Аса қамқор ерекше Мейрімді , Рахымды алланың атымен бастаймын!

 «Бисмилләһ уас-салату уәс-сәләму ъала расулилләһ, Аллаһумма инни әсәлукә мин фадлик, Аллаһумма иъсымни минәш шайтанир ражим».

«Аллаһтың атымен, Аллаһтың елшісіне Оның тыныштығы мен игілігі болсын! Ей Аллаһ! Шынында мен Сенің кеңшілігіңді сұраймын. Ей Аллаһ! Мені шайтанның азғыруынан сақтай гөр».

          Ата-бабаларымыз ұлттық салт-дәстүрлерімізді берік ұстап, бабаларымыздың нақыл сөздері мен мақал-мәтелдерін, Алланың кітабы Құран Кәрім және Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.у-ның айтқан сөздері хадис және істеген істері – сүннеттерін басшылыққа алып, Имам Ағзам Абу Ханифа мазхабын (мектебін) негіздеп, халықты имандылыққа шақырып, Асыл Ислам дінімізді насихаттаған.       

          Дін дегеніміз – Жаратушы Иеміздің пенделеріне жіберген үкімдері. Алла тағала дін үкімдерін Елшілері, яғни Пайғамбарлар арқылы пенделеріне жеткізген. Сонау Адам атамыздан Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.у-ға дейін 124 мың пайғамбар өткен екен. Алла тағала адамзатты құлшылық үшін жаратты және жердегі орынбасары етіп жаратты. Барлық нәрселерді біздерге қызметші етіп қойды. Барлық пайғамбарлар Алланың бірлігін, үкімін, халықты жақсылыққа үндеп, жаман қылықтардан аулақ болуға шақырған. Мұсылмандар үшін хадис пен сүннеттің рөлі зор. Алғашқы  мұсылмандардың өмірі жарқын үлгі болады. Қыз бала туылса отбасының беделін түсіргендей намыстанып, тірідей жерге көмген, арақ, құмар ойындар, пайыз, өсім алу секілді кеселдер жаппай жайлап, азғындаған қараңғы да жабайы қоғамды Ислам діні аз уақытта-ақ барша адам баласы үлгі тұтар шырқау биікке көтерді. Мұндай зор жетістікке Ислам дінін қабылдаған елдердің бәрі қол жеткізді.

Қазақ халқы да бар ынта-ықыласымен, жүрек қалауымен қабылдап, мұсылмандық өмір салтына Құран мен сүннет дәстүрлерін қалыптастырды. Ислам халқымыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрып, сенім-нанымының негізіне айналды. Осынау ұлттық құндылықтарымыз Құран мен Исламның екінші негізі хадистер мен сүннеттерден бастау алған еді.

         Дүние және ахирет тіршілігімізге байланысты мәселелер Құран аяттарында, Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.у. хадистерінде жан-жақты қамтылған. Соның ішінде жақсы мен жаман істерді ажыратып, жақсы іске ұмтылу, жаман істерден аулақ болу үкімдері жеткілікті. Жақсы іс, игі іс жасау адамға қаншалықты пайдалы және марапаты, жаман қылық қаншалықты зиянын, оның азабы жайлы ескертеді.

       Әрине, жақсы амал өзімізге жақсы болған соң жасауды бұйырды, ал жаман қылық өзімізге зиян тиетін болған соң олардан тыйды. Жақсы, пайдалы амалдар өте көп, жаман қылықтар көп емес. Санаулы, аз болса да ондай жаман қылықтар адамдарға, қоғамға зияны шаш етектен.

        Ол жаман қылықтардың қатарында оңай олжа табу, еңбексіз күн кешуге жетелейтін құмар ойыны. Өйткені бұл дерт бүніггі күндері шындығында да қоғамға үлкен зиянын тигізуде. Қаншама жастарымыз құмар ойындарына құмартып, ата-анасының еңбектеп, тірнектеп тапқан табысын оңай ғана құмар ойындарына салып жатыр. Қаншама отбасы осы құмарлықтың салдарынан ойрандалып жатыр десеңізші.

          Нәпсі қалауына беріліп құмар ойындарын ойнау шариатымызда қатаң тиым салған. Құмар ойындарын ойнау үлкен күнә болып есептелінеді. 

          Құдіретті Алла тағала: «Мәида» сүресінің 90–аятында:

         «Ей иман келтіргендер, хамр (спирттік ішімдіктер), құмар, дөрекі жонылған тастар (табынуға арналған түрлі пұттар)және балгерлік тәсілдері ( арнайы таяқшалар арқылы, немесе су, кофе, какао сияқты сұйықтықтар құйылған тостақтар арқылы және басқа да тәсілдермен бал ашу)шайтанның амалынан саналатын ластық (арам істер саналады)Сондықтан одан (сондай арам істерден)сақтанарсыңдар. Қане(осы бұйрықтарды орындап ақырет азаптарынан)құтылсаңдар еді. (әлбетте Алла пенделеріне тек жақсылықты қалайды.)».

       Бұл аят хамр, яғни спирттік ішімдіктер ішу, құмар ойындарын ойнау шайтанның амалынан саналатын ластық екені, яғни нағыз арам істер екені туралы түсірілген өкім. Осы өкімге байланысты мас қылатын ішімдікті ішу және әрқандай құмар ойындарын ойнау үзілді-кесілді арам етілді. Сондықтан құмар ойыны арақпен бірге айтылғандықтан арақтың бауыры болып саналуда.

Мәида» сүресінің 90–аятында:           

«Ал, шайтан болса (спиртті)ішкілік пен құмарда (ішкілік пен құмардың

жамандығы арқылы)сендердің араларыңа дұшпандық пен кекшілдік (бір-біріңді

жек жеккөрушілік індетін)салуды, сөйтіп, сенндерді Алланың зікірінен және

намаздан бөгеп қалуды қалайды.. Міне енді (осы ақиқатқа білгендеріңнен соң)

сендер тыйылушысыңдар ма ?(жамандықтан тыйылсаңдар өздерің үшін жақсы,

ал, тыйылмасаңдар өз обалдарың өздеріңде)», – делінген.

Бұл аятта алдыңғы аяттағы өкімнің  жалғасы баян етілген. Сондықтан да бұл да ішкілік пен құмар жайлы түсірілген ең соңғы аят саналады. Бұл  аятта біздер үшін құмар ойнамауға бұйыруда. Яғни харам амалы. Харам амалын істеу ол үлкен күнә.

         Күнә – адамның өмірінің берекесіз болуына апарып соғады. Құмардан түскен ұтыс адал  кәсіп немесе адал күн кешу болып есептелінбейді. Өйткені еңбек жоқ. Әп-сәтте оңай олжаға кенеле салу. Құмарлықтан түскен олжа ол адам үшін береке алып келмейді. Өйткені, Имам Ахмад, ибн Мажалардан риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғу “Расында құл жасаған күнәменен рызық-несібеден махрұм етіледі”Адамның бойында күнә істер көп болса ризық несібесінің аз болуына әсер етіледі .

      Сондай ақ Құран аяттарында Ниса сүресінің 31 аятында:

«Егер сендер тыйым салынған нәрселердің үлкенінен сақтансаңдар, сендердің жамандықтарыңды жасырып, өздеріңді құрметті орыңға кіргіземіз».

      Алла тағала біздердің білместікпен жасап қойған күнәләрымызды кешіретіндігін жеткізуде. Білместікпен арам етілген істерді істеп қойған болсақ, Алла тағала тәубе етушінің күнәсін кешіруші ерекше мейрімді. Бастысы күнәмызды қайта жасамау керек.

Сопы Аллаяр:«Кінәм көп деп Тәңірдің рахметінен үмітсіз болма. Ол айыбыңды кешіріп, тәубеңді қабыл етсе ғажап емес. Сондықтанда , сен қалған өміріңді орынсыз жұмыстарға ысырап етпей, Алланың азабынан қорқып жыла, шын жүрегіңмен одан рахметін тіле. Себебі көз жасыңның тамшылары құмар ойындарын ойнауды қалап тұрған нәпсіңнің өрт болып лаулаған тілектерін сөндіреді»

Пайғамбарымыздың (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларының бірі Абдуллаһ ибн Аббас (Аллаһ одан разы болсын) былай деген:
 «Әрбір жақсылық іс – адамның жүзіне жарқындық, жүрегіне нұр орнатады. Әрі оның рызқысын кеңейтіп, денесінің қуатын арттырады. Және елдің жүрегінде махаббат орнатады. Ал күнәлі іс – адамның жүзін түнертеді. Кеудедегі жүрек пен ертең түсетін қабірге қаранғылық орнатады. Дененің қуатын әлсіретіп, рызқыны кемітеді. Әрі елдің жүрегіне жеккөрушілікті орнатады» .  деп  жақсы іске ұмтылып, күнә істемеуден сақтанған адамның және күнәні істегендердің жағдайы жайлы баяндалуда. Тіпті күнә істеп жүрген адамға елде жақтырмай қарайды. Құмар ойнап жүрген адамды ел білсе шыныда да дұрыс көз қараспен қарамайтын сияқты.

           Құмар ойындарына құмарлану адам бойын билейді. Ол жақсы қасиет емес. Билеуге ерік бермеу керек.  Адамның хас жауы шайтан малғұн  біздердің осындай жаман қылықтарға, әдеттерге үйір етіп, адамдық қасиеттен жұрдай етеді. Алайда, біздер шайтан арбауына түспеуіміз керек. Өйткені, Алла тағала біздерге ақыл сана, ой-парасат берді. Зер салып ақылға салатын болсақ құмар ойыны ешкімге жақсылық әкелмеген. Орта Азия қазақтарының мақал-мәтелдерінде: «Ақылды көрген білгенін айтады,

ақылсыз ішкен- жегенін айтады, ақылды ұл білім іздер, ақылсыз ұл шылым іздер»

Жүсіп Баласағұн бабамыз :

«Бар жақсылық ақылменен келеді.

Кісі ақылмен аты мәшһүр , келелі

Малдан адам айырмасы ақылда!

Малда мый бар- жоқ қой ақыл, мақұлда

Кісілердің кісілігі –ақылда

Білім болса , адам дана, батыр да!- деп жырлаған. Ақыл-ой, парасаттасақ құмарлыққа неге бардық, арты не болмақ, мақсатымыз не?!  Әрине, мақсат – еңбексіз дүние табу. Өмірге бір-ақ рет келеміз, ойнап-күліп қалайық деп күнә істерге ұрынамыз. Ал өмірге бірақ келеміз сауап істеп қалайын, күнәлі істен аулақ болайын, Құдайдың алдына барғанда не деп жауап берем деген сияқты сұрақ мазалауы керек.

         Ал өмірден тек күлкі-думан іздейтін адам тез қажиды, барлығынан тез суынады, өйткені оның қандайлық сезімі болса да жай ғана үстірт болады.

        Қамшының сабындай қысқа ғұмырда өмір сүреміз. Барша әлемді жаратқан Алла тағала біздерді арам істерден, құмар ойындарының зардабы өзімізге зиян болғандықтан қайтарып, тиым салып отыр. Құмар ойынына еліктеп, соңы құмарлық ойындарына қалайша байланып қалғаны байқамай қалады.  Егерде ақша тігіп, құмарлыққа салыну және дініміздің тыйым салған ойыны болмаса ойнауға болады

Алла тағала құмар ойынды харам етуде көптеген хикметтері бар.

Олар мыналар:
1- Мұсылманның өмірі мен табысы кездейсоқ бақытқа емес, маңдайының тері арқылы болу керек.
2- Өзгенің мал мүлкі, дүниесі харам. Оны алудың жолы ауыстыру не сыйлық т.б әр түрлі адал жолдармен болу керек. Ал , құмар әділетсіз жол;
3- Жоғалтқан адам бергеніне риза көргенімен іштей өкініп, ұтқан адамды іштей қызғанып, көре алмайтыны анық.;
4- Құмар ойын мұсылманның құлшылығына қатты кедергі жасайды;

5- Құмар ойын зиянын тек ойнаған адамға ғана тигізбейді. Сонымен қатар қоғамға да кері әсер етіп, көп ұзамай ел арасында жұмыс істемейтін құмар ойынға берілгендердің көбеюіне себеп болады.

         Құмарлықтың тағы да бір үлкен зияны алтындай уақытын, жастық шағын, нағыз елге қызмет жасайтын сәтте екі дүниесіне пайдасы жоқ құмар ойынын ойнап өткізіп алады.

         Өмір сүріп жатқан кезімдегі уақыт қадірін ұғып, уақытымызды тиімді пайдаланып, оны жақсы іске, Жаратушы Иеміздің алдындағы міндеттерімізді орындап, халқымызға еңбек ету.

Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.у. хадисінде :

          «Көп адамдардың қадір-қасиетін біле бермейтін екі үлкен нығмет – денсаулық және бос уақыт»деген.

Уақыт пен денсаулық – шын мәнінде, үлкен нығмет. Оны бос, пайдасыз құмар ойындарын өткізу үшін емес, игілікті іске жұмсау қажет.

Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.у. хадисінде :

         «Нағыз байлық – дүниенің ағыл-тегіл көптігі емес. Нағыз байлық – жан-дүниенің байлығы (Яғни, барға қанағат етіп, әрі ешкімге мұқтаж болмай күн кешу)»

          Еңбек етіп аз болсын, көп болсын қанағат тұтып, адал жүру.

         Тағылымдылық жөнінде ертеректегі ақын-жазушыларымыздың келтірген көптеген тәмсілдері, өлең-жырлары бар. Соның ішінде, ұлы ақын Абай:

         Құмарланып, шаттанба,

         Ойнап босқа күлуге, – десе, шайыр Шәкәрім Құдайбердиев  атамыз:

Адамдық борышың,

Халқыңа еңбек қыл.

Ақ жолдан айнымай,

Ар сақта, оны біл.

Талаптан да білім мен өнер үйрен,

Білімсіз, өнерсіз,

Болады ақыл тұл.

Мақтанға салынба,

Мансаптың тағы үшін,

Нәпсіңе билетпе,

Басыңның бағы үшін.

Өміріңді сарп қыл өлгенше,

Жоба тап, жол көрсет,

Келешек қамы үшін.

Қайтадан қайырылып,

Қауымға келмейсің,

Барыңды, нәріңді,

Тірлікте бергейсің.

Ғибрат алар артыңда із қалдырсаң,

Шын бақыт-осыны ұқ,

Мәңгілік өлмейсің», – деген шумақпен ойымызды терең ойларға батырады.

Алла тағала адамды  адам етіп жаратқан соң, адамға ақыл мен нәпсіні берді. Ақылды істете отырып, нәпсі қалауын тізгіндеп отыруымыз керек. Өйткені, нәпсі ол көп нәрсені қалайды. Бар затымыз болса да одан да үлкенін аңсайды, қарнымыз тойып тұрса да жей беретін кездеріміз де болады. Бұл нәпсінің қалауы. Қанағат деген жақсы қасиет бар. Қанағат ету керек. Ал құмар ойыны нәпсі қалауы. Оңай ғана олжа табу. Бұл әсіресе жастар арасында көптеп кездеседі. Қызығады, көргісі келеді. Құмар ойындарына құмарланып қалғанын кеш ұғып жатады.

Шал ақын:

«Бір жігіт бар- құр жан,

Бір жігіт бар- тірі жан,

Бір жігіт бар-жігіт жан.

         Құр жан дейтін-кеудесінде жаны бар, еш нәрсе бітірмейді;

Тірі жан дейтін- бар тапқанын киім мен асқа сатар, жақын көрген досын жатқа сатар. Қызыл белбеу, шоқима етік, үкі тағып, әркімді бір сықақ қылар;

Жігіт жан дейтін жігіт-сегіз қырлы, бір сырлы болар», – деген екен. Жастық шақ адамға бір-ақ рет беріледі. Жастық шағымызды құмар ойындарын ойнаумен өткізіп алып ертең өкініште қалмайық.

       Барша құлшылықтың көркемі, әрі тазасы-нәпсіңе қарсы шығуың. Себебі  оған ыхтияр берсең, құтырып өзіңді қыңыр істерге сүйрелейді. Оңбаған нәпсіңе ерік берсең, бұрыс жолға бастайды. Жанып тұрған оттың жалындағанына қарай : -«Ирелеңдемей тұра жалында, деп отыз рет айтсаң да, тұра жанбайды, бәрібір желдің ырқына қарай әрекет ете береді. Сол сияқты, бұзық амал, құмар ойнап, нәпсінің еркіне көнетін болсаң, соның әуеніне қарай бұрыс ирелеңдейтін боласың. Өзіңді төмен нәпсіңді жоғары тұтатын болсаң, соңы бір күн келіп, өзіңді сол құтырған нәпсің есірген бура сияқты төсіне басып мыжғылап, басыңды шайнап жайратып салады. Яғни, еркін қолына берген нәпсің өзіңді иманнан шығарып, мәңгілік тозаққа шалдықтырады. Сондықтан кәпір нәпсіге кешіктірмей бөгет қой. 

         Құмар ойнау – жоғарыда атап өтілгендей, харам етілген. Құмардың қай түрі болмасын, ойнауға болмайды. Құмар ойнаудың пайдасы бар деген адам, өзіне ауыр күнә арттырады. Ал кім оны адал десе иманнан айрылады. Бұл жөнінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):«Нарда ойнаған адам шошқаның еті мен қанына қолын тигізгенмен бірдей» (Мүслім), «Нарда ойнаушы Аллаға және Оның елшісіне құлақ аспаған болады» дейді (Ахмад, Әбу Дауд) дейді. Яғни, бұдан нарданы ойнауға  болмайтыны көрінеді.

           Ойнау былай тұрсын, тіпті ойынға шақырудың өзі де күнәға жатады. Байқаусызда олай істеген адам садақа жасауы керек. Бұл жайлы  Пайғамбарымыз с.ғ.у. хадисінде былай дейді :  «Егер біреу-біреуге кел құмар ойнаймыз десе дереу садақа қылсын» (ашейін айтса да) (Бухари).

Құмар – ол карта, нарда, т.б нәрселер, егер де ортаға ешнәрсе тікпесе де ойнау мүмкін емес.

Жалпы, ақша  тігілетін ұтыс ойындары адамды бекер  үміт пен ойламаған жерден  жетістікке тәуелді ету деген сөз.  Ұтыс ойындарында ойламаған жерден оңай олжаға түскен адам еңбек етпей, біреудің ақшасын тартып алғанмен бірдей. Оңай олжаға кенелдім деп қуанып тағы да ертең ұтамын деп алданып, келесі кезде ұтылып қалатындығын ойламай құмарлана түседі. Арты өмірінің бекер өткені, отбасының күн көріс напақасын ауыздарынан жырып алып, мұқтаждыққа тап болып, қарызға белшесінен батып, қолдан мұқтаждыққа душар болады. Ата- бабаларымыз ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан асыл Ислам дінімізде мұндай құмар ойындарына  түбегейлі қарсы.

        Ұлтымыздың дәстүрлерін, Имам Ағзам Абу Ханифа мазхабы негізінде  Ислам дініміздің тазалығын сақтап, біздерге жеткізді. Имандылыққа шақыру үшін жаман қылықтардан аулақ болуымызды, нәпсімізге ерік бермеу керектігін түсіндіріп, сондай ақ жақсы қасиеттерге жетелейтін нақыл сөздер мен мақал-мәтелдер арқылы халықты тәрбиелеген. Тазалық, тәрбие, имандылық біздерге ана сүтімен дарып, бойымызға сіңген. Бабаларымыз құмар ойындарына үйір болмаған. Біз сол бабалардың ұрпағымыз.

        Кейбір спорттық ойындары, соның ішінде  шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ ойындары адамның логикалық ақылын істетуге күш береді. Ұлттық, спорттық ойындар, денені шынықтыруға негізделген ойындар пайдалы.  Ұрпақтан ұрпақтарға жалғасып келе жатқан ұлттық ойындарымыз бар. Соның жиі ойналатындарына тоқталайық.

Көкпар тартудың үкімі жайлы

        Көкпар тарту – қазақтың көнеден келе жатқан ат үстіндегі жарыстарының бір түрі. Қазақ халқы елін қорғайтын сарбазға лайық жігіттерді осы көкпар тарту арқылы жігерлендіріп күшейткен, шынықтырған, сондықтан қазақтың ғұламалары бұл ойынға рұқсат берген. Жарыстан жеңгендерге Пайғамбарымыз с.ғ.у. секілді сый-сияпаттар беріп ынталандырған, бірақ қазақ халқы еш уақытта мейлі осы көкпар жарысында, мейлі ат жарысында болсын ақша алып, тігіп ойнауға рұқсат бермеген. 

         Додаға түскендердің жеңімпаздарына, оза шапқандарға шапан жауып, бәйге берген, ал сырттай ақша тігіп, жеңгені тігілген ақшаны алуға дінімізде рұқсат жоқ. Сондай-ақ, аттарға да зорлық-зомбылық көрсетілмеуі керек.

Тоғызқұмалақ жайлы толғансақ

Тоғызқұмалақ – ата-бабаларымыздың сан ғасырлардан бері ойнап келе жатқан ойыны. Шахмат ойынымен бірдей  күн ұзақ ойнап, соған беріліп Алла тағаланы зікір етуден, Оған құлшылық жасаудан қашықтатпауы керек. Тоғызқұмалақты құмар ойындары сияқты ақшаға ойнауға болмайды.

Асық ойындары

Асық ойындары ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан ұлттық ойындарымыздың бірі. Егер асық-екеш асықтың өзін ойнаған шақта ортаға екі жақ ақша тігіп, жеңгені алады деп ойласа, онда ол ойын құмар ойыны болып кетеді. Сондықтан ақша тікпей ойналуы керек.                                                           

Шахмат

Бұл ойынның алғаш сахабалар дәуірінде жарыққа шыққандығы айтылады. Біздің мазхабымыздың имамы нарданың үкімімен бірдей санап өкім берген.

Мазхабтар арасында бұл ойынға жылы қараған Имам Шафиғи мазхабы. Ол бұл ойынға санасын шыңдап, ойлау жүйесін кеңейтіп, садақ ату мен атқа мінуге ұқсайтындығын алға тартып шахмат ойынына рұхсат берген. Имам Нәуәи шахмат ойынын харам емес, макрух екендігін айтады.  Бірақ құлшылыққа кедергі жасамау және терең беріліп күнін босқа өткізбеу шартымен ғана рұхсат етілген. Ендеше Имам Шафиғидің осы патуасымен амал етуге болады.

Бильярд және теннис жайлы

Бильярд: Француз  королдері XIII, XIV Людовиктердің патшалық еткен тұстарында орын алды. Ойынды алғаш кім ойлап тапқаны және қай елде пайда болғаны әлі де жұмбақ.

Теннистiң  тарихы: XIX ғасырдың екiншi жартысында басталды.

Бильярд – спорт ойының хала түріне жатады. Дене қимылына және көзге пайдасы зор. Ең бастысы – ақша тігіп ойнамау керек. Екінші, уақытты ысырап етпеу керек. Үшіншіден, ойнайтын жер халал мекен болуы тиіс. Бильярд үстелі казино, арақ-шарап ішетін лас жерде болмауы тиіс. Болған жағдайда ойнау дұрыс болмайды. Теннистің үкімі де солай.

        Тәуелсіз Отанымыз – Қазақстанның болашағы – еліміздің әрбір азаматтарына адал еңбек етіп, арам етілген құмар ойындарына құмартпай, адал кәсіппен ғұмыр кешуді нәсіп етсін.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Отбасы ғылымхалы
  2. Құран кәрім аудармалары және түсініктемлері 1-2 томдары
  3. Сопы Аллаяр кітабынан
  4. Имам Нәуәидің қырық хадисі
  5. «Қазыналы Оңтүстік» «мақал мәтелдер»
  6. Ж.Баласағұн кітабы                                                         

 

Полатов Еркін Тұрғынұлы,

  ОҚО Қазығұрт аудандық  “Мұсылмандар”  

мешітінің бас имамы

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38