Күндердің күнінде Абдулла ибн Мубарак жергілікті халыққа ағаштан бір сандық жасатып, оған қажылық жасаймын деген мұсылмандар ақша жинап қажылық маусымы келгенде сандықты арқалап барлығы бірге сапарға шығатын ой тастайды. Абдулланың мұндай бастамасын жергілікті халық қуана қолдап дереу қажылыққа бару үшін барлығы жиған-тергендерін Абдуллаға алып келіп беріп жатты. Абдулла өз кезегінде барлық қаражатты сандықта сақтап мұсылмандарға жетекшілік етіп келесі жылы оларды сандықпен бірге қажылыққа алып барып келу керек болатын.
Содан бір күні мұсылмандар қажылық сапарға шығып, ат терлетіп қасиетті Мекке мен Мәдина қалаларына жетеді. Оларға жетекші әрі сандыққа иелік еткен Абдулла жерлестеріне барлық мұқтаждықтарын, қажеттерін артығымен орындап отырады. Бұған қоса Абдулла Мекке мен Мәдинадан мұсылмандарға естелік ретінде жеке-жеке сыйлықтар алып береді. Содан қажылық маусымы аяқталып Абдулла Хорасан халқын жинап еліне оралады. Еліне келген бойда Абдулла барлығын шақырып отырыс жасайды. Отырыста Абдулла әлгі сандықты ашып олардың қажылыққа жиған барлық қаражаттарын түгелдей ортаға шығарады. Бұған таң қалған жергілікті халық:
– Біз бұл қаражаттарды қажылық жасау үшін жинадық емес пе? Сен бізді қажылыққа қандай ақшаға апарып келдің сонда?-деп таңырқай сұрайды. Сонда Абдулла:
– Сіздердің биылғы қажылық жасаған барлық шығындарыңызды мен өтедім. Мына сандықтағы жиналған ақшалар сол бойы сақтаулы. Қажеттеріңізге жаратыңыздар,-деп барлығына ақшаларын қайтарып береді.
Абдулланың мұндай әрекетіне тамсанған мұсылмандардың оған деген құрметтері одан әрі арта түседі.
Жалғас АСХАТҰЛЫ