Ислам – мұсылмандарды тазалыққа шақыратын дін. Пайғамбарымыз “с. а. у”. «Екi түрлi қарғыс арқалаудан сақ болыңдар!», – дегенде сахабалар: «Әй, Алланың елшiсi! Екi қарғысты арқалаушы дегенiңiз кiм?», – деп сұрайды. Сонда Расулалла: «Адамдар жүретiн жолға немесе тынығатын көлеңкеге дәрет сындырушы», – деген екен (Мүслим риуаяты).
Демек, бiзге, мұсылмандарға түскен мiндет – айналамыздағы қоршаған ортаны таза ұстау, ағаш отырғызып, табиғатты аялау.
Негiзiнде мұсылман бүлдiрушi емес, бүтiндеушi, қиратушы емес дұрыстаушы, зиян келтiрушi емес, пайда әкелушi. Өкiнiшке қарай, мұсылманшылықты бiлмегеннiң кесiрiнен көп жағдайларда керiсiнше болып жатады. Мәселен, көктем кездерiнде табиғат аясына сейiлдеуге шыққанда, қоқыстарды шашып, ағаштарды сындырып, темекiнiң қалдықтарын қалдырып, тiптi оны өшiрместен тастап кетудің кесiрiнен орман алқаптары өртенiп, табиғатқа керi әсерiн тигiзiп жататын жағдайлар да кездеседi.
Адам баласы үшін берiлген табиғатқа қиянат жасау сорақылық емей немене? Өйткенi, әр нәрсенiң залалы өз басымызға келмесiне кiм кепiл? Сондай-ақ, қияметте бұл iсiмiзден сұралатын боламыз әрi жазасы өте ауыр болмақ. Алла тағала қасиеттi Құранда осы берiлген шексiз нығметтердiң о дүниеде сұрауы бар екенiн ескертедi.
Онда:
«Ырыс-дәулеттерiңнен (берiлген нығметтерден) әлбетте сұраққа тартыласыңдар» деген («Тәкәсүр» сүресi, 8-аят). Ал даналарымыздың «судың да сұрауы бар» деуi осыған саяды.
Келесi бiр тұрғыдан қарағанда, Жаратқанның разылығы үшiн жаратқандарына сүйiспеншiлiкпен қарау да – құлдық мiндетiмiз. Бұл дүние нығметтерiнде өзге де жаратылыстардың хақысы бар. Олардың хақысына қол сұғу қияметте ауыр есеп берудi талап етедi. Өкiнерлiк жағдайлардың бірі – адам баласының пайдасы үшiн жаратылған барлық нәрсе адамдар тарапынан қырғындыққа ұшырап жойылып жататындығында. Қарап тұсаңыз, күні кеше ғана тұрған нәрсе бүгiн жоқ болып шығады. Қазiргi таңда адамдар табиғатқа «байлық деп немесе табыс көзi» ретiнде қарауының нәтижесiнен осындай өкiнiштi жағдайлар туындап отыр.
Ислам дiнiнің тек мiнәжат етуден тұрмайтындығын түсінуіміз керек. Негiзiнде айналамыздағы табиғатқа мейiрiмдiлiкпен қарайтын болсақ, бұның өзi – Алла тағаланың құзырында құлшылық һәм үлкен сауап.
Алла тағала адамдардан өзiне тапсырылған аманатты, яғни жердi абаттандыруын сұрайды және оны әрқандай бүлiнушiлiктен қорғауға шақырады. Сол себептi дiн тағылымдарында осы байлықтарды пайдаланудың өзiнше ережелерi мен заңдары бар.
Құран тағылымдарындағы табиғатты пайдаланудың алғашқы және ең маңызды қағидасы -ысырап етпеу және шектен шықпау болып табылады. Алла тағала түрлi аяттарда «iшiп-жеңдер, бiрақ ысырап етпеңдер», – деп тапсырады. Ысырапшылдық және табиғи байлықтарды зая кетiру – жаратылысқа, үстем жүйеге қайшы келедi. Өйткенi, Алла бар нәрсенi өлшеп, белгiлi дәрежеде жаратқан. «Қамар» сүресiнiң 49-шы аятында:
«Шын мәнiнде әр нәрсенi бiр өлшеумен жараттық», – дейдi. Сондықтан табиғи байлықтарды шектен тыс пайдалану – әлемдегi тәртiптi және ондағы тепе-теңдiктi бұзуы әбден мүмкiн. Қоршаған ортаға қатысты маңызды бiр қағида өзгенiң зиянына соқтыратын iстi iстемеу болып табылады. Алла тағала жаратылыс жүйесi бойынша, адамзатқа арнап жаратылғанын баса айтып, адамды осы жүйеде бұзақылық жасаудан тияды. Өйткенi, бұл iс табиғат нығметтерiн пайдалануға хақысы бар өзге кiсiлерге зияны тиюге себеп болмақ.
Дiн тағылымдарда табиғи байлықтардың сарқылуына немесе оның бүлiнуiне әкелетiн кез-келген әрекетке жол жоқ. Ислам дiнiнiң көзқарасы бойынша, табиғи нығметтердi игеруде әдiлеттi болу керек. Басқаша айтқанда, қоршаған ортаның құрып кетуiне немесе ластануына әкелетiн және қазiргi шақта әрi келешекте адам өмiрiне қиындық туғызатын табиғатты пайдалану жөнiндегi әрқандай әрекетке тыйым салынады. Ислам – қоршаған ортаны қорғайтын заң, қағидаларды бұдан 14 ғасыр бұрын баяндаған дiн. Ол заманда табиғат мәселелерi түгiлi әлеуметтiк әрi экономикалық мәселелердiң өзi қарастырылмаған-тұғын.
Исламдық хадистер мен рауаяттарда қоршаған ортаны бүлдiрмеу ғана емес, оны қорғау да жиi қуатталған. Атап айтқанда, ағаш отырғызу мен құдық қазу мәселелері дiни тағылымдарда қуатталып, мұсылмандар осы iстерге жұмылдырылған. Пайғамбарымыз саллаллаһу аләйһи уәсәлләм осы мәселенiң маңызы туралы былай дейдi:
«Кiмде-кiмнiң қолында бiр ағаштың көшетi (тал шыбығы) болса, қиямет-қайым басталып кеткенше қолындағы көшеттi егуге үлгiретiн шама болса, соны дереу отырғызып үлгерсiн», – дейдi (Бухари риуаяты). Бұл жерден ағаш егудiң өте маңызды екенiне көз жеткiземiз. Ардақты пайғамбарымыз саллаллаһу аләйһи уәсәлләм үш нәрсе көздiң нұрлануына себеп болады деп: «Жасыл желекке қарауды, ағып жатқан суға және жарқын жүздi адамның бетiне қарауды» айтқан.
Пайғамбарымыз саллаллаһу аләйһи уәсәлләм өз қолымен құрма ағашын егiп, мұсылмандарды солай iстеуге шақырып: «Қандай да бiр мұсылман ағаш егiп немесе егiн ексе, ол егiстiктен адамдар, құрт-құмырсқалар мен құстар жеп азықтанатын болса-дағы, мiндеттi түрде өзiне сауап ретiнде керi қайтады», – деген. Байқағанымыздай, Құран мен сүннетте жасыл желектi ағаштарға да баса назар аударған. Ағаштың және ормандардың тек қана адамдар үшiн емес, сонымен бiрге жан-жануарлар үшiн де пайдасы орасан зор. Өйткенi, жан-жануарлардың басым көпшiлiгiнiң паналайтын жерi – ағаштар мен орманды алқаптар.
Имам Ахмад Әбу Дардаъдан риуаят еткен хадисте: «Әбу Дардаъ бiрде Дамаск қаласында көшет отырғызып жатса, оны бiр кiсi көрiп: «Пайғамбардың сахабасы бола тұра бұл iстi iстегенiң қалай?»,- дейдi (яғни, ол кезде сахабалардың көбi дүниеден өтiп, азшылығы ғана қалған, елдiң арасында сахабалардың абыройы патшалардай зор. Сондықтан «сахаба деген абыройың бар, көшет егiп абыройыңды түсiрiп не қыласың? Абыройыңа нұқсан келедi ғой», – дейдi әлгi кiсi.) Оған Әбу Дардаъ: «Асықпа, сабыр ет: мен Пайғамбарымыздың: «кiм бiр тал ексе, одан бiреу келiп жесе немесе саясында дем алса, сол себептi ол адамға садақа болып жетiп тұрады», дегенiн естiгем», – дейдi.
Сондай-ақ, Пайғамбарымыз саллаллаһу аләйһи уәсәлләм мұны тек айтып қана қоймай, iс жүзiнде де дәлелдей бiлген. Оған тарихтан дәлел ретiнде айтар болсақ, Алла елшiсi саллаллаһу аләйһи уәсәлләм Меккеден Мәдинаға көшiп келген кезiнде Мәдинаның батпағын кептiру үшiн айналдыра ағаш еккiзгенi мәлiм.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», – дейдi дана халқымыз. Елбасымыз да Алматыдан Астанаға көшiп келген жылдары Астананы айналдыра ағаш отырғыздырмап па едi? Бұл амалын сүннеттi, пайғамбар iсiн жандандырыпты десек, артық емес шығар.
Мiне, осы секiлдi ағаш батпақты ғана кетiрiп қоймай, ауаны да тазартады, оның саясында демалған адам кең тыныс алып, жаны жай табады. Күнделiктi қолданып жүрген материалдарымыздың көбi осы ағаштан жасалады.
Табиғатты қорғау дегенiмiз – қазақтың ұғымындағы өзiнiң ұлттық дәстүрi бойынша «атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген нақылға сүйене отырып аялау, табиғатты қорғауға және оны тиiмдi пайдалануға үйрету, мейiрiм көзбен қарау. Қорыта айтқанда, Алла тағаланың разылығы кейде үлкен нәрседе, кейде орташа нәрседе, ал кейде кiшкене нәрседе жасырынып тұрады. Ашуы да дәл солай. Олай болса, Алланың барша жаратқандарына мейiрiм-шапағатпен және сүйiспеншiлiкпен қарап, оларға қамқор болуға тиiспiз.
Ислам дiнi барша тiршiлiк иелерiне, яғни адамдарға, жан-жануарларға, тiптi өсiмдiктердiң өзiне рақымдылық танытуға, сүйiспеншiлiкпен мәмiле жасауға бұйырады.
Пайғамбарымыз саллаллаһу аләйһи уәсәлләмның «Адамдардың ең жақсысы – басқаларға пайдасы тигенi»,- дегенiн де жадымыздан шығармағанымыз жөн. Тағы бiр хадисте: «Бiр адам бiр ағаш отырғызса, дәптерiне отырғызған ағашының жемiсiндей сауап жазылады», – дейдi.
Тiптi, еккен ағашымыздан адамды қойып, жануар-жәндiктердiң өзi пайдаланып жатса, оларға бiздiң берген садақамыз болатындығын Пайғамбарымыз саллаллаһу аләйһи уә сәлләм айтқан. Онда:
«Бiр мұсылман бiр ағаш отырғызса немесе бiр нәрсе ексе және одан бiр құс, бiр адам немесе жануар жесе, ол адам үшiн садақа болып есептеледi» деген (Бухари риуаяты). Пайғамбарымыз саллаллаһу аләйһи уәсәлләм:
«Адам қайтыс болғанда үш түрлi амалынан басқасының бәрi тоқтайды: ел игiлiгiне жарайтын жария садақа, елге пайдалы iлiм, дұға жасайтын iзгi ұрпақ», – дейдi. Дәл осы хадистегi өлгеннен кейiн де сауабы тоқтамайтын жария садақа ол – тал егу, ендеше баршамыз одан қапы қалмайық!
Шын мәнінде, табиғатты аялап, оны таза ұстау – өз қолымызда. Алла тағала әрбiр жасаған амалдарымызды қабыл алып, еккен ағаштарымыздың жемiсiн екi дүниеде жеудi нәсiп етсiн. Әмин!
Қадыржан Мамметов,
Шымкент қаласы “Исамиддин баба” мешітінің имамы