Күндердің күнінде ардақты Пайғамбар (с.а.у.) көшеде ұсқыны кеткен, екі аяғына әрең тұрып жүк көтеріп келе жатқан егде жастағы қарияны көреді. Алла елшісі (с.а.у.) дереу ол кісіге барып мойнындағы жүгін көтеріп:
— Үйіңізге дейін жеткізіп салайын,-деп күлімсірейді. Мұны көрген қарт дән риза болып жол сілтейді. Содан қарт үйіне жетіп пайғамбарға қарап былай дейді:
— Мен сенің көмегіңе берер қаражатым жоқ. Бірақ, осы жасқа дейін сенен артық өмір сүрген тәжірибемді ескеріп саған бір ақылымды айтайын. Құлақ сал!
Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбар:
— Әрине, айтыңыз.
— Соңғы уақытта осы қалада (Меккеде) өзін пайғамбар санайтын кісі пайда болыпты. Сен менің ақылымды тыңдасаң, оған жолама және оның жолына ешқашан ерме. Ол меккеліктердің ілгеріден ұстанып келе жатқан дінін жоққа шығарып, халық арасында іріткі салып жүрген көрінеді.
Сонда Алла елшісі с.а.у.:
— Сіздің айтып тұрған кісіңіз мен едім,-деп жымияды. Сол сәтте әлгі қарт:
— Егер шын мәнінде сол адам сен болсаң, онда мен сенен жақсылықтан басқа ештеңе көріп тұрғаным жоқ. Мен сенің пайғамбар (с.а.у.) екеніңе иман келтірдім,-деп мұсылман болған екен.
Түйін: «Адамдардың ең қайырлысы – ол өзгеге пайдасы тигені» (хадис-шариф)
Жалғас АСХАТҰЛЫ,
дінтанушы