Аса қамқор, ерекше мейірімді Алла Тағала жаратылыстағы нығметтерді бізге мейірімімен ұсынып, ішсін, жесін, тұтынсын деп біздің игілігімізге берген. Сондай сансыз нығметтерді қажетімізше пайдаланғанымыз үшін де біз Алланың алдында бас иіп, ардақты адамзат баласы етіп жаратылғанымыз үшін алғыс білдіріп, Оның әміріне бойұсынамыз. Шындығында біздің жасаған қандай да бір ізгі амалдарымыз өзіміз үшін де пайдасы орасан зор. Мысалы, шын жүрекпен иман келтіре отырып, жұдырықтай жүрегімізді тыныштандырамыз. Бес уақыт намаз оқи отырып, арсыздық пен жамандықтан өзімізді қайтарып рухымызды демалдырамыз. Жаратушы мен пенденің арасындағы нәзік сыр болған, Райан жәннатына жетелейтін оразамызды тұтып, рухани және тән тазалығына қол жеткіземіз. Сараңдықтың қақпасын бұза отырып, қоғамдағы қараусыз қалған қамкөңіл жандарды қалт жібермеуге тырысып, зекетімізді беру арқылы мал-мүлкімізді адалдап, оны сақтаймыз. Қабыл болған қажылықтың сыйы «жәннаттан» үміт етіп, малымызбен және денемізбен қажылық парызын өтей отырып, қасиетті мекенде жанымыз жай табады. Бұдан өзге де қосымша құлшылықтар мен ізгі істерді теріп жүріп, сауаптарды жинау мүмкіндігі берілген. Осындай игі амалдарды арттыру арқылы ықыласты істерімізден ләззат алатын болсақ, ал оның ақыреттегі сыйы жәннат болатындығына кәміл сенеміз. Бірақ, кез-келген жетістік пен игілікке қол жеткізу үшін оның жолында еңбектену, ықылас таныту, кездескен кедергілерден сүрінбей өту сынды сынақтар болады. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, осы өміріміздегі мектеп қабырғасындағы ҰБТ, жоғарғы оқу орындарындағы сынақ емтихандар, жұмыс орындарындағы есеп беру жиындары секілді т.б өзіндік сындар кездеседі. Діни тұрғыдан алатын болсақ, адамзат жаралғалы бойымызда таласып келе жатқан «уасуаса» (азғырулар) өміріміздегі жақсы амалдарды жасауда сансыз сынақтардан сағымызды сындыруға кедергілерін келтіреді. Десек те, иманды пенде бұл жерге қонақ екендігімізді, басқа бір әлемге сапар шегетінімізді сезініп, қонақ болып келген адам өзімен алып кете алмайтын нәрселерге құштар болмай, өзімізбен кететін игі амалдарды еселеп жасауға талпынады. Мәңгілік жәннат бақшаларының тұрғыны болуды армандайды. Осыған мысал ретінде хазіреті Алимен (Алла ол кісіден разы болсын) сұхбат құрған бір кісінің әңгімесін алуға болады. Бірде ақырет пен есеп күніне күмәні басым бір кісі хазірет Алиге (Алла ол кісіден разы болсын) сауал қойыпты. – Осы сіздер ақыретте Алланың алдында жақсы-жаман істерімізден сұраламыз. Жәннат пен тозақ бар деп құлшылық жасап, игі амалдардың жемісін көреміз деп босқа әуреге түсіп жүрген жоқсыңдар ма? -деген екен.
Сонда хазірет Али (Алла ол кісіден разы болсын) сабырлы кейіппен: -Жарайды, сен ойлағандай-ақ болсын деп түсінейік. Алланың алдында осы өткінші өмірде жасаған амалдарымыздан сұралмаған күнде, біздің осы жасап жүрген игі амалдарымыз бен құлшылықтарымыз бізге еш қиыншылық әкелмейді. Ал, шын мәнінде есеп күні, мизан таразы болып қалса, онда осы амалдарымыздың игілігін көреміз деген үміт болады. Сол кезде өзің қандай амалыңды көрсетесің? – деп әлгі адамның өзіне сауал қойыпты. Осы мысал өтпелі өмірде ақырет үшін қам жемейтін, жәннат жайлы ойлағысы келмейтін пенделер үшін үлкен ғибрат алатын жәйт. Жоғарыда айтып өткен құлшылық амалдарымызға масаттанып, енді маған жәннат қана лайық деп ойлаудан сақтану да керек. Әлбетте, Алланың кеңшілігі және кешірімімен ғана жәннатқа кіре аламыз.
Алла Тағала Құранда:
سَارِعُوا إِلَى مَغْفِرَةٍ مِنْ رَبِّكُمْ وَجَنَّةٍ عَرْضُهَا السَّمَوَاتُ وَالْأَرْضُ أُعِدَّتْ لِلْمُتَّقِينَ
Әрбіріміз иман шарттарын білеміз. Омар (Алла ол кісіден разы болсын)жеткен хадисте Жебірейіл (а.с.) Пайғамбарымыздан (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) иман жайлы сұрағанда, ол (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын):
…أَنْ تُؤْمِنَ بِاللهِ وَمَلَائِكَتِهِ وَكُتُبِهِ وَرُسُلِهِ وَالْيَوْمِ اْلآخِرِ ، وَتُؤْمِنَ بِالْقَدَرِ خَيْرِهِ وَشَرِّهِ …
«Иман дегеніміз, Аллаға, періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына, ақырет күніне және тағдырдың жақсылығы мен жаманына (Алладан деп) сену»[2] – деп жауап берді.
Адам баласы бұл дүниеде жәннат, тозақты көре алмағанымен Құран және хадистерде олардың хабары келгендіктен мұсылман адам оған иман келтіреді. Аһлу сунна уал жамағаттың сенімі бойынша жәннат пен тозақ жаратылған және қазір бар, Алланың қалауымен мәңгі қалады, ешуақытта жоғалып кетпейді деп иман келтіру иманның бір бөлігі. Сондықтан пенде тозақ пен жәннатқа сенбейінше иманы дұрыс болмайды.
Алла Тағала бұл өмірде пенделерін бостан-босқа жаратқан жоқ. Оларды ақыреттегі мәңгілік өмірге жаратты. Пенде бұл дүниеден өтуімен не жәннаттық болады, не тозақтық болады. Кім дайым нығметті қаласа бұл өткінші өмірде өзінің жастық шағын, денсаулығын, байлығын, бос уақытын жақсы амалдарды жасаумен ғанимет тұтсын. Алла Тағала Құранда:
ثُمَّ إِنَّكُمْ بَعْدَ ذلِكَ لَمَيِّتُونَ (15) ثُمَّ إِنَّكُمْ يَوْمَ الْقِيامَةِ تُبْعَثُونَ (16)
Жәннат иман етіп, Алладан қорыққандардың орны. Ол жайында Алла Тағала Құранда бірнеше аятта айтқан. Солардың бірі Сәжде сүресінің 17-аятында:
فَلَا تَعْلَمُ نَفْسٌ مَّا أُخْفِيَ لَهُم مِّن قُرَّةِ أَعْيُنٍ جَزَاءً بِمَا كَانُوا يَعْمَلُونَ (17)
Сондықтан мәңгілік өмірде бақытты болуымыз үшін бұл қамшының сабындай келте өмірде ақыретіміз үшін амал етуіміз керек.
Жәннат Алла Тағаланың салих және әміріне бойұсынған пенделері үшін дайындаған үлкен нығметі. Алла Тағала Құранда:
وَقِيلَ لِلَّذِينَ اتَّقَوْا مَاذَا أَنزَلَ رَبُّكُمْ ۚ قَالُوا خَيْرًا ۗ لِّلَّذِينَ أَحْسَنُوا فِي هَٰذِهِ الدُّنْيَا حَسَنَةٌ ۚ وَلَدَارُ الْآخِرَةِ خَيْرٌ ۚ وَلَنِعْمَ دَارُ الْمُتَّقِينَ (30) جَنَّاتُ عَدْنٍ يَدْخُلُونَهَا تَجْرِي مِن تَحْتِهَا الْأَنْهَارُ ۖ لَهُمْ فِيهَا مَا يَشَاءُونَ ۚ كَذَٰلِكَ يَجْزِي اللَّهُ الْمُتَّقِينَ
Енді бізге мәлім болған Алланың өзі білдірген, сүйіншілеген жәннат жайлы мағлұматтарды қарастырсақ.
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ؛ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللهُ عِلَيْهِ وَسَلّمَ: «مَنْ نَسِيَ الصَّلاةَ عَلَيَّ نَسِيَ طَرِيقَ الْجَنَّةِ
Әбу Һурайрадан (Алла ол кісіден разы болсын) жеткен хадисте: «Кімде-кім Маған (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) салауат айтуды тастаса жәннаттің жолынан адасады», бұл жерде насиа сөзі тікелей аударуда ұмыту мағынасын берседе, ғұламалар осы сөзге әдейі айтпаса деп мағына берген. Бұл хадистен біз салауат айту жәннатқа апаратын жолдардың бірі екенін ұғынамыз.
Абдулла ибн Аббас (Алла ол кісіден разы болсын)риуаят еткен хадисте жаннәттың сегіз есігі бар, бірінші есігінде لَااِلَهَ اِلَّااللهُ مُحَمَّدٌ رَسُولُ اللهِ-деп калима жазылған, бұл есіктен пайғамбарлар, шаһидтер мен жомарт адамдар кіреді, екінші есіктен дәреттерімен намаздарын кәміл толық орындағандар, үшінші есіктен байлықтарын зекет беріп тазалағандар, төртінші есіктен жақсылыққа бұйырып, жамандықтан тыйғандар, бесінші есіктен нәпсілерін жамандықтан тыйғандар, алтыншы есіктен қажылықпен ғұмра өтегендер, жетінші есіктен өмірлерін Алланың жолында сарып еткендер, сегізінші есіктен көздерін жамандықтан тыйып, ата-анасына құрмет қылып, туған-туыстарымен қарым-қатынас жасап, ізгі-амал істегендер кіреді.
Біз төменде жәннатқа деген қызығушылығымызды арттыру мақсатында жәннат жайында келген аяттарды және хадистерді келтіретін боламыз. Бұл бізді жақсы амалдарды арттырып, жаман амалдардан ұзақтауымызға жігерлендіреді. Алла Тағала хадис құдсиде: «Салиқалы пенделерім үшін көз көрмеген, құлақ естімеген, адам баласының ойына келмеген нәрселерді әзірлеп қойдым[7]»,-деген.
Жәннаттың дәрежелері көп. Убада бин Сомиттен жеткен хадисте: «Жәннатта жүз дәреже бар. Әр дәреженің аралығы жер мен көктің аралығындай. Фирдаус ең жоғарғысы. Одан жәннаттың төрт өзені ағады. Оның жоғарғысында арш орналасқан. Егер Алладан жәннатты сұрайтын болсаңдар Фердаус жәннатын сұраңдар»,-деген.
Жәннатың дәрежелері адамдардың иманына, ықыластарына, салих амалдарының көптігіне қарай әр түрлі болады. Бухари және Муслимде Әбу Сайд Худуриден (Алла ол кісіден разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Біреулердің басқалардан артықшалықтары себепті сендер шығыстағы немесе батыстағы жұлдыздарға қарағандарың секілді жаннат мекендеушілері өздерінің үстіндегі тұрақтарға қарайтын болады. Сонда сахабалар: «Уа, Расулуллаһ (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын). Ол жай адамдар жете алмайтын, пайғамбарлардың орны ма деп сұрағанда, Жоқ,Алланың атымен ант ішіп айтайын, Кім Аллаға иман келтіріп, пайғамбар әкелген нәрсеге иман келтірсе соларға арналған[8]»,- деді.
Жәннатта алтын және күмістен құрылған қасырлар бар. Ибн Омардан (Алла ол кісіден разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Кім жәннатқа кірсе өлмей мәңгі тірі болады. Мәңгі нығметте болып, үмітсіз болмайды. Киімдері тозбайды, сондай-ақ әрдайым жас болып, қартаймайды. Сол уақытта: Уа, Расулуллаһ(Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын). Оның құрылысы қандай деп сұралды. Кірпіштері күміс пен алтыннан, сылақтары хош иістен, жері шафраннан, тастары гауһар және жақұттан[9]»,– деп жауап берді.
Әбу Муса әл-Ашариден (Алла ол кісіден разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Момын адамға жаннатта ұзындығы алпыс мил болған інжу шатыры дайындалған. Бұл шатырда онымен бірге әйелі де тұрады. Басқа момын оны аралап келеді. Олар бір-бірін көрмейді[10]»,-деді.
Абдулла бин Амр бин Асс (Алла ол екеуіне разы болсы) айтты: Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын)айтты: «Кім уәделескен (өзге дін) адамын өлтірсе, жаннаттың иісін сезбейді. Оның иісі қырық жылдық ара-қашықтықтан сезіледі делінсе, басқа руаятта жетпіс жылдық ара-қашықтықтан сезіледі[11]»,- делінген.
Жәннатта жүзімнен, құрмадан, анардан болған жемістерден бау-бақшалар бар. Бұл ағаштың жемістері еш бітпейді. Жәннатта сондай ағаштар бар салт атты оның саясында жүз жыл шапса да оны жүріп өте алмайды. Әнас бин Мәлік (Алла оған разы болсын) жеткізген хадисте Пайғамбар (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Расында, жаннатта бір ағаш бар, салт атты кісі оның саясында жүз жыл жүрсе де жүріп өте алмайды.
Жәннаттың ағаштарының көптігі Алла Тағаланы көп зікір етумен болады. Біз Алланы көп зікір ету арқылы жәннатта өзімізге ағаш отырғыза алады екенбіз. Ол жайында Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) өзінің бір хадисінде: «Кімде-кім «Субханаллоһи уә биһамдиһи» деп айтатын болса, жәннатта ол үшін бір құрма ағашы отырғызылады»,-деген.
Жәннатта адам нені қаласа сол сәрсе болады. Ол жайында Алла Тағала Құранда:
كُلُوا وَاشْرَبُوا هَنِيئًا بِمَا أَسْلَفْتُمْ فِي الْأَيَّامِ الْخَالِيَةِ
Жәннатта ағып жатқан өзен, бұлақтар бар. Құранда:
مَّثَلُ الْجَنَّةِ الَّتِي وُعِدَ الْمُتَّقُونَ ۖ فِيهَا أَنْهَارٌ مِّن مَّاءٍ غَيْرِ آسِنٍ وَأَنْهَارٌ مِّن لَّبَنٍ لَّمْ يَتَغَيَّرْ طَعْمُهُ وَأَنْهَارٌ مِّنْ خَمْرٍ لَّذَّةٍ لِّلشَّارِبِينَ وَأَنْهَارٌ مِّنْ عَسَلٍ مُّصَفًّى ۖ وَلَهُمْ فِيهَا مِن كُلِّ الثَّمَرَاتِ وَمَغْفِرَةٌ مِّن رَّبِّهِمْ ۖ
Жәннатта жеп-ішкеннің бәрі кекірік болып шығып, иісі миск болып шығады. Жәбир (Алла ол кісіден разы болсын) мен Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деп жатқанын естідім: «Жәннаттағылар онда жеп-ішеді, түкіріп-сіңбірмейді және үлкен-кіші дәрет сындырмайды» – дегенін естідім. Сонда сахабалар: «Сонда ішіп-жегені қайда кетеді?»-деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Ішіп-жегені кекірік болып шығып, оның иісі мисктің иісіндей болады және жәннатықтардың тәспих пен тахмидті айтуы, олардың бұл дүниеде дем алғанындай әдеттегі ісі болады[14]»-деді.
Жәннат аһілі үшін жәннатта пәк, әдемі әйелдер болады. Олардың ішінде бұл дүниедегі әйелдер және қор қыздары. Бұл дүниедегі әйелі егер жәннатқа кірер болса қор қыздарымен ақыреттегі де әйелі болуымен қатар олардың ішіндегі ең әдемісі болады. Алла Тағала Құранда:
ادْخُلُوا الْجَنَّةَ أَنتُمْ وَأَزْوَاجُكُمْ تُحْبَرُونَ
Жәннат аһілі адамның қиялы жетпейтін дәрежеде сұлу болады. Әбу Һурайрадан (Алла ол кісіден разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын):«Жәннатқа ең алғаш кіретін топ түндегі толған айдың суретіндей көріністе болады. Одан кейін кіретіндер аспандағы ең жарық жұлдыздың көрінісінде болады. Олар онда дәрет сындырмайды, сіңбірмейді, түкірмейді. Олардың тарақтары алтыннан, терілері миск. Хош иісті шығаратын аспаптары удтан. Әйелдері қор қыздары болады. Олардың мінездері бір адамдыкіндей, Адам (а.с) сияқты бойлары алпыс зиро болып жаратылады[16]».
Муаз бин Жабал (р.а) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын):« Жәннаттықтар жаннатқа денелерінде, беттерінде түгі жоқ хәлінде кіреді. Көздері қара, үлкен, жастары отыз үште болып кіреді[17]».
Әнас бин Мәлік (Алла оған разы болсын) жеткізген хадисте Пайғамбар (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Жаннатта оның тұрғындары әр жұма сайын баратын базарлар бар. Олардың беттері мен киімдеріне солтүстіктен жел есіп тұрады. Олар өздерінің аһілдеріне одан да сүйкімді болған хәлде оралады. Олар жақындарына оралған уақытта, сендер бұрынғыдан да әдемі болып кетіпсіңдер ғой дейді. Олар да оларға: бізден кейін сендер де әдемі болып кетіпсіңдер[18]»,- деп айтады.
Жәннатқа кіргендердің ең жақсы армандарының бірі Алланы көру. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Жәннаттықтар жәннатқа кіргеннен кейін Алла Тағала: «Сендер менен тағы бір нәрсе беруімді қалайсыңдар ма?»-деп сұрайды. Олар: «Сен біздің жүзімізді ағартпадың ба? Бізді жәннат аһлдерінен етіп, тозақтан құтқармадың ба?»-дейді. Перде көтерілгенде жәннаттағылар үшін Раббыларына қараудан артық нәрсе болмайды[19]».
Кімде-кім жәннатқа кірсе одан шықпайды, онда мәңгі қалады. Алла Тағала Құранда:
ادْخُلُوهَا بِسَلَامٍ ۖ ذَٰلِكَ يَوْمُ الْخُلُودِ
Хадисте: «Жәннатқа кіргендерге жаршы: «Сендер бұнда дендерің сау болып, ауырмайсыңдар. Мәңгі өмір сүріп, ауырмайсыңдар. Жас болып, қартаймайсыңдар. Әркез нығметте болып, жаманшылыққа ұшырамайсыңдар»,-деп жар салады. Кейін Алла Тағаланың мына аят калимасын оқыды:
وَنُودُوا أَن تِلْكُمُ الْجَنَّةُ أُورِثْتُمُوهَا بِمَا كُنتُمْ تَعْمَلُونَ
Ей Алла! сенің разылығыңды және жәннатыңды сұраймыз. Сенің қаһарыңнан және тозағыңнан пана тілейміз. Біз сенен Фирдаус жәннатын сұраймыз. Жәннатқа жақындататын сөздерді, амалдарды орындауымызға жәрдем беруіңді сұраймыз. Бізге жәннатты нәсіп етіп, тозақ отынан сақта. Амин.
[1] «Әл-Имран»: 133-аят.
[2] «Сахих Муслим» 8 хадис
[3] «Муминун» сүресі 15-16 аяттар.
[4] «Сәжде» сүресі 17-аят.
[5] «Тәубе» сүресі 38-аят.
[6] «Нахл» сүресі 31-аят.
[7] «Фатхул бари» 8\515
[8] «Фатхул бари» 6\320
[9] Табараниде келген Мунзири Тарғиб кітабында хасан деген баға берген 6\285
[10] «Фатхул бари» 8\624
[11] «Фатхул бари» 6\269
[12] «Хаққа» сүресі: 24- аят
[13] «Мұхаммед» сүресі: 15-аят.
[14] «Наууаи шарх Сахихул Муслим» 17\173
[15] «Зухруф» сүресі: 70-аят.
[16] «Фатхул бари» 6\362
[17] «Мажмағ» 10\399
[18] Наууаи шарх Сахихул Муслим 17\170
[19] Наууаи шарх Сахихул Муслим 3\17
[20] Қаф: 34-аят.
[21] Ағраф: 43-аят.