Күндердің күнінде Сұлтан Мұрад өз көмекшілерін ертіп, түрін тұмшалап халық арасын аралауға шығады. Бір уақытта көшенің шетінде жатқан мәйітті көреді.  Өткен-кеткен жұрт мәйітті елемей өтіп жатады. Сұлтан халыққа дауысын көтеріп жиналуды өтінеді. Халық дереу жиналады, алайда, Сұлтанды танымайды. Сұлтан:

— Мына мәйітті неге көп болып адам секілді жерлемей жатырсыздар? Бұл неге жерде жатыр?-дейді. Халық:

— Бұл ішімдікке берілген маскүнем болған және жезөкше қыздармен көңіл көтеруді ұнататын күнәһар адам еді. Сол үшін мұны бәрі таниды және ешкім оған жолағысы келмейді,-дейді. Сұлтан:

— Қалай болғанда да ол Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбардың үмбеті емес пе?-деп халықтан қайта сұрайды. Халық мәйітті алып оның үйіне жеткізіп салады да, дереу өз беттерімен тарап кетеді. Марқұмның әйелі шығып: «Алланың досы болған күйеуім. Сені Алла жарылқасын»,-деп жылай бастайды. Сұлтан таңдана әйелден:

— Алланың досы, дегеніңіз қалай? Адамдар ол жайлы жаман пікірде еді. Сонда әйелі:

— Мен ол жайлы білемін. Менің күйеуім әр күні шарап сататын дүкенге барып барлық шарапты сатып алып, үйге әкеліп төгіп тастайтын.  Сосын: «Аллаға шүкір, мен бүгін  мұсылмандарды құтқардым»-деп айтатын. Содан кейін жезөкшелер үйіне барып, қыздардың барлығына ақша беріп үйлеріне қайтаратын. Сосын үйге келіп: «Аллаға шүкір, мен бүгін мұсылман еркектерді күнәдан тостым» деп қайтатын.  Содан адамдардың барлығы ол жайлы жаман ойлайтын болды. Бір күні мен оған: «Сен дүниеден өтсең адамдардың барлығы сенің жаназаңа келмейді. Кім сенің тәніңді жуады сол уақытта? Кім сені жерлейді?»-деп алаңдайтынмын. Сонда ол маған:

— Алаңдама! Мені мұсылмандардың патшасы Сұлтан Мұрадтың өзі келіп жерлейді,-дейтін еді. Сұлтан күтпеген жауап алып әйелге қарап:

— Ол рас айтқан екен. Мен шынында Сұлтан Мұрадпын. Біз енді оны өзімізге алып жақсылап жуындырамыз да жақсы жерге жерлейміз. Оның жаназасына барлық ғалымдар мен шейхтар келетін болады,-деген екен.

Жалғас АСХАТҰЛЫ,

дінтанушы

Ақпарат көзі

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38