Әз-Пайғамбар (с.ғ.с.) – сіз бен біз сияқты ет пен сүйектен жаратылған адам баласы. Десе де, Хақ Тағаланың таңдаулы пендесі болғандықтан пайғамбарлығына тән ерек қасиеттері болады. Тіпті, шашы да шарапатты. Олай дейтініміз, сахабалар мен табиғиндер және ғұламалар Пайғамбар (с.ғ.с.) шаш талшықтарын теберік етіп ұстағаны жайлы деректер баршылық. Тіпті, кейбір тұлғалар өздерін сол шаш талшықтарымен бірге жерлеуді өсиет еткені де мәлім.

Әнас бин Малик (р.а.): «Алла елшісін (с.ғ.с.) шаштараз шашын қырып жатқан. Ал, сахабалар маңайында айналшықтап тұрып алып, шашының бір қылын да жерге түсірмей, қағып алып жатты» [1],-деп риуаят етеді.

Сахаба Мұғауия (р.а.) қайтыс болған кезде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мүбәрак шашын екі көзіне қойып жерледі [2] деген риуаяттар кездеседі.

Ал, табиғин Мұхаммед бин Сирин Ұбайдаға өзіне сахаба Әнас бин Маликтен (р.а.) тиген Пайғамбар (с.ғ.с.) шашы жайлы айтқанда, Ұбайда: «Менде пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір тал шашы қолымда болғаны, мына дүние түгелімен менікі болғаннан әлде қайда жақсы» [3],-деген екен.

Жағфар бин Фадл көп қаражат беріп Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бірнеше тал шашын сатып алған еді. Мүбәрак шаштарды миск себілген алтын құтыда сақтады. Қайтыс боларында уәзіріне сол шаштардың үш талын аузына қоюуын өсиет етеді. Марқұмның өсиеті бойынша осылайша жерленген еді [4].

Имам Ахмед бин Ханбал көйлегінің төс қалтасында пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) шаштарын сақтаушы еді. Әр уақыт ол шаштарды алып теберік ретінде көздеріне сүртіп, сүйіп қайта салып қоятын. Ал, қайтыс болар шағында шаштарды көздеріне және тіліне қойып жерлеуді өсиет еткен екен. Ғұлама хадисші имам Ахмед солай жерлеген еді [5].

Руслан Қамбар,

исламтанушы

[1] Муслим

[2] Ибн Асакир

[3] Бұхари

[4] Заһаби «Тазкират Хуффаз»

[5] Әбу Нағим «Хилия», Заһаби «Сияр Ағләм Нүбәлә»

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38