Хадис ғалымы имам Байһақи «Шұғаб иман» (2/193) кітабында «Пайғамбарды (с.ғ.с.) ұлықтау» атты арнайы тарау ажыратқан. Ғұлама аталмыш тарауда: «Ұлықтау (ардақ тұту, қастерлеу) – жақсы көруден жоғары тұратын дәреже. Өйткені, әрбір жақсы көруші ұлықтаушы емес. Әке перзентін жақсы көреді. Алайда, перзентіне болған махаббаты оны қадір тұтуға жетелейді. Бірақ, ұлықтауға немесе қастерлеуге емес. Ал, перзенттің әкеге, анаға деген махаббаты қадір тұтумен бірге қастерлеуге де жетелейді. Қожайыны қызметшілерін жақсы көруі мүмкін. Бірақ, оларды ардақ тұтпайды. Ал, қызметшілер төресін жақсы көреді және ардақ тұтады. Олай болса, қастерлеу жақсы көруден дәрежесі жоғары ұғым»,-дейді.

Ардақты Мұхаммед пайғамбарымызды (с.ғ.с.) жақсы көру және қастерлеу – асыл дініміздің әмірі. Ал, дін әмірі – құлшылық саналады. Құлшылық болса жүрекпен, тілмен және он екі мүшемен амалға асырылады. Демек, пайғамбарды (с.ғ.с.) жүрекпен жақсы көру кісінің өзінен, ата-анасынан және бала-шағасынан артық жақсы көрумен болмақ. Сонымен қатар, Пайғамбардың (с.ғ.с.) қастерлігін іштей сезініп, дидарласуға деген ынтықтың болмағы. Әрі оның әмірлерін қадірлеу, Алла елшісі (с.ғ.с.) жақсы көрген дүниені һәм адамдарды жақсы көру. Сондай-ақ, ол жақтырмаған нәрселер мен адамдарды ұнатпау. Тілмен жақсы көру – оның есімін жалаң түрде қолданбау. Пайғамбар, Алланың елшісі сөздерімен қоса айту және ізінше салауат айтып отыру. Өмірбаянын тағылым ету, Пайғамбар (с.ғ.с.) қолданған дұғаларды оқуды дағдыға айналдыру. Оның сыртқы болмысын, мінез-құлығы мен қасиеттерін үйрену. Әрі адамдарға да айта жүру.

Он екі мүшемен пайғамбарға (с.ғ.с.) деген махаббатты көрсету оның сүннетін орындаумен болмақ. Пайғамбардың (с.ғ.с.) әрбір жасаған іс-әрекетін бұлжытпай қайталап, жоламаған істерінен аулақ жүру. Әрі сырт көрінісімен қатар мінез-құлығын өнеге тұту. Пайғамбарға (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілік осы амалдардың: жүрек, тіл және он екі мүшенің үндесуімен кемелденеді.

Руслан Қамбар,

исламтанушы

Ақпарат көзі

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38