Күндердің күнінде жасы ұлғайған әрі қатты ауруға ұшыраған кемпір болыпты. Ол осы уақытқа дейін тынбай еңбек етіп, барлық жағдайын жасап алған еді. Алайда, денсаулығына көңіл бөлмей,бір күні төсек тартып жатып қалады. Күнде дәрігерге қаралғанымен ешкім қол ұшын соза алмайды. Содан өзіне қарайтын көмекші іздеп бір күні индонезиялық бір келіншекті жұмысқа алады. Ол күнде кемпірге жақсы қарап, барлық жағдайын жасайды. Бірақ, күнде кешкі астан кейін қызметші жуынатын бөлмеге барып біраз уақыт отырып қалады екен. Мұны байқаған кемпір:
— Неге сен күнде осы бөлмеде ұзақ отырып қаласың? -дейді. Қызметші:
— Мен жуырда ғана бала босанған едім. Алайда, оны бағуға жағдайым болмағасын баланы елімде ата-анама тастап жұмысқа шығып кеттім. Содан күнде көкірегіме сүт жиналады. Мен соны кешке отырып сүзіп аламын,-дейді.
Мұндайды естіген кемпір дереу еліне қайтып, баласына қарауын талап етеді де, қолына билет алып беріп, 2 жыл бойы балаға қажетті қаражат ұстатады. Сосын:
— Сен қазір маған емес балаңа қызмет етуің керек. Дереу бар да, оны мейіріміңе ал. Егер бала өсіп, буыны қатайған уақытта келемін десең, мен саған жұмыс тауып беремін,-дейді.
Қызметші қуанған бойда дереу жиналып, Индонезияға оралады. Ертесіне таңертең кемпір өзін сергек сезінеді. Тұрған бойда дәрігерге барады. Дәрігер оны ары-бері тексеріп, қуанышын жасыра алмай:
— Апа, сіздің бойыңыздағы ауру жойылып кетіпті. Бұл қалай? Немен емдедіңіз?-деп таңдана түседі. Сонда кемпір:
— Расында ардақты Пайғамбар (с.а.у.): «Ауру-сырқатқа ұшырағандарды мейіріммен емдеңдер»,-деген. Мен де бір кісіге мейірім төккен едім,-деп іштей мәз болған екен.
Жалғас АСХАТҰЛЫ, дінтанушы