Саһм бин Минжаб әңгімелейді: «Біз сахаба Ғалә бин Хадрами басшылығымен Дарин аймағына жорыққа шықтық. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сахабасы Ғалә осы жорықта үш рет дұға жасады. Үшеуі де қабыл болды. Бұл оқиға былай болды: «Жол үстінде ішетін де, дәрет алатын да су таба алмадық. Сонда сахаба Ғалә екі бас намаз оқып: «Уа, Алла! Ей, Ъалим! Ей, Халим! Ей, Ъали! Ей, Ъазыйм! Ақиқатында, біз – Сенің пендеңбіз. Сенің жолыңда жаулармен күресудеміз. Бізге ішетін, дәрет алатын жаңбыр жібер. Бізден кейін ол судан ешкімге үлес қалдырма»,-деп дұға жасады. Осы дұғадан кейін көп жүрмей-ақ жаңбырдан жиналып қалған көлшікке тап болдық. Шөлімізді қандырып, ыдыстарымызды толтырып, дәретімізді де алдық.

Көш ары қарай жолға шықты. Менің ойым «бұл Ғалә сахабаның дұғасы ма, әлде кездейсоқ па» деп біраз жүрген соң, затымды ұмыттым деп сылтауратып, жаңағы көлшікке қайта бардым. Өз көзіме өзім сенбедім. Көлшік тұрмақ, орны да білінбей кеуіп кеткен.

Даринге келіп жеткенімізде арамызда теңіз бар екен. Аймаққа кіретін жол тек теңіз арқылы ғана. Бұл жолы не істерімізді білмей қалдық. Сонда Ғалә: «Уа, Алла! Ей, Ъалим! Ей, Халим! Ей, Ъали! Ей, Ъазыйм! Ақиқатында, біз – Сенің пендеңбіз. Сенің жолыңда жаулармен күресудеміз. Бізге жол төсеп бер»,-деп дұға етті де, теңіздің бетімен әскерді бастап шаба жөнелді. Ешбір аттың ер-тоқымына су тимей Даринге кіріп бардық.

Жорықтан қайтып келе жатқанымызда қолбасшымыз сахаба Ғалә іші қатты ауырып, төсек тартып жатып қалды. Ақыры сол дертінен көз жұмды. Сахабаны жуындыруға қанша іздесек те,  су таба алмадық. Ақыры, киімін кебін етіп, жаназасын оқып сол маңайға жерледік. Әскер қайта жолға аттанды. Шамалы жүріп едік, қарсы алдымыздан су шыға келді. Біз лезде марқұмды жуындырып қайта жерлейік, деп кері қайттық. Алайда, жаңа ғана көмген қабір ізім-ғайып жоқ болған сияқты таба алмадық. Сонда арамыздағы бір кісі марқұм көз жұмар алдын: «Уа, Алла! Ей, Ъалим! Ей, Халим! Ей, Ъали! Ей, Ъазыйм! Сүйегімді жасырып қой, ешбір пенде менің әуретімді көрмесін»,-деп дұға жасағанын естідім,-деді. Ғажайып, марқұмның бұл дұғасын да Жаратқан қабыл еткен екен.

Руслан ҚАМБАР

Ақпарат көзі

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38