Өткенімізге көз салсақ сүрлеуі мол соқпақтармен, ой-шұңқыры, қауіп-қатері көп көпірлерден де өтіппіз. Азанымыз ақырын, жаназамыз жасырын айтылған кездер де жазылыпты тарих бетінде. Ел тәуелсіздігіне қол жетіп, бостандықтың боз таңы атқан сәтте сағына қауышқанымыз – дініміз бен діліміз еді. Еңбектеген баладан еңкейген қарияларға дейін ел еңсесін көтерген бұл күн баршамызға бағалы, мән-мазмұны терең мейрам. Кешегі қысылтаяң уақытқа, діл мен діннің дәрменсіз қалған кезеңіне көз салып, бүгінгі шаттығы мол шаңырақта еркін құлшылық қылып отырған заманға бір қараған адам тәуелсіздіктің «Тәңір берген тәтті сый» екенін ұғынары рас.
Әуелі әлемдердің Раббысы, мейірімділердің мейірімдісі Алла Тағаланың қалауымен тәуелсіздікке қолымыз жетті. Тереземіз теңесті, көк туымыз көкте желбіреді. Шаңырағымызды шаттық биледі. Бұл күн бізге төгілген тер, қайрат пен күш-жігердің арқасында келді. Елбасымыз сонау 1991 жылдың 16 желтоқсанын Тәуелсіздік күні деп жариялағанда алып дала төсін сағыныш араласқан қуаныш, шаттық кернегені де бар еді.
Тәуелсіздік – асыл бабаларымыздың сан ғасырғы арман-мұраты. Осы жолда олар жанын құрбан етті. Бұл – әлмисақтан мұсылман қазақ халқы үшін аса қадірлі күн. Өйткені, тәуелсіздікпен бірге біз ана тілімізбен, ата дінімізбен қауыштық. Салт-дәстүріміз жаңғырды. Кешегі құбылмалы заман көшінде дін ілімін тарату емес, үйренудің өзі қылмыспен тең болды. Осындай қан мен тердің, ерік пен жігердің арқасында жеткен тәуелсіздігімізді сіз бенен біз көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек.
Бүгінде Қазақ елі сан ұлттардың басын бір шаңырақ астында біріктірді. Ұлтаралық достық мен қоғамдық келісімді нығайтты. Әлемнің түкпір-түкпірінде қарулы қақтығыстар орын алып, терроризм мен экстремизмнің салдарынан көптеген елдің ішкі тұтастығына сына қағылып, бірлігінен ажырап жатқанын көріп отырмыз. Осындай ақ пен қара алмасқан уақытта тәуелсіз Қазақстанның ынтымақ-ырысы, бақ-берекесі артып, тұрақтылық пен тыныштықтың үстінде күн кешудеміз. Мұның барлығы әуелі Хақ Жаббар Алла Тағаланың елімізге деген мейірім-махаббаты болса, онан соң ел басқарған азаматтардың, Елбасымыз бастаған ұлтын сүйген, мемлекетшіл жандардың жан аянбай еткен еңбегінің жемісі.
Иә, бабалардың аңсаған арманы да осы – ел егемендігі, ұрпақ келешегі. Бұл жолда, тарих бетін парақтасақ, талай азамат арманда, нешеме өрен қыршын кетті. Кешегі Алаш қайраткерлерінің көкейін кернегені де халықтың азаттығы, бас бостандығы. Алдымен Алланың, онан соң ел ертеңі деп жер жастанып, етігімен су кешкен ел ағаларының жанқиярлық ерлігі, азаматтық, перзенттік борыштарының нәтижесінде осы күнге жеттік. Тәуба, барына шүкір, жоғына сабыр қылған текті ұрпақ ендігі уақыттан ұтылмасын деп тілейміз. Атадан аманат болған бұл тәуелсіздіктің жүгі де, жауапкершілігі де салмақты. «Өмір – өзен. Оған түскендегі мақсатымыз ағыспен ағу емес, жағаны табу» дегендей, ендігі біздің мақсатымыз – болдық, толдық емес, ұлы нығметтің қадіріне, бақыттың бағасына жете білу.
Бұл игіліктердің ішіндегі ең ұлы нығметтің бір және бірегейі – бастың амандығы мен қоғамның тыныштығы.
Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):
مَنْ أَصْبَحَ مِنْكُمْ آمِنًا فِي سِرْبِهِ مُعَافًى فِي جَسَدِهِ عِنْدَهُ قُوتُ يَوْمِهِ فَكَأَنَّمَا حِيزَتْ لَهُ الدُّنْيَا بِحَذَافِيرِهَا
«Кімде-кім өз үйінде (отбасының қасында) амандықпен ешкімнен қорықпай, дені сау және бір күндік тамағы болып таң аттырса, бүкіл дүние алдына жиналғандай болады»,-деген. (Хадисті Имам Бұхари, Тирмизи риуаят етті). Аталған жақсылықтар кез-келгенге беріле бермейтін ұлы нығмет болғандықтан, шариғат тұрғысынан біздің шүкір етуіміз парыз болып табылады.
Жаратқан Иемізге сансыз шүкірлер болсын, сіз бен біз бір емес, әр күнімізді тәуелсіз елде амандықпен ешқандай қауіп-қатерсіз аттырып жатырмыз.
Бүгінде осы отырған барша жамағат куә, елімізде қаншама мешіттер бой көтеріп келеді. Қай өңірге барсаңыз да зәулім-зәулім мешіттер көз тартып, менмұндалайды. Жұма күндері құбылаға бет бұрып, бір сапта тәсбінің тасындай тізілген жұрттың санында есеп жоқ. Мінекей, осы мешітте, намазда қалайша бір сапта бой түзеп, қатар тұрған болсақ, мына қоғамның тыныштығы мен бейбітшілігі, ауызбіршілігі мен ынтымағы үшін баршамыз тонның ішкі бауындай болуымыз керек.
Осы ретте бізге төмендегі Құран аяты өмірлік сабақ болары сөзсіз.
وَضَرَبَ اللَّهُ مَثَلاً قَرْيَةكَانَتْ آمِنَةً مُطْمَئِنَّةً يَأْتِيهَا رِزْقُهَا رَغَداً مِنْ كُلِّ مَكَانٍ فَكَفَرَتْ بِأَنْعُمِ اللَّهِ فَأَذَاقَهَا اللَّهُ لِبَاسَ الْجُوعِ وَالْخَوْفِ بِمَا كَانُوا يَصْنَعُونَ«Алла (ғибрат аларсыңдар деп) мынадай ауылды мысалға келтірді: Ол ауыл бейбіт, мамыражай еді. Ризық-несібесі жан-жақтан ағыл-тегіл келіп жататын. Алайда, ол ауылдың халқы Алланың осынау нығметтерінің қадірін біле алмады.(яғни, тұрақтылық пен рызық нығметіне, Алланың нығметтеріне күпірлік етті).Сөйтіп Алла оларға қылықтарының салдарынан ашаршылық және қауіп-қатердің шекпенін кигізіп, ащы дәмін таттырды». («Нахл» сүресі, 112-аят)
Хасан әл-Басри (Алла оған разы болсын) бір сөзінде:
إِنَّ اللَّهَ لَيُمَتِّعُ بِالنِّعْمَةِ مَا شَاءَ ، فَإِذَا لَمْ يُشْكَرْ قَلَبَهَا عَلَيْهِمْ عَذَابًا
«Алла қалағанша бір нығметке бөлейді. Егер соған шүкір етпесе, оны азаппен алмастырып қояды»,-дейді.
Аятта айтылған жағдай халқымыздың асыл сөз мұрасында:
Көңіліңнің кетігі
Шүкірлік қылсаң бітелер,
Ал шүкірлік қылмасаң,
Жан азабын күте бер – деген өлеңмен суреттеледі. Байқасақ, әрбір істі Алладан деп білетін қазақ халқы пайғамбар өсиеттерін өмірлік ұстанымына айналдыра білген.
Кімде-кім өзіне берілген игіліктерді бағаламай, лайықты түрде шүкірлік ете алмаса, ол нығметтерден қалай айрылып қалғанын өзі байқамай қалады. Әли ибн Әбу Талиб (Алла оған разы болсын):
إِذَا وَصَلَتْ إِلَيْكُمْ أَطْرَافُ النِّعَمِ فَلا تُنَفِّرُوا أَقْصَاهَا بِقِلَّةِ الشُّكْرِ
«Нығметтің басы жеткен сәтте – аз шүкіршіліктің кесірінен оның келесі бөлігін өзіңнен қаштырып алма!»,-деп ескерткен.
Кешегі Кеңес кезеңінде елімізде саусақпен санарлықтай ғана мешіт болды. Онда да, саны бар, сапасы сын көтермейтін, күмбезі жоқ, не мұнарасыз мұңайған мешіттер еді көбісі. Ал бүгінімізге көз салсақ, Алланың жердегі үйі 2 500-ге жуықтады. Жаратушы Жаббар иемізге деген сүйіспеншілікті арттырып, иманның дәмін сезіндіретін мешіттердің көбеюі көңіл қуантып, жүрекке жылу сыйлайды.
Елбасымыздың тікелей қамқорлығымен еліміз ұлттарды ұйыстырып, жұртшылықты жарастырған, бірлігі бекем мемлекетке айналды. Ислам дінінің көкжиегі кеңейді. Өңірлерде медреселер ашылып, білімнен шырақ жаққан жастарымыз көбейді. Алматының төрінен ілімнің орталығы болған Мысыр елі мен Қазақстанның ынтымақтастық қарым-қатынасының көзіндей болған «Нұр-Мүбәрак» ислам мәдениеті университеті есігін айқара ашты. Онда әлемге аты машһүр «әл-Азхар» университетінің танымы терең профессорлары, озық ойлы оқытушылары дәріс беріп келеді. Ал ілім қуған жастарымыз «Әл-Азхар» секілді тамыры терең білім ордаларында оқып, бүгінде олардың алдыңғы буыны тәуелсіз Қазақ елінде дін насихатына атсалысып, тер төгуде.
Мұнарасы менмұндалаған мешіттермен қатар, асыл дінді ардақтаған ақпараттық басылымдар да көбейді. Бұл күнде бұқара халықтың «тілі, құлағы һәм көзіне» айналған «Ислам және өркениет» газеті, «Иман» журналы мен өңірлердегі мешіттердің ресми сайттары бұқараны білім нәрімен сусындатуда. Қаншама баспа үйлері дәстүрлі дінімізді дәріптеген құнды кітаптар басып шығаруда.
Мұсылмандардың ұлық мерекесі саналатын Құрбан айттың алғашқы күнінің мемлекеттік мереке болып бекітілуі де осы тәуелсіздігіміздің үлкен жемісі екені сөзсіз.
Осы орайда шүкіршілік – игілікті ұстап қалудың шарты. Омар ибн Абдул Аъзиз (Алла оған разы болсын) былай дейді:
قَيِّدُوا نِعَمَ اللَّهِ بِالشُّكْرِ لِلَّهِ
«Аллаға шүкір ету арқылы – Алланың нығметтерін (өздеріңе) байлаңдар». Шүршілік – нығметті молайтатындығы жөнінде қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала:
لَئِن شَكَرْتُمْ لأَزِيدَنَّكُمْ وَلَئِن كَفَرْتُمْ إِنَّ عَذَابِي لَشَدِيدٌ«Егер шүкір етсеңдер (берген игіліктеріме алғыс білдірсеңдер), сендерге оны міндетті түрде арттыра беремін. Ал, егер күпірлік етсеңдер (игіліктерімді мойындамасаңдар), шын мәнінде азабым өте қатты»,-деп ескертті. (Ибраһим сүресі, 7 аят).
Елбасымыздың өзі елдік мүдделерді өзіне мұрат тұтып, ел игілігі үшін аянбай қызмет қылды. Халқына сенім артты. «Сол жылдары ел тізгіні өзімізге тиген уақытта мен тек халықтың сеніміне сүйендім. Ел сенімі маған күш-қуат берді. Содан бері тәуелсіз мемлекетте өмір сүріп келеміз» дейді елбасымыз. Сондай-ақ, кешегі күннің қыспағы жайлы да еске салады. Елдің болашағы саналатын жастарымызға айтқан сөзінде елбасымыз «Сіздер бақытты ұрпақсыздар. Себебі Тәуелсіз Отандарыңызда өмір сүріп жатырсыздар. Біз тәуелділікті көрген ұрпақпыз. Сондықтан Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жақсы білеміз» деп жас ұрпақтың қаперіне тәуелсіздікті қадірлеуді және бір еске салады. Ұлылардың ұрпағы болған жаңа буын осы тәуелсіздікті қасық қаны қалғанша қорғайды деп сенім артады.
Әрбір саналы азамат осындай дербес елді аяғына тұрғызған елінің басшысын құрметтей білуі керек-ақ. Ал асыл дініміз әрбір арайлап атқан күніміздің қадірін сезінуге, бейбіт ғұмырдың бағасын біліп, ел қызметінде жүрген жандарға құрметпен қарауға шақырады. Қасиетті Құран Кәрімнің «Ниса» сүресінің 59-аятында Алла Тағала:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آَمَنُوا أَطِيعُوا اللَّهَ وَأَطِيعُوا الرَّسُولَ وَأُولِي الْأَمْرِ مِنْكُمْ «Әй, мүміндер! Аллаға бой ұсынып, Пайғамбарға әрі өздеріңнен болған басшыларыңа бой ұсыныңдар»,–дейді. Аталған аят жайында Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын):
هُمُ الْأُمَرَاءُ وَالْوُلَاةُ «
«Бұлар – әмірлер мен басшылар», – десе, Ибн Кәсир (Алла оған разы болсын):
» وَالظَّاهِرُ وَاَللَّهُ أَعْلَمُ أَنَّهَا عَامَّةٌ فِي كُلِّ أُولِي الْأَمْرِ مِنْ الْأُمَرَاءِ وَالْعُلَمَاءِ»
«Анығын Алла жақсы білуші, жоғарыдағы аят, күллі басшылар мен ғұламаларды қамтиды», – деп айтқан екен.
Аят, байқасаңыздар, ел тізгінін ұстаған тұлғаларға бойұсыну туралы баяндайды.
Ислам тарихында есімі ерекше аталатын Хасан әл-Басри атты ғалым елдік мәселесі жайлы:«Олар (басшылар) біздің бес түрлі бағытта басшымыз және қорғанымыз: жұма намазына, жамағатымызға (яғни қоғамымызға), мереке-айтымызға, мемлекет шекарасының қауіпсіздігіне және қоғам ішіндегі тәртіпке. Алламен ант етемін, дін аман тұруы үшін елбасы қажет. Тіпті, өктемдік етсе де. Алламен ант етемін, олардың өктемдіктерінен елге иігілі өте көп. Сондай-ақ, елбасына бойсыну құптарлық іс. Ал, елбасын тыңдамау Алланың берген нығметін қадірлемеу болып табылады» дейді. Мемлекет іргетасының мығым болуы да біздің бірлігіміз, тәртіпке бас июімізде екен, ағайын. Бұл ретте батыр баба Бауыржан Момышұлы айтқан «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деген салмақты сөз – саналы адамға өмірлік сабақ.
Ал, адамзаттың ардақтысы әз пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім маған бойұсынса әлбетте Аллаға бойұсынғаны. Ал, кім маған қарсы шықса, Аллаға күнә жасағаны. Кімде-кім өз басшысына бойұсынса, әлбетте маған бойұсынғаны. Ал, кім басшысына қарсы шықса, маған қарсы шыққаны» дейді. Ой жүгіртіп қарасақ, пайғамбарымыздың қалауы елдің тыныштығы мен бірлігі екенін көреміз. Иісі мұсылман баласы үшін сүйікті пайғамбар Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сөзінен асқан салмақты сөз болмасы хақ.
Бүгін біз кешегі тарихтың соқпағынан сүрінсе де, жығылмаған, дінін дәстүріне айналдырып, сенімін жоғалтпаған текті елдің тізгінін ұстап отырмыз. Баба мұрагерлеріміз. Шапқан тұлпардың тұяғы тозатын, ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр мекеннің мирасқорларымыз. Сондықтан да, ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздіктің қадір-қасиетін ең алдымен өзіміз ұғынып, оны ұрпаққа жеткізу – парыз.
Еліміздің еңсесін түсермей, өзге елмен тең ұстап, қаншама ұлттар мен этностардың басын қосып, бірлігі жарасқан, ұйымшылдыққа ұйыған мемлекет құру, оны ұстап отыру оңай іс емес екені баршамызға мәлім.
Ислам – бейбітшілікті ту еткен, бірлікке бастайтын дін. Имандылықтың алтын ұясы. Бүгінгі тұрақтылық пен тыныштықтың, бейбітшілік пен бірліктің мекеніне айналған республикамыздың ең ұлық мерекесі Тәуелсіздік күні халық үшін ерекше күн. Әрбір ел азаматының жүрегінде осы күннің қадіріне жетіп, қастерлеу, Отанына деген сүйіспеншілік секілді сырлы сезім болуы керек.
Бейбіт елдің тынышын алып, мазасын қашыратын нәрсенің ең бастысы – бүлік. Ал қоғамның тыныштығын бұзатын бүлік пен іріткі салушылыққа Алла Тағала қатаң түрде тыйым салады. Қасиетті Құран бұл мәселе жайында былай дейді:
وَالْفِتْنَةُ أَشَدُّ مِنَ الْقَتْلِ«Бүлік шығару адам өлтіруден де бетер». («Бақара» сүресі, 191-аят).
Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бөлінушілікке жол ашқандар – бізден емес», – деп айтқан. Ұлттық бірлігімізді бұзып, бір-бірімізді іштен айдап салуға тырысатын топтардан сақтанып, ондайларға көзсіз еріп кете беруге болмайды. Әрине, оның арты өкініш әкеледі.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
إِنَّ السَّعِيدَ لَمَنْ جُنِّبَ الْفِتَنَ إِنَّ السَّعِيدَ لَمَنْ جُنِّبَ الْفِتَنَ إِنَّ السَّعِيدَ لَمَنْ جُنِّبَ الْفِتَنَ يُرَدِّدُهَا ثَلاثَ مَرَّاتٍ وَلَمَنِ ابْتُلِىَ فَصَبَرَ
Үш қайтар: «Ақиқатында, бүліктерден бойын аулақ ұстаған адам қандай бақытты десеңші! Ақиқатында, бүліктерден бойын аулақ ұстаған адам қандай бақытты десеңші! Ақиқатында, бүліктерден бойын аулақ ұстаған адам қандай бақытты десеңші!»,- дей келе: «кім сынаққа душар болса, сабыр етсін»-деп айтты. (Хадисті Әбу Дәуід риуаят етті). Тағы басқа бір хадисте:«Бүлік (фитна) ұйқыда. Оны оятқанды Алла Тағала қарғыс етсін»,-деп ескерткен. Ибн Масғұд (Алла оған разы болсын): اَلْخِلَافُ شَرٌّ «Алауыздық – жаман нәрсе»,-деген.Алла бізді осы бірлігімізден ажыратпасын. Тәуелсіздігімізді баянды, құтты етсін. Ел үшін маңызды құндылықтарымыз – Тәуелсіздігіміз, Келісім мен Бірлігіміз нығая берсін. Әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен ынтымақ тілеймін. Ел іргесі аман, келешегіміз кемел болғай!