Биыл ауылдық, аудандық, облыстық, қалалық, республикалық мешіт жанындағы діни сауат ашу курстарында 82 401 адам сауат ашты. Оларға Құран оқу, хадис, ақида, иман шарттары, Ислам әдептері сынды пәндерден дәріс жүргізілді.
ҚМДБ Оқу-ағарту және діни кадр даярлау бөлімінің бас маманы Марат Абдоллаұлының айтуынша, курстан өткен азаматтар арасында арнайы білім сайыстары ұйымдастырылып, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар берілген. Мақсаты – алған ілімдерін шыңдау.«Бүгінде еліміз бойынша 966 діни сауат ашу курстары жұмыс істейді. Курстың негізгі қызметі – азаматтарға алғашқы дін негіздерін үйрету. Мешіттен дәріс тыңдаған адам деструктивті ағымның арбауына ермейді», – дейді М.Абдоллаұлы.
Айта кетсек, ҚМДБ жанында 9 медресе жұмыс істейді. Бүгінде 9 медреседе 1685 шәкірт білім алуда. Осыған дейін аталған медресені 1 512 (оның 1 283-і ер бала, 229-ы қыз бала) түлек тәмамдап, диплом алды.