Kim imamga uisa kiragaty

Kim imamga uisa kiragatyӘр адам жеке намаз оқыса, «Фатиха» мен қосымша сүрелерді өзі оқитыны белгілі. Ал жамағатпен намазға тұрғанда, алда тұрған имам ғана оқып, басқалары соған ұйыды. Осыған қатысты бірқатар хадистерді келтіре кетсек.

Әбу Ханифа (р.а.) Мұсадан, ол Абдулла ибн Шаддадан, ол Жабир ибн Абдулладан риуаят етеді: «Расулулла (с.ғ.с.): «Кім имамға ұйыса (иқтида етсе), имамның қырағаты оның қырағаты болады», – деді». Бір риуаятта: «Бір кісі Расулулланың (с.ғ.с.) артында қырағат қылды. Пайғамбарымыз оны бұдан қайтарды», – делінген. «Расулулла (с.ғ.с.) адамдармен намаз оқыды. Артында бір кісі қырағат қылды. Расулулла (с.ғ.с.): «Менің артымда кім қырағат қылды?», – деп сұрады. «Мен оқыдым, я Расулулла», – деді бір кісі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кім имам артында намаз оқыса, имамның қырағаты, оның да қырағаты болады», – деді». Яғни бұдан түсінетініміз: жамағат намазына тұрған кісі ниет айтып, «Аллаһу Акбар» деп екі қолдың бас бармақтарын құлақтың жұмсақ жеріне тигізіп, оң қолды сол қолдың үстіне қойып, кіндіктің сәл астына байлаған соң, «Сана» дұғасын оқиды да, «Ағузу билләһи минәш шайтанир ражим. Бисмилләһир рахмәнир рахимді» іштен оқып, имам «Фатиха» және зам сүрелерін оқығанда үнсіз тыңдауы керек. Тағы бір жағдай: кейде намазда тұрған уақытта «Бисмилләні» дауыстап адам ести-тіндей етіп жататындар бар. Негізі бұл да іштей оқылуы керек. Өйткені Имам Ағзам Әбу Ханифа «Муснад» кітабының 99 хадисінде: «Әбу Ханифа (р.а.) Хаммоддан, ол Анасдан (р.а.) риуаят етеді. Аннас айтты: «Хазреті Пайғамбар (с.ғ.с.), хазреті Әбу Бәкір (р.а.) және хазреті Омар (р.а.) «Бисмилләні» дауыс шығарып оқымас еді», – дейді. Осы секілді кейбір қателіктер негізінен қазіргі уақытта мәзһабты мойындамай, сүннетпен жүреміз дейтін бауырларымыз тарапынан орын алып жатқанын айта кету керек. Бұдан бөлек, олар сәждеге барған уақытта бірінші тізені емес, үзірсіз әдейі екі қолды жайнамазға қойып, содан соң барып қана екі тізені жерге тигізеді және сәждеден тұрарда екі қолын жайнамазға тіреп, екі тізесін бірінші көтеріп, сосын барып қолдарын көтереді. Бұл да дұрыс емес. Өйткені «Муснад» кітабында Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бұл жайында айтып өткен. Әбу Ханифа (р.а.) Асымнан, ол атасынан, ол Уәйл ибн Хижрадан риуаят еткен хадисте: «Хазреті Пайғамбар сәждеге бара жатқанда тізелерін қолдарынан бұрын қояр еді. Сәждеден тұрып жатқанда қолдарын тізелерінен бұрын көтерер еді», – деген. Имам Ағзам Әбу Ханифа осы хадиске сүйенген.

 

ПОЛАТОВ Еркін қажы Тұрғынұлы,
Қазығұрт ауданының бас имамы,

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38