк, таза болса, барлық дене пәк, таза болады. Ал егер бұзылған болса, бүткіл дененің бұзылғаны. Біліп қойыңдар, ол – жүрек» (Бұхари, Мүслим) деген. Міне, сондықтан рухани жақтан тірі немесе өлі болу жүректің пәктеніп тазалануымен ғана мүмкін болмақ.
Құран Кәрім жүректің рухани маңыздылығына байланысты ерекше мән берген: «Шынайы мүминдер, Алла зікір етілгенде жүректері тітірейді» (Әнфал сүресі, 2-аят). Бұл аят иманның жүрекпен байланысын айшықтауда. Тағы бір аятта: «…негізінде көздер ғана соқыр болмайды, кеудеде болған жүректер де (жүрек көздер) соқыр болады» (Хаж сүресі, 46-аят) мұнымен қоса «Алла олардың жүректеріне және құлақтарына таңба басты» (Бақара сүресі, 7-аят) деген аяттар жүректің рухани орталық екендігіне ишарат етуде сонымен қатар бірге жүректің рухани сезімталдығына да назар аудартуда.
Рағыд сүресінің 28-аятында да: «Олар иман келтіргендіктен, жүректері Алланы зікір етумен рахаттыққа бөленген. Біліп қойыңдар жүректер тек Алланы зікір етумен ғана рахатқа бөленеді» делінген. Бұл аяттағы «жүректер рахатқа бөленеді» дегеннен мақсат, иманның қуаттануы және әр түрлі күмәндардан бойын аулақ ұстап, ихсан дәрежесіне жетуді білдіреді. Егер жүрек Алладан басқасынан рахаттанып, дүние-мүлікті жақсы көрсе, ақырет жайлы жан дүниесі бүлк етпесе, жасаған құлшылықтарынан рахат алмай тіпті қиналатын болса, ол жүрек жоғарыдағы аятта айтылғандай таңба басылып, нұры кеткен, қарайған, иесіне нәр бере алмайтын жағдайға жеткен деуге болады. Сонымен бірге аяттағы: «Алланы зікір етумен» дегеннен мақсат та (жалпы мағынасы) Алла Тағаланы Рабб (Жаратушы) ретінде қабыл етіп оған бойұсыну дегенді білдіреді. Жалқы мағынасын алар болсақ Алла Тағаланы еске түсірген «Алла», «Лә иләһә иллАлла», «СубханАлла», «Әлхамду лилләһ» деген сияқты зікір етілетін сөздермен бірге Құран оқу, Раббымыздың күш-құдіретін білдіретін әлемді және оның ішіндегі жаратылыстарды ойлаумен де жүзеге асады.
Бұл аятты тәпсірлеген Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Кімде кім Алла Тағаланы, Оның Пайғамбарын және сахабаларын жақсы көрсе (жүрегі рахатқа бөленеді)» деуі зікірдің басқа бір мағынасының да Алла Тағаланы, Расулін және саңлақ сахабаларды жақсы көруге ишарат етуде. Демек бұл сүйіспеншілік, иманды қуаттандырумен бірге жүректі де рахатқа бөлендіруде.
Жүрек тазалығына апаратын жол жоғарыда айтқанымыздай пәктікпен безендіріп, жалған сенімдерден бойын аулақ ұстап, күнәлардың әр түрлісінен арыстаннан қашқандай ұзақ тұрып, Алла Тағалаға деген ғибадатымызбен яки бойұсынумен оны нұрландырып жанды жағдайға әкелуіміз керек дегенге саяды.
Жоғарыда рухани жүрегіміздің тірі екендігі жайлы айтқан едік. Бұл тірі жүректің сипатын мына хадис тамаша баяндауда: «Уабиса ибн Мағбәд (р.а.) Пайғамбарымыздан (с.а.у.) жақсылық дегеніміз не деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.) : «Жүрегіңмен ақылдас. Жақсылық – нәпсінің ұнатқан оның іске асуын жүректің құптаған нәрсесі. Күнә – жан дүниеңді мазалаған біреулердің саған істей берсең болады деп пәтуа берген, бірақ сенің жан дүниеңде шүбә мен күмәнға жол ашқан нәрсе» (Ахмед ибн Ханбал, Дарими) деген. Міне бұл жүрек – әр түрлі күнәдан аулақ болып тәубе мен истиғфар жасаса, жүрегі бұрынғысындай нұрлылығына бөленеді. Егер күнә істеуді жалғастыра беретін болса қара дақтар көбейіп жүрегін қаптап алады. Бұл қара дақтар Алла Тағаланың: «Рас, рас, олардың істеген күнәлары жүректерін қарайтып кірлеткен» (Мутаффифин сүресі, 14-аят) деп білдірген лас кірлер болмақ (Ибн Мәжә, Ахмед ибн Ханбал).
Күнәлар жүректерімізді қарайтатын лас-кірлер екенін ешқашан ұмытпауымыз қажет. Хадис шәріптерде баяндалғандай, істелген әр күнә жүрек айнамызға лақтырылған қара кір сияқты. Бұл кірлер көбейіп көңіл айнамызды жауып тастағанда одан кейін ешнәрсені көре алмайтын жағдайға тап боламыз. Бұл мәселе жүректің өз міндетін атқара алмай, күшін жоғалтып өлуі дегенді білдіреді. Бұл бір мұсылман үшін өте жиіркенішті жағдай. Бұл жағдайдан ұзақ болу үшін ғибадатты ынта-ықыласпен орындап, Алла Тағаланы естен шығармай, Оны еске алатын нәрселермен айналысып, Алла жолынан ұзақтататын нәрселерден аулақ болуымыз керек. Сонда ғана жүрек өз табиғи ерекшелігін сақтай алады.
Әбу Һұрайрадан (р.а.) риуаят етілген хадисте: «Бір адам Пайғамбарымызға (с.а.у.) келіп бір нәрсенің маған күмән тудырып тудырмағандығын қайдан білемін дегенде, Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деп кеңес берген: «Қолыңды жүрегіңнің үстіне қой. Өйткені жүрек харамнан аулақ болуға әрекет жасайды, халалдан рахатқа бөленеді» (Хайсәми).
Міне, жүрегіміз осындай нәзік бір орган. Оған немқұрайлылық танытуға болмайды, керісінше оны гүлдендіруге әрекет жасауымыз керек. Жоғарыдағы хадис күнәлардан таза болған жүректің халал мен харамды таразылай алатындығы ишарат етілуде. Сондықтан, жүрегіміз біздің күзетшіміз, таразымыз және діни кеңесшіміз деуге болады.
Мына мәселені де естен шығармауымыз қажет. Имам Ғаззали «Ихия» деген атақты еңбегінде жүрекке байланысты арнайы тарау айырып жүректің маңыздылығына ерекше тоқталған. Ол еңбегінде жүректі патшаға ұқсатқан және ұзын-ұзын әскери жасақтарын түсіндірген. Ғаззалидың көзқарасында жүректің рухани әскери жасақтары ілім, хикмет пен тәфәккур. Жүрек – нәпсінің жаман қалауларына байланысты бұл үш әскери жасақтан көмек сұраса, шақуатын тізгіндеп бостандыққа қол жеткізеді. Егер олардан көмек алмайтын болса, нәпсісіне бой иіп оның тұтқыны болады. Бұл әр мұсылман үшін жан төзгісіз жағдай.
Сондықтан, біліммен айналысып, шындық пен әділдікке қол жеткізіп, бұларды салих амалдермен бірлестіріп, ақиқатқа ұмтылу, Алла Тағаланың ұлылығын және құдірет күшін мойындау жүрегімізді пәк және таза ұстау әр мұсылманның басты міндеті. Бұл мәселеге ерекше мән беріп, уақыттарымызға мұқияттылықпен қарағанымыз абзал. Сондай-ақ, Құран Кәрімде Шуғара сүресінің 88-89 аяттарында ақыретте пайдалы болатын қалбун салимге (пәк-таза жүрек) жету тек қана жоғарыдағы айтқан мәлімдемелермен ғана мүмкін болмақ.
ОҚО Орталық мешіт