Қасиетті Құранда: «Ей, мүминдер! Сендер Аллаға бойұсыныңдар, Пайғамбарға бойұсыныңдар әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне де. Егер, бір нәрсе үстінде талас-тартыста қалсаңдар, Аллаға және пайғамбарға жүгініңдер. Егер сендер Аллаға, ақырет күніне сенетін болсаңдар, осылай істеу әрі қайырлы әрі жақсы нәтижелі болмақ»,- делінеді («Ниса» сүресі, 59-аят).

Бұл аятта ел билігі тізгінін ұстаған тұлғаларға бойұсыну туралы Алланың үкімі айтылған. Аяттың арабша нұсқасындағы «улул амр» яғни, «әмір иелері» деген сөз кімді айтуда?» деген сұраққа саңлақ сахабалар мен табиғиндардан Әбу Хурайра, Ибн Аббас, Зәйд ибн Әсләм, әс-Судди және Муқатил «билік басындағылар», — деп жауап берсе, Ибн Аббас: «Мұсылман ғұламалары», — деп айтқан. Бұл пікірді Ибн Әбу Талха, Жәбир ибн Абдулла, әл-Хасан әл-Бәсри, Әбу әл-Ғалийә, Мужәхид, ан-Нәхаи және әд-Даххақ ﴾р.а.﴿ қолдаған. Демек, осы аят ел басқаратын басшы, үкім шығаратын және діни пәтуа айтуға тағайындалған тұлғаларды қамтиды.

Әбу Һурайра ﴾ р.а.﴿ жеткізген мына хадис шәріпте Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

«Кім маған бойұсынса, ол Аллаға бойұсыныпты. Кім маған бойұсынбаса, ол Аллаға бойұсынбапты. Кім басшыға бағынса, ол маған бағынғаны. Кім басшыға бағынбаса, ол маған бағынбағаны», — дейді. Бұл халықтың өз басшысына бойсынуы қажеттігін дәлелдейтін хадис.

Осы хадистің шархы бойынша Ибн Хажәр әл-Әсқәләни имам Бұхаридің хадис жинағы бойынша жазған шархы «Фәтх әл-Бари» атты кітабында: «Пайғамбарымыз(с.ғ.с) бұл сөздерді басқаруға немесе билік атқаруға тағайындалған адамдарға бойұсынуы үшін және оларға қарсы көтерілмеуі үшін айтты. Әйтпесе, мұсылмандардың арасында келіспеушіліктер пайда болар еді», — деп көрсетіпті. Демек, басшыға бағынбау келіспеушілік туындатуы мүмкін. Ал, келіспеушілік өз кезегінде, елдің ауызбіршілігін, жұрттың тыныштығын бұзады.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) көзін көрген мұсылман үмбетінің үлгі тұтар тұлғалары сахабалар ел тізгінін ұстаған басшыларға сөзге келмей бойұсына-тұғын. Билікке бойұсыну ісіне аса мұқият болған-ды. Әсіресе, ел ішінде бүлік шыға қалса елді ымыраға шақырып, ел басшысыхалифаға қолдау көрсететін. Басшыға бойсұнып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білгеннің ауызбірліктің арқасында ғасырлар бойы билеп келген алпауыт мемлекеттер Византия мен Парсы империясын тізе бүктірді. Ғылым мен өнерді дамытып дүниелік саланың бәрінде жетекшілік жасады. Бұл ненің нәтижесі? Бұл басшыға бағынып жұмыла жұдырық болғанның нәтижесі.

Сахіл ибн Абдуллаһ әт-Тустари: «Адамдар басшысы мен ғалымдарын сыйласа жақсылықта болмақ. Егер (басшысы мен ғалымдарын) құрметтесе, Алла олардың дүниелік тіршілігі мен ақыреттік өмірін түзейді, ал егер оларды елемесе, онда олар өздерінің бұ дүниесі мен о дүниесін құртады», -деген (Имам Құртуби тәпсірі). Демек, адамдардың дүниелік һәм ақыреттік амалдары тек басшыға бойсынумен ғана оңынан келмек.

Басшыға бойұсыну – дініміз Исламның талабы, мұсылманшылық міндетіміз. Өйткені, Әнас ибн Мәлик Пайғамбарымыздың (ﷺ) былай деп айтқанын баяндаған:

«Тыңдаңдар, бойұсыныңдар, тіпті егер сендердің үстеріңнен басы мейіздей болған хабашилік құл билік жасаса да» (Бұхари).

Қоғамды басқарушы әміршіге әрбір мұсылманның бағынуын, оның әмірін тыңдауын талап ету ислам дінінің басты ерекшелігі. Жоғарыдағы аят та, хадис те мұны нұсқап отыр.

Төртінші халифа Әли ﴾ р.а.﴿ ел билеген тұста «хауариж» деген дінбұзар топ болды. Мұсылмандардың ауызбіршілігін бұзу, ел ішіне іріткі салу олардың басты әрекеттері еді. Астыртын түрлі айлалар жасайтын. Тіпті, Құран аяттарын бұрмалап, өздерінің арам пиғылдарына пайдалануға тырысатын. Ондай теріс пиғылдылар қазіргі заманда да жоқ емес. Ондай жандар сахабалардың заманында да болған. Өкініштісі, дінді білмейтін кей жандар ел ішін бұзғысы келетіндердің алдамшы сөздеріне ілесіп те кетіп жатты. Мұндай жолдан сақтану үшін дінді екінің бірінен үйреніп кете беруге болмайды. Сондықтан, әрбір ілім жолына ниет еткен жан діни білімді арнайы тағайындалған мешіт имамдарынан, ұстаздардан, жауапты адамнан үйренсе, адасудан алыс болмақ.

Хазреті Әлидің билігінен мін іздеумен болған хауариждер өзінің арам пиғылын іске асырмақ болып, Құрандағы:

«Барлық билік Аллада. Ол әділ үкім етеді. Үкім жасауда Алладан артығы жоқ…», — делінген «Әнғам» сүресінің 57-аятын елдің бірлігін бұзу үшін пайдаланбақ ниетте: «Үкімді тек Алла шығарады», — деп ел билейтін кісінің үкіміне бойұсынбайтындықтарын жариялады. Хазреті Әли: «Иә, үкімді тек Алла шығармақ. Алайда, адамдарға тақуасы болсын, яки, тақуасы болмасын бір басшы қажет. Басшы мұсылман болса, айтылған үкімі орындалуға тиіс. Ал, мұсылман емес болса, құлақ асу қажет», — деп жауап беріп, бұл аяттың түп мағынасын елге түсіндіріп, хауариж ағымының теріс пиғылын паш етіп берді.

Хазреті Омар ибн Хаттабтың ұлы Абдуллаға Язид бин Муғауия халифа болып ел оған ант бергені жайлы хабар жетеді. Сонда кемеңгер сахаба: «Егер ол (Язид) жақсы басшы болса, біз разы боламыз, ал жаман басшы болса, сабыр етеміз», — деген екен. Язид халифалық таққа отырған шақта көптеген сахабалардың көзі тірі еді. Олардың ішінде ел билеуге лайық тұлғалар жоқ емес-тін. Абдулла ибн Аббас, Абдулла ибн Омар, Абдулла ибн Амр, Язид бин Муғауияға қарағанда басшы болуға әбден лайық әрі тәжірибелі де болатын. Бірақ ел басшысына итағат ету, бойұсыну дініміздің талабы. Мұны сол сахабалар жақсы білді, әрі өте жоғары деңгейде оған амал етті. Ел тыныш, ауызбірлігі берік болса, басшысы да ел игілігіне қызмет етерін жақсы түсінді. Бүгінгі таңдағы мұсылмандар саңлақ сахабалардың өнегесінөміріне ғибрат ете білуі қажет-ақ.

Халық бір тұтас мемлекет, ел тыныш болсын десе, халық ең әуелі басшыға бағынуы лазым. Әрине, ел басшысы да жақсы және парасатты жетекші бола білуі тиіс. Ондай басшы өзіне жүктелген жауапкершілікті сезініп, өзінің халқын алға жетелейді. Басшының орынды саясатының астында салиқалы қоғам құрылады. Сондықтан, мұсылмандардың барлығы өздерінің басшысын бірауыздан қолдауға, құрметтеуге, оның бұйрықтарын орындауға, оған тек жақсылық тілеуге және қандай жағдайда болмасын абыройына нұқсан келтірмеуге міндетті.

Пайғамбарымыздың (ﷺ) мына хадис шәріпінде:

«Сұлтан (патша) Алланың жер бетіндегі саясы. Кім оны (патшаны) құрметтесе, Алла оны құрметтейді. Ал, оны қорлағанды, Алла қорлайды», – деп айтылады.

Зийәд ибн Қусайб: «Бірде, мен Әбу Бакратпен бірге жұп-жұқа киіммен құтпа айтып тұрған Ибн Амирдің мінберінің жанында отырғанымда Әбу Биләл: «Бұзақылардың киімін киетін біздің әмірімізге қараңдар!» — деп (басшының абыройын киіміне бола төкпек болды). Сонда, Әбу Бакрат дереу оған: «Үндеме! Өйткені, мен Алла Елшісінің (ﷺ): «Кім Алла жерде патша еткен әмірді қорласа, Алла оны қорлайды», – дегенін естігенмін», –деді», — дейді.

Иә, басшыға бағыну керектігін әрбір мүмін-мұсылман адам есте сақтауға және басты назарға алуға тиісті. Мұсылман адам басшыға бағынуға, оны тыңдауға, оған бойсұнуға, сондай-ақ, ол туралы жаман сөздер айтпауға міндетті. Өйткені, дүние мен дін ісітерінде басшыға бойұсынбаудың зардабы ауыр. Оның бір ғана зардабын айтсақ, басшыға бағынбаудан мұсылмандардың бірлігі ыдырап, күш-қуаты әлсірейді. Бірлігі кеткен елді дұшпан өз мақсатына пайдаланатыны тағы бар.

Егер басшы өз халқының арасында құрметке ие және қоластындағылары оның тапсырмаларын бұлжытпай орындаса, жау да басшыдан қаймығады әрі оған құрметпен қарайды. Ал, егер мұсылмандардың өздері өз арасынан шыққан басшысын құрметтемесе, онда жау да ол елден сескенбейді әрі оларға менсінбей қарайтын болады. Сондықтан, мүмін-мұсылмандар отанның тағдыры үшін жауапкершіліктің ауыр жүгі арқалаған басшыны құрметтеуі қажет. Сонда ғана бүкіл дүниежүзі ол басшының халқын да, елі мен жерін де құрметтемек.

Ауф ибн Мәлик ﴾р.а.﴿ Мұхаммед Пайғамбардың (ﷺ):

«Басшылардың ең жақсылары – сендер оларды жақсы көргендерің және сендерді жақсы көретіндері. Сендер оларға жақсылық тілейтіндерің және олар да сендерге жақсылық тілейтіндері. Ал, басшылардың ең жамандары сендер оларды жек көретіндерің және сендерді жек көретіндері. Сендер оларды лағнеттейтіндерің, олар да сендерді лағнеттейтіндері…», — деп айтқанын жеткізген (Мүсілім риуаяты).

Алланың қалауымен бір лауазымға сайланып (тағайындалып) қойылған мұсылман басшыға қарсы шығуға кесімді түрде шариғат тыйым салған. Мұсылманның қолында болған билікті құлатуға немесе оның беделін түсіруге талпыныс жасаған кез-келген адам аса Құдіретті Аллаға және Оның соңғы Елшісі Мұхаммедке (ﷺ) қарсы шыққан болып табылады.

Тақырыбымызға өзек болған жоғарыдағы аятта:

«Ей, мүминдер! Сендер Аллаға бойұсыныңдар, Пайғамбарға бойсұныңдар әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне де», — делінген.

Шейх Әли ибн Әбу әл-Ғизз әд-Димашқи әл-Ханафи «шарх әл-Ақида әт-Тахауия» деген кітаптың шархында: «Құран мен Сүннет (хадистер) басшыларға бойсұнуға үндейді, егер басшылар күнә істеуге бұйырмаса, бойсұну қажеттілігіне нұсқайды. Алла тағаланың:«Аллаға бойсұныңдар, Пайғамбарға бойұсыныңдар әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне де», – дегеніне терең ой салыңдаршы. Алла осы аятта: «Пайғамбарға бойұсыныңдар», – деді, бірақ: «Өздеріңнен болған әмір иелеріне де»,– деп «бойұсыныңдар» деген етістікпен айтқан жоқ. Бұл «бойұсыныңдар» деген етістіктің «әмір иелеріне де» деген жерінде тағы да бір рет қайталанбағанының себебі бар. Аятта «бойұсыныңдар» деген етістік Пайғамбарға (ﷺ) бойұсыну туралы сөз болғанда қайталанды. Өйткені, оған (яғни, пайғамбарға (ﷺ) бойұсынғанның кез-келгені Аллаға бойұсынғандық. Ал, пайғамбар (ﷺ) адамдарға Аллаға бойсұнудан тайдыратын ешнәрсе бұйырмайды. Пайғамбарлар күнәдан сақтандырылған. Ал, кез-келген әмір, басшы Алланың еркіне қайшы келетін нәрсені де бұйыруы мүмкін ғой. Сол себепті, аятта басшыларға тек Алланың және Оның Елшісінің әмірлеріне сәйкес келетін нәрселерде ғана бойұсынылатынын білдіру үшін «өздеріңнен болған әмір иелеріне де», – деп «бойұсыныңдар» деген етістікпен қайталанған жоқ. Дегенмен, басшылар тіпті егер зұлымдық және әділетсіздік жасап жатса да, мұсылмандар әмірлерге бағынышты болуы қажет. Өйткені, оларға бойұсынбаудың салдары ауыр, күнәларынан көп есе кесірлі, зиянды болуы бек мүмкін. Ал егер мүмін-мұсылмандар өздеріне тиіп жатқан әділетсіздікті сабырлықпен көтерсе, оларды күнәларының кешірілуі және еселеген сауаптар күтеді. Ал, егер әдептен аттап, амалдарымыз бұзылар болса, Алла бізге күнәһар әмірлерді басшы етіп қояды. Өйткені, Алла тағала қасиетті Құранда: «Бастарыңа келген кез-келген қасірет қолекі істегендеріңнің салдарынан болады. Бірақ Алла көбін кешіп жібереді», — дейді. («Шура» сүресі, 30-аят) Сондай-ақ, «Әли Имран» сүресі, 165-аятта: «Сендер оларды екі есесіне ұшыратқан (Бәдрдегі) бір қайғыға, өздерін (Ухудта) ұшырағандықтан: «Бұл қайдан келді?» – дедіңдер. (Мұхаммед) оларға: «Ол өз пиғылдарыңнан», – деп айт», -делінген.

Мәлик ибн Динар: «Раббымыз көктен түскен кітаптарының кейбіреуінде: «Мен – бүкіл патшалардың патшасымын және Менің қолымда олардың жүректері. Егер адамдар маған бойұсынса, Мен өзімнің рахымыммен оларға әділ патшаларды патша етемін. Ал егер Маған бойұсынбаса, Мен өш алып, оларға залым патшаларды патша етемін. Жүректеріңді патшаларың туралы ойлармен мазаламаңдар, қайта Менің алдымда тәубе етуші болыңдар, ал сонда мен сендерге рахымшылдық етемін», — дегенді жазыпты.

Демек, бастықтың жәбірлеуінен құтылғысы келген адам, ең алдымен өзі зұлымдық және әділетсіздік жасаудан тыйылады. Ал, бастығының бұйрықтары Алла және Оның елшісінің үкімдеріне қайшы келмесе, барлық тапсырмаларын толыққанды сөзсіз орындайды. Абдулла ибн Омар Пайғамбарымыздың (ﷺ):«Мұсылман адам бұл оған ұнаса да, ұнамаса да, әмірлерді тыңдап, оларға мойынсұнуы қажет, тек егер оған күнәлі іс бұйырылмаса ғана. Ал егер оған күнә істеу бұйырылса, ол осы нәрседе құлақ салмауы және мойынсұнбауы қажет», — дегенін айтады. (Бұхари және Мүсілім)

Әбу Абд әр-Рахман ибн Али былай деп баяндайды: «Пайғамбарымыз (ﷺ) мұсылмандарды жорыққа аттандырып, оларға Мәдинаның бір тұрғынын басшы етіп тағайындайды, ал, қалғандарына оған бойұсынуды бұйырады. Әлгі басшы жолда ызаланып адамдарға: «Пайғамбар сендерге маған бағыныңдар демеді ме?» – деп ашуланады. Адамдар: «Иә», – деп жауап береді. Сонда ол: «Олай болса, маған отын жинап беріңдер!» – деп әмір етті. Адамдар отын жинап болғанда, ол отты жағуды, содан кейін әлгілерге отқа кіруге бұйырды. Адамдар тынышсыздана бастады да: «Біз пайғамбардың дініне оттан құтылу үшін кірдік…», – десті. Олар от сөніп бітпейінше және қолбасшысының ашу-ызасы тарамайынша орындарынан қозғалмай қалды. Елге қайта оралған соң олар болған оқиға туралы Мұхаммед пайғамбарға (ﷺ)  жеткізеді. Пайғамбарымыз сонда: «Егер олар сол басшының айтқанын істеп отқа кіргенде, қиямет күніне дейін одан шықпайтын еді. Ақиқатында, Алла әмір еткен нәрселерде бойұсыну қажет», – деп айтты. («Фәтх әл-Бәри» кітабынан)

Саләмә ибн Йәзид әл-Джуғфи бірде Алланың Елшісі Мұхаммедтен (ﷺ): «Уа, Алланың пайғамбары! Егер бізден міндеттерімізді орындауымызды талап ететін, бірақ өздерінің міндеттерін орындамайтын адамдар бізге билік жасаса, бізге не істеуді бұйырасың?» – деп сұрады. Пайғамбар (ﷺ) оған теріс бұрылды. Ол өзінің сұрағын екі-үш рет қайталады және әр кез пайғамбар оған теріс қарай берді. Сонда әл-Әшғас ибн Қайс Саләмәны қолынан тартты. Осы кезде Пайғамбар: «Басшыларыңды тыңдаңдар және оған бойұсыныңдар, өйткені олар өздерінің жүгін, ал сендер өздеріңдікін алып жүресіңдер», – деді. (Мүсілім) Тағы бір хадисте хазреті Пайғамбар (ﷺ): «Исраил ұрпақтарын пайғамбарлар басқарған: олардың біреуі қаза тапса, оның орнына басқасы келетін. Менен кейін басқа пайғамбарлар болмайды, бірақ әмірлер болады, көптеген әмірлер». Сонда пайғамбардан: «Ендеше, біз не істеуіміз керек?» – деп сұрағанда, ол: «Берген анттарыңа берік болыңдар, ал Алла олардан қоластындағылардың барлығы үшін сұрайды», — деген. (Мүсілім)

Халықты басқару арқылы адам өзіне өте ауыр жауапкершілікті жүктейді. Өйткені қиямет күні әрбір адам өз билігінде немесе қарамағында болғандардың барлығы үшін жауап бермек. Мәселен, ер азамат жанұя  басшысы. Демек, қиямет күнінде ол өзінің әйелі және балаларыүшін жауап бермек. Мемлекет басшысы өзінің қоластындағылардың барлығы үшін жауап береді. Бұл жөнінде Алла Елшісі (ﷺ) : «Сендердің әрбірің – бақташы және әрбір адам өзінің қарамағындағылары үшін жауапты. Имам – бақташы және өзінің қоластындағылары үшін жауапты. Күйеуі – жанұяда бақташы және өз отбасы үшін жауапты. Әйелі – ерінің үйінде бақташы және ол үшін жауапты. Қызметші – өз қожайынының дәулетіне бақташы және оған жауапты. Бала – әкесінің дәулетіне бақташы және ол да оған жауапты. Сендердің әрбірің – бақташы, және әрбір адам өзінің қарамағындағылары үшін жауапты», — дейді. (Әхмад, Әбу Дауд, әт-Тирмизи) Және бір хадис шәріпте ардақты пайғамбарымыз (ﷺ): «Уа, Абд әр-Рахман! Өзіңді әмір етіп тағайындауды талап етпе, өйткені сені талабың бойынша әмір етіп тағайындаса, осы лауазым үшін жауап бересің. Ал егер сені (талабыңсыз) тағайындаса, онда саған (басшылықты атқаруда) көмек көрсетілмек», — деген. (Бұхари және Мүсілім)

Демек, мүмін-мұсылман адам Раббысынан қорқып, жауапкершілікті өзі іздемеуі керек. Алайда халық билік жасауды сеніммен тапсырып жатса, барлық істе әділ және Құдайдан қорқып бар күш-жігеріменн халқына қызмет етуге тиіс. Бұл туралы Раббымыз Алла өзінің жердегі басшыларына әділ болуды бұйырып былай дейді: «Егер үкім шығарсаң, әділдікпен үкім ет». («Мәида» сүресі, 42-аят).

«Елдің басшысы,  елдің қызметін жасайды» дегендей, елдің ертеңі мен болашағы үшін, мемлекеттің тыныштығын сақтап, жағдайын жақсарту, құқығын қорғап, әлеуметтік жағынан қамтамасыз ету мақсатында халыққа қызмет етіп жүрген басшыға бойұсыну   мұсылманшылықтың нақ белгісі.

Ибн Аббас Пайғамбардың (ﷺ): «Кім өзінің бастығынан өзіне ұнамсыз бір нәрсе көрсе, бұған сабырлықпен қарасын. Өйткені, көпшіліктен бір елге болса да бөлініп өлген адам, өлімді надандықпен тапқан болады», — деп айтқанын жеткізген. (Бұхари және Мүсілім риуаяты).

Ибн Масғуд Пайғамбардың (ﷺ) былай деп айтқанын жеткізген: «Менен кейін озбырлық және сендер қоштамайтын көптеген нәрселер пайда болады». Ол кісіден: «Уа, Алланың Елшісі, сол уақытты көретіндерімізге не істеуді бұйырасың?» – деп сұрағанда, ол: «Өздеріңнің міндеттеріңді орындаңдар және Алладан өздеріңе тиісті болған нәрселерді қайтаруын тілеңдер», – деп жауап берді. (Бұхари және Мүсілім)

Мұхаммед пайғамбардың (ﷺ) жеткізген дінін ұстанып, қасиетті Құран мен хадис шәріптерге бойұсынып, сүннетіне ілесушілердің көзқарастары таза және шынайы болады. Ал, мұсылмандар өз ішіндегі басшыларына адал болса, ешкім имандарын талқандай алмақ емес. Өйткені, Алла тағала мүмін-мұсылмандарға: «Егер сабырлы және тақуа болсаңдар, олардың (яғни Алланың дұшпандарының) арам ойлары сендерге еш зиян тигізбейді», — дейді. («Әли-Имран» сүресі, 120-аят)

Ибн Муфлих «әл-Әдаб әш-Шәрғийә» кітабында (1/235) былай деп жазған екен: «Бағдадтың мұсылман ғалымдары әл-Уәсиқтың халифалық құруы кезінде Ахмад ибн Ханбалға келіп, мұсылмандардың арасында Құранның жаратылғандығы туралы кесірлі көзқарастардың кең таралуын және де басқа талас-тартыс тудырып жүрген мәселелерге байланысты жағдайы тым шиеленісіп кеткенін айтып арызданады. Өйткені, талас-тартысқа түскен мұсылмандар билікке және сұлтанға наразылық білдірісіп жатты.

Имам Ахмад әлгі мұсылмандармен бірге бұл мәселені талқыға салып, сұлтанның іс-әрекеттеріне іштей наразы болмауға, ешбір жағдайда оған бойұсынудан бас тартпауды, мұсылмандардың бірлігін шайқалтпауды, өздерінің және олардың қанын төкпеуді, өздерінің іс-әрекеттерінің мүмкін болған салдарын ойлауды және сабыр етуді бұйырды».

Өз өмірін дін жолына арнаған, исламның сүнниттік бағытын жандандырып, адасқандардан тура жолды қорғаған, төрт мәзһаб имамының бірі, ұлы ғалым Ахмад ибн Ханбал мұсылмандардың бірлігін алға тартып,  басшыға бағыну қажеттігін айтып өз пікірін білдірген.

Сөзімді ұлы ғалым, фақиһ Ахмад әт-Тахауидің (239-321Һ) тұжырымдамасымен қортындыламақпын. Ұлы ғалым шынайы Ислам сенімі туралы өзінің «әл-Ақида әт-Тахауия» кітабында: «Біз имамдарымызбен әмірлерімізге қарсы шығуды мойындамаймыз, тіпті олар қателессе және әділетсіздік жасаса да. Біз оларды лағнеттемейміз және оларға бойұсынудан бас тартпаймыз. Біз оларға бағыну арқылы Ұлы және құдіретті Аллаға бағынамыз дегенге сенеміз. Ал оларға бойұсыну – барлық нәрседе міндетті, егер олар күнә істеуді бұйырмаса ғана. Біз үнемі Аллаға оларды тура жолға салсын және есендік берсін деп жалбарынамыз»,— деп жазады.

Бұл сүннит, яғни, әһли-сунна уал-жамағаттың ұстанымы. Сондай-ақ, хауариждер сияқты теріс пиғылды ағымдардан, бидғатшылардан бізді ажыратып тұратын негіздердің бірі де осы. Яғни, басшыға бойұсыну.

Бақтыбай Бейсенбаев

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38