Бүгін Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі басталды. «Діни лидерлер қауіпсіз әлем үшін» тақырыбында өтетін съезге саяси қайраткерлер мен халықаралық ұйым өкілдерінен құралған 46 елден 82 делегация қатысады.
Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев съезд жұмысын бастады.
«Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Астана съезінің идеялары мен бастамаларына тұрақты қолдау көрсетіп, оның жоғарғы басқарушы органдары діни көшбасшыларының кеңесінің жұмысына қатысып отырғандарыңыз үшін баршаңызға алғысымды білдіремін. Кеңесіміздің жоғары және беделді құрамы өркениет аралық және дінаралық ынтымақтастықтың жаңа идеяларын ілгерілетіп, түпкі мақсаты қоғамдар мен мемлекеттердегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуды көздейтін іс-шараларды іске асыру бағдарламаларын әзірлеуі қажет. Тұтастай алғанда дінаралық қатынастардың қарқынды дамуы съезд және оның кеңесі қызметінің басты жетістігі болып табылады. Атап айтқанда форум дінаралық саммиттің негізгі қатысушыларының өзара пікір алмасудағы ерік-жігерін олардың бір-біріне деген сенімімен бірлесіп, іс-қимыл жасау кезінде орын алатын мәселелерге қатысты ортақ көзқарасын қалыптастырады. Сіздердің қоғам алдындағы игзі қызметтеріңіздің арқасында рухани әлем мен діни дәстүрлер қалың жұртшылыққа кеңінен таратуда», деді Сенат Төрағасы.
Жер жаһанда болып жатқан шиеленістерді шешуге мүдделі VI съезд төрт негізгі бағыт бойынша өтеді:
«Әлем. ХХІ ғасыр манифесі» жаһандық қауіпсіздік тұжырымдамасы ретінде»;
«Құбылмалы геосаясат жағдайындағы діндер: адамзатты біріктіруге арналған жаңа мүмкіндіктер»;
«Дін және жаһандану: сын-тегеуріндер мен жауаптар»;
«Дін көшбасшылары мен саяси қайраткерлер экстремизм мен терроризмді еңсеру жолында».