2018 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мешіт салудың арнайы ережесін бекітті. ҚМДБ Мешіт істері бөлімінің меңгерушісі Жәнділдә Мамытханұлының айтуынша, енді жаңадан салынатын мешіттің құрылысы заманауи талапқа сай жүргізілуі тиіс.

«Демек, Алла үйін тұрғызуға шешім қабылдаған адам ғимараттың көрікті болуына көңіл бөлуі тиіс. Мешіт салуда заманауи озық үлгілер, Исламның және жергілікті сәулет өнерінің нышаны айқын көрінуі назарға алынады. Мешіттің мұнарасы, күмбезі және ішкі-сыртқы безендірілуі жергілікті дәстүрге сай болуы шарт», – дейді Жәнділдә Мамытханұлы.

ҚМДБ қабылдаған құжат бойынша, енді мешіт жергілікті жамағаттың санына лайықтап салынатын болады. Сонымен қатар мешіт ауласына автотұрақ, саябақ, т.б. қажетті нысандар тұрғызылмақ. Қауіпсіздік шаралары да қатаң сақталмақ.

Айта кетер жайт, 2018 жылы еліміз бойынша 38 мешіт пайдалануға берілді. Кеше Астанада оныншы «Ақ мешіт» мешіті жамағатқа есігін айқара ашты. Бүгінде республика бойынша 2 626 мешіт халыққа қызмет етуде.

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38