Қасиетті Рамазан айында белгілі кәсіпкер, аудандық Қажылар қауымдастығының төрағасы Дәулет қажы Өзденбаев қайырымдылық іс жасады. Қайырымдылықтың басын – биылғы жылы зейнеткерлікке шыққан Дәукең алғашқы зейнетақысын аудандық мүгедектер қоғамына аударудан бастады. Ал, кешегі күні мүмкіндігі шектеулі және тұрмысы төмен қырық отбасыға ұн таратып берді. Мүгедектер бірлестігінің қызметкері Меруерт Шырынбекова:
Дәулет ағай мұндай қайырымдылық шараларын жылда өткізеді, бірақ бұл жолы жария садақа деп жұртқа көрсетіп істеп жатыр. Мен қазір біздің аудандық мүгедектер бірлестігінде есепте тұратын 10 азаматты әкеліп, ұн алғызып жатырмын. Жасаған жақсылығы Алладан қайтсын деп тілейміз, – деді.
Дәулет қажы Өзденбаев осы кешке тағы да 130 адамға ауызашар дастарханын жайып, жұртшылықтың батасын алды. «Тұран» дәмханасында өткен сауапты тірлікке қатысқан аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бауыржан Шомпиев кәсіпкер азаматқа аудан басшысының атынан алғыс айтты.
Тәуелсіздіктің арқасында қасиетті дініміз ортаға оралып, ел имандылық жолына бет бұрды. Азаматтарымыз қажыға жиі барып, ауданымызда мешіт үйлері көптеп салынып жатқаны да сол егемендігіміздің арқасы деп білуіміз керек. Біздің міндетіміз – осы тәуелсіздігімізді баянды ету, халықтың ынтымақ-бірлігін сақтай отырып, мәңгілік ел болу. Жұртты ауызбірлікке ұйытып, бауырмалдыққа шақырып, ауызашар беріп жатқан Дәулет ағамыздың еңбегін ел біледі. Өзге азаматтарға үлгі болатындай қайырлы іс жасап жүретін Дәукеңнің жұмысына береке, деніне саулық тілейміз, – деді Бауыржан Шомпиев.
Дастархан басында Қараман қажы Қойайдаров, Қанай қажы Боранбаев, Ислам қажы Омаров, ардагер ұстаз Жамал Төлешова, ел ағалары Бәкір Қалмырза, Зәкірхан Талбидин, Ерғали Қарымсақов, Бақытжан Серманизов, және басқа да азаматтар имандылық хақында әңгімелер қозғады. Аудан имамы Асылхан қажы Данияров пен Әбу Мәнсұр әл – Мәтуриди мешітінің бас имамы Нұршәріп Шәдекұлы оразаның қадір – қасиеті жайында уағыз айтып, кеш соңында ата – баба рухтарына құран бағыштады.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.