Алла Тағала қасиетті Құран кәрімде: «Намаз оқылып болған соң, жан – жаққа тарап Аллаһтың мол рақымынан (кәсіптерің арқылы) өз ризық – несібелеріңді іздеңдер», – деген.[1]
Құран – адамгершілікті, сүйіспеншілікті, көркем мінез рухани жан тазалығы адал еңбек етумен жақсы өмір сүруге шақырады. Құранда адамның жаратылыс мақсаттары, соның ішінде еңбек етудің міндеттілігі, осы дүниедегі несібесі жайлы дәлелдер көп:«Алланың саған берген дәулетімен ақырет жұртын ізде де, дүниедегі несібеңді де ұмытпа. Алла, саған жақсылық еткендей сен де жақсылық істе, сондай – ақ жер жүзінде бүліншілік ізденбе! Алла бұзақыларды сүймейді», – делінген.[2]
Біздің данагөй бабаларымыздың пайымдауынша, дүниеде адамзат баласы айрықша қадір тұтатын төрт нәрсе бар. Олар адамның ерікті, азат болуы, еңбекпен тер төгіп тапқан мал-мүлкінің өз игіліне айналуы, әр адамның туып-өскен, ата-бабаларынан мұра болып қалған өз Отанының, ғасырлар бойы аманат болып келе жатқан дінінің болуы. Қасиетті Ислам діні де адамдардың азаттықта бақытты өмір сүруін, адал еңбекпен тапқан ырысын нәсіп еткенін, Отаны, діні болғанын қалап, оған құрметпен қарайды. Адамның еңбегіне қарай алатын несібесі жайлы Мұхаммед (с.а.с) пайғамбар да өз хадисінде: «Кім өз қолымен нанын тапса және айналысқан ісінің табысы адал болса, ол адамға жәннат уәжіп», – деген болатын.
Қазақ халқының ұлы ақыны Абай атамыз айтпайды ма «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың. Адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлы боласың»,-деп.Бұл «Адамның жақсысы адамдарға пайда тигізетін адам» – деген.Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с.) хадис- шәрифінің мағынасымен үндесіп тұрған жоқ па? Абайдың айтуынша, әуелі құдайға сиынып, сонан соң өз қайратына сүйеніп еңбек еткен жан ғана нағыз адам болып саналады. Оның «Адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың», – деуі де сондықтан. Ислам діні де еңбектің адам өміріндегі жасампаздық күшінің мол екенін айғақтайды. Оны қасиетті Құран Кәрімнің көптеген аяттарынан айқын аңғаруға болады.Ислам діні негізінен, мұсылмандардың дүние және ақырет үшін адал еңбек етуін талап етеді. Құдіреті күшті Жаратқан Иеміз жер бетіндегі нығметтердің барлығын адам баласының қызығына арнаған ғой. Ол туралы тіпті ҚұранКәрімде: «Расында адам баласын ардақтадық, сондай – ақ оларды құрлықта да, теңізде де көліктендірдік, Әрі оларды жақсы нәрселермен қоректендірдік. Әм оларды жаратқандарымыздың көбінен не құрлым артық жараттық», – деп айтылған. [3]
Ислам діні өмір шындығынан қашқақтамайтын, о дүниені ойлай тұра, бұл дүниенің тұрмыс-тіршілігін күйттеуден алыстатпайтын нағыз өміршең дін болып табылады. Ислам дінінде еңбек қоғам мүшесінің міндеті ретінде қарастырылады. Ал енді Алла Тағала құрметті орынға қойған адам баласына бұл дүниенің нығметтерін пайдаланудың жалғыз жолы дұға жасауы мен еңбек етуі. Яғни, егін еккен адам ғана оны орып, ырыздығын көреді. Жалпы, шариғат бойынша, адал еңбек етудің өзі дұғаның бір түрі. Алла Тағала еңбек етудің маңыздылығын Құран Кәрімде: «Адамзат тек еңбегіне қарай табысқа жетеді. Сөз жоқ, еңбегінің нәтижесін жедел көреді. Соңыра оған қылған еңбегінің бодауы толық беріледі. Күдіксіз соңғы баратын жерің Раббың».[4]
Және де Алла Тағала жер бетіндегі барлық тіршілік атаулыны біздер үшін жаратқанын Құран Кәрімде былайбаяндайды: «Ол сондай, Аллаһ сендерге жерді төсек, аспанды төбе етіп жаратты. Әрі көктен жаңбыр жаудырып, сол арқылы сендер үшін әртүрлі өсімдіктен ризық шығарды».[5]
Тағы да Алла тағала қасиетті Құран Кәрімде:«Аллаһ көктерде және жерде не болса, соның барлығын өз тарапынан бір нығмет қылып сендерге бағындырды. Әлбетте бұнда түсінген ел үшін белгілер бар».[6]
Ал енді осы Құран Кәрімде айтылған Раббымыздың нығметтерін адам баласы тек қана еңбегімен пайдалана алады. Мұсылмандар үшін адал еңбектің өте маңызды екендігін біздің Пайғамбарымыз (с.а.с) да саралап тұрып айтып кеткен. Ол өз хадисінде: «Халал еңбек ету – әр мұсылманға парыз», «Халал табыс табу үшін шыққан адам жиһадта жүрген кісі тәрізді», – дейді.Бұл дүние сынақ, ақырет жолаушылары мұнда қонақ. Адамға бұл жерде азық-түлік және киім-кешек керек. Ал бұлар еңбек етпейінше қолға түспейді. Барлық уақытын ақша табумен өткізген адам да алданады. Әрі ақырет үшін дайындалу керек, әрі дүниедегі қажеттіліктерін де қамтамасыз ету керек. Бірақ, бұларды да ақырет сапары үшін қажет екендігін ойлап табу керек.
Өзінің және бала-шағасының қажеттіліктерін халалдан табу, ешкімге мұқтаж болмау – жиһад болып табылады. Мұның сауабы көптеген ғибадаттардан да артық. Хадис шәрифте: «Бір мұсылман табысын халалдан тауып, ешкімге мұқтаж болмаса және көршілеріне, туыстарына жәрдем берсе, қиямет күні, айдың он төртінші түніндегідей жарқыраған, нұрлы болады», – делінген.
Иса (а.с) бір мүминге:
Қайда жұмыс істейсің? – деп сұраған кезде, мүмин:
Ғибадатпен уақытымды өткіземін, – деп жауап қайтарады.
Жарайды, онда қайда тамақтанасың? – деп сұрағанда,
Бүкіл қажет нәрселерді бауырым береді, – дейді. Сол кезде Иса (а.с):
Олай болса, бауырың сенен де құнды ғибадат жасап жүр, – дейді.
Еңбек етіңдер, табыс табыңдар!
Хазреті Омар (а.с) былай деген:«Еңбек етіңдер, табыс табыңдар, Алла Тағала ризығымды жұмыс істемесем де жібереді демеңдер! Алла Тағала аспаннан ақша жаудырмайды».
Хазреті Лұқман Хакім ұлына насихат берген кезде, «Жұмыс істе, ақша тап! Жұмыс істемей әркімге мұқтаж боп жүрген адамның діні мен ақылы нұқсан болады, жақсылық жасаудан махрұм қалады және бәрі оны жәбірлейді», – деді.
Әулие бір кісіден: Өзі, сөзі дұрыс болған адал саудагердің дәрежесі жоғары ма, әлде түні бойы намаз оқып, күндіз ораза ұстайтын тақуаның дәрежесі жоғары ма? – деп сұралған кезде:Адал, сенімді саудагер қайырлырақ. Өйткені, әр сағатта шайтанмен жиһад етіп жатыр. Шайтан саудада оны алдауға тырысуда, ал ол Алла Тағаланың әмірімен разылығына мән беруде, – деді.
Имам Әузаи хазреттері Ибраһим Әдхам хазреттерінің бір бау отын арқалап келе жатқанын көрген кезде:Неге осыншама қиындық көріп жүрсің? Бауырларың сені ешнәрсеге мұқтаж етпейді ғой, – дейді. Ибраһим Әдхам хазреттері:Олай деме, пайғамбарымыз (с.а.с) хадис шәрифінде, «Ақшаны халалдан табу үшін қиындық көргендерге жаннат уәжіб болады», – деген дейді.
Бір хадис шәрифте: «Өзін басқалардан садақа сұрайтындай дәрежеге түсірген адамды Алла Тағала жетпіс нәрсеге мұқтаж қылады», – делінген.
Олай болса, мұсылман әр алғанын халал ма, харам ба деп ойлауы керек, харам болса алмауы керек. Алған нәрсенін ақысы болғандарға беруді, кедейлерге, мұқтаждарға жәрдем беруді ойлауы керек.Өйткені адамдардың ең жақсысы – адамдарға жақсылық жасағаны. Адамдардың жаманы -адамдарға жамандық қылғаны. Адам тапқанына қанағат ету керек, Алла Тағаланың бергеніне разы болуы керек. Хадис шәрифте «Қанағат еткен адам тояды», – делінген.
Алла Тағала бес нәрсені бес нәрсенің ішіне қойған. Осы бес нәрсені алған адам, ішіндегісіне қол жеткізеді. «Қадірлікті, абыройды ғибадатқа; кедейлікті, жоқшылықты күнәға; ілімді, хикметті көп тамақ жемеуге; айбындылықты, құрметті түнде намаз оқуға; байлықты, ешкімге мұқтаж болмауды қанағатқа бағынышты қылған».
Қорыта айтқанда, мал-мүлік мүминнің жәрдемшісі. Жұмыс істеу керек және халалдан ақша табу керек. Жұмыс істемей мұқтаж болған адам, дінін қолдан жіберіп алуы мүмкін. Дінін сатып нан жемеу үшін маңдай тері арқылы нан тауып жеу керек. Хадис шәрифте айтылғанындай: «Өз еңбегіңмен, маңдай теріңмен тап, дініңді сатып азықтанба!»
Мұсылман адам өзі мен бала-шағасын асырау үшін жұмыс істеуі керек. Адал табыс табу, ешкімге мұқтаж болмау жиһад болып табылады. Бірқатар ғибадаттардан да сауабы артық. Лұқман Хакім баласына насихат айтқанда былай дейді: «Еңбектен, табыс тап! Жұмыс істемей, біреуге мұқтаж болған адамның діні мен ақылы кем болады. Жақсылық жасаудан құр қалады».
Мұсылман дүниені жақсы көргендіктен емес, Алла Тағала еңбектенуді бұйырғандықтан жұмыс істеп, табыс табады. Нәпсіқұмарлық үшін ақша табу және адал нәрсені харамнан айырмау, өзгенің ақысын жеу, оларға қарызын өтемеу дүниеқұмарлық деген сөз.
Алла Тағала бұйырғандықтан еңбектеніп, ақша табу және тапқанын Оның бұйырған жерлеріне жұмсау ғибадат болып есептеледі. Мұсылман дінін зияннан қорғау үшін маңдай терімен табыс табуы керек. Адам тапқанына қанағат етуі тиіс. Алла Тағаланың берген нығметіне риза болуы қажет. Мұсылманның жақсы ниетпен еңбек етуі ғибадат. Бірақ кәпірдің және әртүрлі харамдарды істей беретін адамның еңбек етуі ғибадат болмайды. «Намаздың не керегі бар, еңбек ету де ғибадат», – деп айту мүлдем дұрыс емес. Бұлай айтқан адамның иманы кетеді. Намазын оқып, харамдардан қашатын адамның жақсы ниетпен еңбек етуі ғибадат.Халалданқоректенгісікелгендермынабеснәрсегемәнберуікерек:
1) Ризық соңында жүргенде Алла Тағаланың парыз еткен ғибадаттарын қалдырмау керек.
2) Табыс табу үшін ешкімді ренжітпеу керек.
3) Жұмыс істеу арқылы өзінің және жанұясының намысын қорғауға ниет ету керек.
4) Жұмыс істегенде өзін шамасынан тыс қинамау керек.
5) Жұмыс істеуді ризық үшін бір себеп деп білу керек. Бірақ ризықтың келуін жұмысынан емес, Алла Тағаладан деп білу керек.
Тілімізде тірі жанды тырбанып тіршілік етуге үндейтін мынадай мақал-мәтелдер бар. «Адал еңбекпен мал іздемек арлы адамның ісі». «Бейнет, бейнет түбі – зейнет». «Еңбек етсең – емерсің». «Маңдайы терлемегеннің қазаны қайнамайды».
Берекесі кеткен ауылдың
Айтқаны өсек болар,
Аңдығаны төсек болар.
Берекесі кірген ауылдың
Айналдырғаны шаруа болар,
Еккені тары, жегені жарма болар.
Осы айтылғанның барлығы асыл дініміздің мұраттарымен сай келеді. Ислам адамзатты алдымен Құдайға иман келтіруге, сосын сол иманның аясында ізгі жұмыс істеуге шақырады. Адал еңбекпен несібесін айыру пайғамбарлардың дағдысы. Әрбір пайғамбар өз еңбегімен табыс тауып, күнелткен. Иманды жанды адал еңбек етуге үндейтін төмендегідей хадистер бар.
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.а.с.): «Кәсіптің ең қайырлысы ықыласты жұмысшының қол еңбегі», – деген.
Хазіреті Омар да (р.а): «Сіздердің біреулеріңіз көктен алтын және күміс жаумағанын көре тұра, «О, Аллаһ, мені ризықтандыр деп ризығын іздеместен отырмасын», – деп еңбек етудің маңыздылығын, құр қол қусырып отырмау қажеттілігін айтып кеткен. Ал енді мұсылмандардың мәртебелі міндеттері мен парыздарының ең ізгілері адал жолмен тапқан таза киімді кию, адал жеп, ішу, ілімді үйренуге ұмтылу, бір күндік тамағы жоқ кісіге садақа беру, жетімнің малын жемеу, адал еңбек ету, отбасын адал еңбек етіп, адал өмір сүруге тәрбиелеу.
Ислам табыстың негізгі көзі сауда екендігін де айтып өткен. Пайғамбарымыз (с.а.с) бұл жайында былай дейді: «Ырыстың онда тоғызы сауда мен диқаншылықта. Қалғаны мал асырап сатуда». Демек, сауда жасау – маңызды кәсіп. Жақсы саудагерлер жайында Пайғамбарымыз (с.а.с) былай деген: «Ең таза және адал табыс – сауда жасайтындардың табысы. Олар сөйлеген кезде өтірік айтпайды, өздеріне бір нәрсе аманат еткен кезде аманатқа қиянат жасамайды. Уәде берсе уәделерінен таймайды, сатып алған кезде затты жамандамайды, сатқан кезде оны орынсыз мақтамайды, қарызданған кезде қарыздарын кешіктірмейді. Алашақ болған кезде қиындық тудырмайды».
Пайғамбарымыз (с.а.с) «Бір замандар келеді, адамдар тек мал – мүліктің, ақшаның келуін ойлап, халалын, харамын ойламайды», – деген.
Алла Тағала баршамызға адал еңбек етумен өз разылығына бөленуімізді нәсіп етсін. (Әмин)
[1] «Жұма» сүресі 10-аят
[2] «Қасас» сүресі, 77-аят
[3] «Исра» сүресі, 70-аят
[4] «Нәжім» сүресі 39-42 аяттар
[5] «Бақара» сүресі, 22-аят
[6] «Жасия» сүресі, 12-аят
Асылхан қажыДанияров,
ОҚО, Шардара ауданы «Шардара» орталық
мешітінің бас имамы