Ахметжан қажы Керімбек,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының
Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша
өкіл имамы
ҚАСИЕТТІ ОРАЗА АЙТ МЕРЕКЕСІ МҮБӘРАК БОЛҒАЙ!
Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Құрметті мұсылман бауырлар, жерлестер!
Барлық мақтау мен мадақ Әлемдердің Раббысы Алла Тағалаға болсын!
Баршамызды мүбәрак Рамазан айының Ораза айтымен шын жүректен құттықтаймын!
Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген берекелі айда жасаған қайырымды, ізгі амалдарыңызды Жаратушы Иеміз қабыл еткей!
Айт сөзі – «мереке», «мейрам» деген ұғымды білдіреді. Жиырма тоғыз күн ораза ұстап, ауыз бекіткен мұсылман баласы бұл күні әуелі айт намазына мешітке бет алады. Мешітте имамның уағыз-насихатын тыңдап, жамағат болып айт намазын оқиды. Намаз біткен соң мұсылмандар қол алысып, төс қағысып «Ораза қабыл болсын!», «Айт құтты болсын!» деп бірін-бірі құттықтап, мәре-сәре болып жатады.
Ренжісіп қалған ағайын-туыс, жора-жолдас бір-бірінен кешірім сұрап жарасады. Ал әйелдер қауымы үйде қазан асып, дастарқан жайып, айттық шай әзірлейді. Көрші-қолаң бір-бірінің үйіне кіріп дәм ауыз тиеді, шаңырақ иесіне аман-саулық тілеп, айтпен құттықтайды.
Пайғамбарамыз Мұхамемед (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мүмін пенделер Рамазан айының ора¬засын толық ұстап, айт күні намазға бет алғанда, Алла тағала періштелерге: «Ей, періштелерім, адамзат бейнет атқарса, ақысын талап етеді. Пенделерім Мен парыз еткен оразаны атқарып, ақысын алуға мешітке бет алды. Олар Мен үшін ораза ұстады, Менің пәрменіммен ауыз ашты, енді қуанышқа кенелсін. Сендер куә болыңдар, оларды жарылқадым», – делінген.
Құрметті мұсылман қауым! Қасиетті айда ұстаған оразамыз, жасаған дұға-тілектеріміз, құлшылық-ғибадаттарымыз, әрбір қайырлы амалдарымыз қабыл болғай! Алла Тағала отбасымызға амандық, жұмысымызға береке-бірлік нәсіп еткей! Тәуелсіздігіміз баянды, еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Әумин!