Алла Тағала адам баласын бүкіл жаратылыстардан үстем қылып, ерекше қылуының бір көрінісі – ұятты жерін жабуды әмір етуінде. Алла Тағала:
يَا بَنِي آدَمَ قَدْ أَنزَلْنَا عَلَيْكُمْ لِبَاسًا يُوَارِي سَوْآتِكُمْ وَرِيشًا ۖ وَلِبَاسُ التَّقْوَىٰ ذَٰلِكَ خَيْرٌ ۚ ذَٰلِكَ مِنْ آيَاتِ اللَّهِ لَعَلَّهُمْ يَذَّكَّرُونَ
(Әй, адам баласы! Ұятты жерлеріңді жабу үшін киім және сәндік-бұйым түсірдік. Негізінде тақуалық киімі жақсы. Солар Алланың белгілері. Әрине, түсінерсіңдер.)[1]
Негiзiнде, ұят адамзатқа тән игi қасиет, еркектердiң де, әйелдердiң де ұятты жерлерін жауып жүрулерi адамгершiлiк қасиеттерінің белгісі болып табылады. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисiнде: «Әрбiр дiннiң мiнезi бар. Исламның мiнезi, ол – ұят», – десе, тағы бір хадисте: «Ұят пен иман бiр-бiрiмен өте тығыз байланыста. Егер бiреуiн алып тастаса, екiншiсi өзi кетiп қалады», – дейді.
Мұсылман үшін ұятты жерін бөгде адамдардан жасыру – парыз. Алайда Құран аятында келгендей адамның ең бірінші киімі ол тақуалық киімі. Тақуалық киімі адамды күнә жасаудан, шайтанның қармағына түсуден сақтайды. Ислам дініміз таза әрі жарасымды киім киюді бұйырады. Ұлық болған ғалымдардың өзі адамдар алдында көркем, жарасымды киімдермен шығатын. Өйткені Ислам осыған меңзейді. Алла Тағала Құран Кәрімде:
(Мұхаммед Ғ.С.): «Алланың құлдарына көркем етіп шығарған нәрсесін (киімін) және берген жақсы несібелерін кім арам етті» де. «Бұл несібе дүние тіршілігінде иман келтіргендер үшін. (Алайда, кәпірлер де ортақ) Қиямет күні мүміндерге ғана» де. Білген елге аяттарды өстіп түсіндіреміз.)[2]
Сондай-ақ, Алла Тағала мұсылмандарға Алланың үйі мешітке барғанда сәнді, жарасымды киім киюге әмір етеді. Құранда Алла Тағала:
(Әй, адам балалары! Әрбір құлшылық орнында зейнеттеріңді алыңдар (киініңдер). Және жеңдер, ішіңдер де ысырап етпеңдер. Күдіксіз Алла ысырап етушілерді сүймейді.)[3]
Әрбір мұсылман үшін жас болсын, кәрі болсын Алла Тағаланың берген нығметінің әсерін өз бойында көрсетуі тиіс. Амру ибн аш-Шуғайбтан жеткен хадис бойынша Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтты: (Шын мәнінде Алла Тағала өзінің нығметінің әсерін құлының бойында көргенін жақсы көреді.)[4].
Дегенмен, киім кию сәнге айналып кетпегені ләзім. Бұл үрдісті де, өкінішке орай, кейбір мұсылмандардың бойынан байқауға болады. Өзара киім киюдегі бәсекелестік ақыры – біздің заманымызда адаммен киген киіміне қарап сөйлесетін дәрежеге жетті. «Адам көркі шүберек», демекші, сәнді сапалы киінуге ешкім тыйым салмайды, алайда сол киімінен тәкәппарлықтың лебі сезілмеу керек. Егер адамдар киген киімімен мақтанып, басқа адамды төмен сападағы киім кигені үшін менсінбей, өзін жоғары ұстайтын болса, сол надандық дәуірдегі адамның күйін кешеді.
Алайда кейбір жат ағым өкілдері хадистерді тікелей түсініп, «балақтарының тобықтарынан түскенін тозақтық», «Алланың қаһарына ұшыраймыз» деп кертартпа пікірлер таратуда. Балақ қысқарту мәселесі Шариғатта негізгі мәселеге кірмейді ол жеке адамның атқарылуымен жүзге асады. Дегенмен, бұл тақырыпты өзекті тақырыпқа айналдырып, уағыздарда адамдарға қатаң ескертулер айтып, оны орындамаған адамдарды діннің бір маңызды негіздерін орындамағандай көреді. Сол себепті осы мәселе төңірегінде кеңінен шарықтағанды жөн көріп отырмыз.
Ұзын етекті (балақты) киім киюдегі ниет: Мухаммад Абуссалам әл-Қуаири өзінің «Фаслул Хитаб фи масалати исбали әс-сияаб» кітабында Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистерінде киім мәселесінде «изар» сөзі жиі қолданылады. Жалпы қолданыстағы мағынасы адамның белінен төменгі бөлігін орайтын матаның түрін айтады. Ауыспалы мағынада «изарына бекем» деп, айтылса ар-ұятын сақтай білген адамды меңзейді. Қазіргі уақытта Самали, Джиботи, Иемен және көптеген араб мемлекеттерінде ұлттық киім түріне айналған. Сол секілді Индонезия, Малазия елдерінде де танымал.
Ұзын киім жайында Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көптеген хадистерінде келген. Имам Мәліктің «Муата» кітабының «киімдер бөлімінде» Абдолла ибн Омардан (Алла оған разы болсын) жеткен хадис бойынша Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтты: «Киімін тәкаппарлықпен сүйреткенге Алла Тағала Қиямет күні қарамайды»[5]басқа бір хадисте: «Кімде-кім менменшілдіктен изарының етегін сүйрететін болса Алла Тағала оған Қиямет күні қарамайды»[6]. Басқа сахих хадисте: «Изардың тобықтан төмен түскені Тозақта»[7]деп келген. Осы хадистерді сөзбе-сөз түсінген уахабизм ағымындағы тұлғалар «егер балағымыз тобықтан түссе тозақтық екенбіз деп, балақтарын балтырдан кесіп хадиске амал жасадық деп пайымдайды. Олардың діни ұстанымдағы негізгі қателіктері де осы кез келген дәлелді тура мағынасында қолдануында. «Изардың тобықтан төмен түскені Тозақта» деген хадиске келетін болсақ, ең алдымен, адамда ой тууы мүмкін Алла Тағала адамды шалбарының тобығынан бір елі түскені үшін азаптай ма деген. Сол үшін осы тақырыптарға байланысты басқа да хадистерді іздеп тауып толық сипат алған дұрыс:
وَعَنْ ابْنِ عُمَرَ قَالَ : قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ : مَنْ جَرَّ ثَوْبَهُ خُيَلَاءَ لَمْ يَنْظُرْ اللَّهُ إلَيْهِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ ، فَقَالَ أَبُو بَكْرٍ : إنَّ أَحَدَ شِقَّيْ إزَارِي يَسْتَرْخِي إلَّا أَنْ أَتَعَاهَدَ ذَلِكَ مِنْهُ ، فَقَالَ : إنَّك لَسْت مِمَّنْ يَفْعَلُ ذَلِكَ خُيَلَاءَ
Абдуллаһ ибн Омардан риуаят етілген мына хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алла Тағала тәкаппарланып киімін жерге сүйреткен кісіге Қиямет күні қарамайды (рақымдылық көрсетпейді)» деген. Мұны естіген Әбу Бәкір: «Менің изарымның бір жағы егер қадағалап көңіл бөлмесем төмен түсіп тұрады», – деп сауал тастады. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Ей, Әбу Бәкір! Сен оны тәкаппарланып істейтіндерден емессің ғой», – деп жауап берді[8].
Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Әбу Бәкірге берген жауабынан хадистегі шалбардың ұзындығын тобықтан асыруға қатысты тыйымның жалпы тыйым емес, тәкаппарлыққа қатысты екенін түсінеміз. Сол кездегі надандық дәуіріндегі арабтар өзінің атақ-абыройын көрсету үшін етегі жер сүйреген киімдер киген, сонысымен олар масаттанып басқалардан өздерін жоғары ұстаған. Киімдерінің жерге салбыраған тұсынан кедей-кепшікке киім тігуге жетерліктей ысырапшылдыққа барған. Яғни, бұл жердегі тыйым балақтың ұзындығында емес сол балақты ұзын қып киюге итермелеген тәкaппарлық қасиетте. Өйткені Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мүбәрак хадистерінде келгендей тәкaппарлық адамды Тозаққа апаратын амалдардан:
«Кімде-кімнің жүрегінде тозаңдай өркөкіректік болса, ол кісі Жұмаққа кірмейді», – деді. Сонда бір адам: «Әркім өзінің киімі мен аяқ киімінің әдемі болғанын қалайды (бұл да тәкаппарлыққа жата ма?)», – деп сауал тастады. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алла Тағала көркем, көркемдікті жақсы көреді. Тәкаппарлық ол – ақиқатты мойындамау әрі өзге адамдарды менсінбеу», – деп жауап қайырды[9]. Басқа бір хадисте: «Ысырапқа және паңданып, тәкаппарлануға жол берместен ішіп-жеңдер, киініңдер әрі садақа беріңдер!». Тағы бір хадисте: «Үш кісіге Қиямет күні Алла Тағала қарамайды. Біріншісі, не нәрсе берсе де сонысын міндетситін кісі, екіншісі, сауда затын өтірік антпен өткізген адам, ал үшіншісі, киімінің етегін төмен түсіріп (сүйретіп) киген кісі» , – деген.
Жоғарыдағы хадистерден көріп отырғанымыздай көп жағдайда хадистер мына екі сөзбен тікелей байланысты «خيلاء»، «بطرا» «хуяла», «батаран». Бұл сөздер араб тілінде тәкaппарлық, менменсіну деген мағыналарды білдіреді. Яғни, бұл жерде адамның Тозаққа лайық болатындай әрекеті ол балағын ұзартқанында емес соны ұзартып тәкаппарланғанында. Қазіргі кездегі кейбір жастардың атақты брентті фирманың киімін киіп басқалардың алдында мақтанып тәкапарланғанындай.
Ал Бұхари, Мүслім хадистер жинағында келген «изарды тобықтан түсіріп кию ол тозақтық» деген мағынадағы хадистің нақты не нәрсені харам ететіні жөнінде келесі хадистерде келген сөздер «خيلاء»، «بطرا» «хуяла», «батаран» сөздері хадистан шығаратын үкімдерді ықшамдап, негізгі мақсат етілген мағынасын баяндайды. Бұған дәлел мұсылмандардың атақты ғалымдарының бірі Қади Иаадтың сөзі, ол кісі былай деп айтты: «Ислам ғалымдары бірауыздан киім киген кезден ұзындық, көлем жағынан қажеттіліктен артық киінуді макруһ санаған»[10].
Мұсылмандардың атақты тәпсір ғалымы Қуртуби изар мәселесі жайында былай деп айтады: «Басқа хадистерде келген «тәкаппарлана сүйреу» деген сөз аталған хадистің негізгі мағынасын ашып, адамның ешбір тәкаппарлық сезім танытпай киімді сүйрете киюі Алланың қатаң ескерту аясына кірмейді[11]».
Жоғарыда келген хадистерді ықшамдай келе, Бұхариде келген мына хадиске үңілсек:
عَنْ أَبِي بَكْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ خُسِفَتْ الشَّمْسُ وَنَحْنُ عِنْدَ النَّبِي صَلَّىَ اللهُ عَلَيْهِ وَسَلّمَ فَقَامَ يَجُرُّ ثَوْبَهُ مَسْتَعْجِلًا حَتَّى أَتَى الْمَسْجِدَ وَتَابَ النَّاسُ فَصَلَّى رَكْعَتَيْنِ فَجَلَّي عَنْهَا
Әбу Бәкірден (оған Алла разы болсын) риуят етеді. Әбу Бәкір: «Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) заманында күн тұтылды. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сол күн тұтылған кезде киімін сүйретіп үйінен мешітке шықты. Адамдар мешітте жиналған соң екі ракағат намазды бірге оқыды, сосын күн ашылды».[12]
Бұл хадис турасында имам Асқалани «Фатхул Бари» кітабында: Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл әрекетінен ұзын киімді тәкаппарлық мақсат болмаса киюге болатынын айтқан[13].
Сол секілді бұл хадис турасында Бадруддин әл-Айни «Умдатул Қари» деген кітабында: Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) күн тұтылған кезде асыққан күйде намазға киімін сүйретіп шығуы егер тәкаппарлық ниетпен болмаса рұқсат екенін меңзейді.[14]
Мардауидің «Инсаф» кітабында: киімді тәкаппарлық мақсатта емес қажеттілік үшін ұзын жіберуге болады, бұл Ханбали мазһабында құпталған әрекет.[15]
Қорыта келе, балақтың тым ұзын болуы нәжіс, кір-қоқыс жинауға апаруы мүмкін ол ғалымдарымыз айтқандай мәкруһ амалдардан. Ал балақ қысқарту және оны жасамаған адамға Тозақтық деп үкім беру нағыз надандықтың белгісі, өйткені жоғарыда айтқанымыздай мата сол заманның қол жетпес құнды заты болатын. Сол үшін сол уақыттағы байлықтың межесі матаның ұзындығымен өлшенетін. Қазіргі кезде денеге жабатын мата тапшы болмағанымен соны жасаушы фирмалармен мақтан тұтатын адамдар аяқ киімімен, қолындағы сағатымен қалтасындағы телефонымен мақтанатындар кездеседі бұл да тәкаппарлықтың белгісі. Қазіргі заманда, керісінше, балақ қысқартып аяқтарын алшаң басып мешітке келетін кейбір бауырларымыздың бойынан осындай тәкаппарлық байқалады.
Алла бізді шаңның түйіріндей болсын тәкаппарлықтан сақтасын!
Хамзат Қажымұратұлы
СҚО, «Қызылжар» орталық мешітінің ұстазы